• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2021

Оралда «Атамекен» өнер ордасы ашылды

1544 рет
көрсетілді

Бүгін Орал қаласында «Атамекен» өнер ордасы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде әлеуметтік салада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес көптеген іс-шаралардың қолға алынып жатырғанын атап өтті.

«Соның ішінде «Атамекен» өнер ордасының ашылуы – елдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. Алыстан қарағанның өзінде жүрегіңді баурап алатын осындай еңселі ғимараттың бой көтеруі – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Егемендіктің арқасында қазақтың салты да, дәстүрі де қайта көтерілді. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы сынды көрікті ғимараттар салынды. Мұның бәрі - елдіктің, бірліктің арқасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, халқымыз қолдап, бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі.

Жуырда Қасым-Жомарт Кемелұлы өнері өркендеген елдің озатыны жөнінде атап өткен болатын. Осындай өнер ордасы арқасында елдің рухы көтеріледі, намысы асқақтай түседі», деді Е.Тоғжанов.

Ақ Жайықтың зиялы қауым өкілдері атынан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева сөз алды.

«Александр Затаевичтің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегеніндей, бүгін барша Ақ Жайық өңірі ән салып тұрғандай. Осы жерде ұлы Құрманғазы күйшінің ізі жатыр. Егер Құрманғазыға еуропалық білім берсе, Бетховен, Паганинилермен қатар тұрар еді-ау деген сөздерді тыңдадық. Егемендіктің арқасында ұлы дала ұл-қызының даусын күллі әлем естіді. Кемеңгер жазушымыз Әбіштің айтқанындай, қазақтың Венасы атанған Оралда осындай салтанатты өнер орталығының ашылуына жеттік. Бүгін – талай адамның арманы орындалған күн», деді А.Бақтыгереева.

«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую жұртшылықты Оралда осындай мәдениет сарайының ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін меймандар «Атамекен» өнер ордасына кіріп, зал, бөлмелерімен танысты. Көрермендер Айман Мұсақожаева, Біржан Хасанғалиев, Дина Хамзина және басқа өнер майталмандары қатысқан «Асқақ Атамекен» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.

«Атамекен» өнер ордасы «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялары есебінен салынды. Құны – 9,5 млрд жуық теңге. Бас мердігері – «Альтаир» ЖШС. 20 мыңға жуық шаршы метрді алып жатқан үш қабатты ғимараттың акт залы 926 адамға есептелген. Бұдан басқа көрме залы, жиналыс өткізетін, сондай-ақ конференц-зал да бар. Тағы бір ерекшелігі, сахна 360 градусқа бұрылады. Онда оркестр отыратын арнайы орын да бар.