Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген бірқазанды құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданы Белоусовка ауылында Қызыл кітапқа енген құс табылған. Полицейлер оны Өскемен қаласындағы ветеринарлық клиникаға тапсырды.
Полицияға хабарласқан тұрғын ауыл көшелерінің бірінде ерекше құсты кездестіргенін айтты. Өз сөзінде қанаттының біраз уақыттан бері қозғалыссыз отырғанын, көмекке мұқтаж болуы мүмкін екендігін жеткізген. Тәртіп сақшылары дереу аталған мекенжайға жол тартты.
«Учаскелік инспектор Еркебұлан Мұратұлы бірқазанды қарап шығып, Өскемен ветеринарлық клиникасының мамандарын шақыртты. Дәрігерлер келіп жеткенге дейін полиция қызметкері жараланған құсты аш жүрген қаңғыбас иттердің шабуылынан қорғаған. Көп ұзамай Қызыл кітапқа енген құс білікті мамандардың қолына тапсырылды», делінген ақпаратта.