Жақында Нұрсұлтан Назарбаев белсенді даму үстіндегі республиканы басқа көршілес «стандармен» шатастыруды болдырмау үшін Қазақстан атауын «Қазақ Елі» атауына ықтимал ауыстыру туралы мәселені талқылауды ұсынды. Мәселен, соғыстан көз ашпаған Ауғанстанмен шатастырмас үшін де бұл жайттың көкейкесті болып табылатыны күмәнсіз. «Уақыт өте келе еліміздің атауын Қазақ Елі деп атау туралы мәселені қарастыру қажет болуы ықтимал», деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Атыраудағы Зияткерлік мектепке барған кезінде. Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да былай деп қосты: «Бұл мәселені міндетті түрде халықтың талқысына салу қажет». Осылайша, Қазақстан басшысы өз елін қуатты өңірлік держава ретінде танытқысы келіп отыр және оның бұл жаңа идеясы егжей-тегжейлі зерделеуге лайық екені еш күмән туғызбайды.
Сонау 2006 жылдың қыркүйек айында-ақ маған АПН.кз-нің беттерінде «Бұл жай ғана «стан» емес» деген тақырыпта сұхбат беруіме тура келген еді. Онда батыс БАҚ-тары және тіпті, әлемдегі бірқатар жетекші державалар басшылары бес Орталық Азия еліне (олардың ішінде экономикалық және саяси тұрғыдан өте түрлі деңгейдегі елдер – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) соншалықты бір айырмашылықсыз қарайтыны туралы айтылған болатын. Осы арада атап көрсететін бір жайт, тіпті, АҚШ Конгресі құжаттарының өзінде Орталық Азияға қатысты «бес стан» делініп келетін менсінбеушілік көзқарас жиі кездесетіні таңғалдырмай қоймайды. Осылайша, Орталық Азия мемлекеттері экономикалық модельдерінің ерекшеліктері, саясаттағы өзгешеліктері, этностық және діни құрамдастары толықтай еленбей келеді. Қысқасы, Батыс үшін бұл елдердің бәрі жай ғана «стандар»! http://www.apn.kz/opinions/article6009.htm
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық инвестициялар ағынына қатты кедергі келтіріп, «Қазақстанның» әлемдік аренадағы табысты ел ретіндегі брендін жуып-шайып кетіп отырған осы мағынасыздықты баяғыда-ақ байқаған (әлеуметтанушылардың деректеріне сәйкес, әлемдік рейтинг бойынша «Нұрсұлтан» супер-бренді «Қазақстан» ұлттық брендінен айтарлықтай озық тұр – міне, бұл нағыз ойланатын-ақ мәселе!). Бірақ Елбасы өзінің идеясымен енді ғана, халыққа жаңа Жолдауын жариялағаннан кейін бөлісіп отыр. Жолдауда елге ХХІ ғасырда «мүмкіндіктер терезесін» пайдалана отырып, жаңғырту секірісін жасау қажеттігі» көлденең тартылады. Және осы аса маңызды мақсатқа қол жеткізу үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет.
Айтқандайын, БАҚ-тың қуатымен «жаһандық ауылға» айналған қазіргі әлемде көптеген елдер атауларын өзгерту туралы ойлану үстінде. Мәселен, тұрақты да аса орнықты Чехия өзін Чечнямен шатастырғанды қаламаса, ал көршілес Словакия бірдей естілетін, бірақ әл-ауқаты айтарлықтай төмен Словениямен «ақпараттық ажырасуды» талап етеді. Мұндай мысалдарды тағы көптеп келтіруге болар еді.
Менің көзқарасымша, «Қазақ Елі» деген тұжырымдама өте ұтымды көрінеді. Бірақ, бұл – сыртқы бақылаушының – Қазақстан Республикасындағы саяси үдерістерді он жылдан астам уақыттан бері мұқият зерделеп келе жатқан халықаралық сарапшының пікірі. «Қорытындысында елдің атауын өзгерту туралы мәселені қазақстандықтармен кеңесе отырып шешу керек», деп атап өтті Н.Ә.Назарбаев.
Юрий СОЛОЗОБОВ,
саясаттанушы, Ресей Федерациясы
Ұлттық стратегия институтының халықаралық
бағдарламалар бойынша директоры.