• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2014

Мұндайда көп абыржып қажеті жоқ

267 рет
көрсетілді

Ұлттық банктің теңге бағамын 1 долларға 185 теңге деп белгілеуі ба­ғамында кейбір валюта­ айырбастау пункттерінің осыдан пайда тауып қалсақ дегендей тәбеттерінің ашыла түсуіне әсер еткендей. Редакцияға келіп түскен алғашқы хабарларға қа­ра­ғанда, Алматы және Аста­на қалаларындағы кейбір ақша айырбастау пункттері доллардың құ­нын 210-215 теңгеге дейін шарықтатқандығын естідік. Мұндай жағдайда халық не істеуі керек? Осын­дай сұрақпен телефон арқылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономика факультетінің деканы Серік МАҚЫШТЫ әң­гімеге тарттық. – Секе, қаржы рыно­гын­дағы әңгімені естіп жатырсыз. Не дейсіз? – Теңгенің бағам өзгертуі Қазақстан үшін жаңалық емес. Егер есіңізде болса, осыдан 15 жыл бұрын болған Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қаржы дағдарысына байланыс­ты Ұлттық банкіміз осындай шараға барған болатын. 1999 жылы ұлттық валютамыздың бағамын босату кезінде 1 сәуір күні 1 доллардың құны қалыптасқан 87 теңгеден 130 теңгеге дейін өсіп шыға келген болатын. Ал қара базарда ол тіпті 200 теңгеге дейін шарықтап кеткен еді. Мұнан кейін 2009 жылы ақпан айында теңге бағамы тағы да босатылды. Міне, сол кездері де халық арасында дәл бүгінгідей жағдай туындап, адамдардың біраз бөлігі ақша айырбас­тау пункттеріне жүгіріп, доллардың шарықтауына әсер еткен болатын. Жалпы, мұндайда рынокты бірінші кезекте көңіл күйдің билеп алатындығы түсінікті. Демек, бірінші кезектегі міндет халықты сабырға шақыру керек. Өйткені, жағдай қалыпқа түсетіндігі анық. – Теңгені босату қажетті шара ма еді? – Әрине, жалпылай алған­да мұның себебі түсінікті. Ұлттық банк осы уақытқа дейін теңгенің тұрақты бағамын ұстап тұру үшін рынокқа жинақталған долларларды тас­тап келді. Егер жағдай осылай созыла берсе, онда еліміздің алтын-валюта қоры азая беретіндігі анық. Сондықтан Ұлттық банк осындай шараға баруды қажет деп біледі. – Халыққа не айтасыз? – Халыққа, яғни қарапайым адамдарға мұндай жағдайда көп абыржып қажеті жоқ. Өйтпеген жағдайда қаржы алаяқтығына тап болып, теңгенің бағамын жаңадан белгіленген мөлшерден әрі орынсыз көтеріп жатқан ақша айырбастау пункттеріне жем болып қалуы мүмкін. Ұлттық банк теңгенің жаңа бағамын 1 долларға 185 доллар плюс/ми­нус  3 теңге деп белгіледі ме, енді ол осы шаманы ұстайтындығы анық. Демек, жағдай көп өтпей қалпына келеді де еліміздің қаржы рыногы теңге бағамының белгіленген мөлшерінде реттелетін болады. Оны осылайша реттеуге Ұлттық банктің қолындағы құралдар жетеді. Демек, қарапайым халық көп алаңдамай мәселенің артын тосқаны жөн болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».