«Әлеуметтік желілердегі шағымдарға байланысты әрекет ету үшін» зейнеткерді видеоға түсірген Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ыбыраев тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz аймақтық Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Баянауыл ауданында Егіндібұлақ ауылын қар басып қалған. Жергілікті тұрғын Майя Манашева қар басқан ауласын видеоға түсіріп, туыстарына жіберген. Кейін видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Оның артынан желіде әйел адамның кешірім сұрағаны түсірілген тағы бір видео тарады.
Кейін аудан әкімдігінде болған жағдайға қатысты түсініктеме берді: ауыл әкімі Самат Ыбыраев әйел адамға көмекке мұқтаждығын білу үшін келген.Ол аудан әкімінің әлеуметтік желілердегі шағымдарға байланысты әрекет ету туралы тапсырмасын орындау үшін зейнеткерді видеокамераға түсіргенін түсіндірген.Майя Манашева шағымы жоқ, көмекке мұқтаж емес екенін, әлеуметтік желіде видеоны кімнің жариялағанын білмейтінін айтты.Ал Баянауыл ауданының әкіміне қоластындағы адамның әрекеті үшін кешірім сұрауға тура келді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаментінде ауыл әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталғаны жайлы хабарлады.
- Қазіргі уақытта ауылдық округ әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалды. Сол бойынша қызметтік тергеу жүргізетін боламыз. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Егер жауапты адамның кінәсі расталса, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тәртіптік нормаларды бұзғаны үшін жасалған теріс қылықтың ауырлығына байланысты ескертуден бастап жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік жауапкершілік көзделген, - деп нақтылады ведомствода.