2021 жылдың 2 қазанында Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2021» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шу ауданынан 100 шақырым жерде 27 жастағы жергілікті тұрғынды есірткі заттарын дайындау кезінде ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Сол маңдағы аумақты тексеру кезінде жас жігіттен салмағы 60 келі 440 гр болатын «каннабис өсімдігі» есірткі заты табылып, тәркіленді. Сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі затын сатушыдан жалпы салмағы 103 келі 240 гр «кептірілген марихуана» есірткі затының 10 қабы тәркіленді. Күдікті бұл қаптарды жаз мезгілінде елдің солтүстік аймақтарына жеткізу үшін дайындаған және жасырған.
«Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Шу қаласының Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, қылмыстың бұл түрімен үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық әрекетті ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен қайта саралау қарастырылуда. Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Сондай-ақ биыл жыл басынан бері Жамбыл облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 3 тонна 293 келіден астам, оның ішінде 800 гр героин, 103 келі гашиш, 3 тоннадан астам марихуана секілді түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Сонымен қатар Жамбыл облысында шамамен 550 га аумақта жер жырту, шабу және өртеу жолдарымен 40 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.