Соңғы кездері еліміздің кейбір өңірінде жанармай құнының өсуіне, дизель отынының тапшылығына байланысты наразылық шаралары көбеюде. Павлодар облысында да дизель отынының жетіспеушілігі байқалуда. Көмір мен шөптің қымбаттауына да дизель отынының тапшылығы себеп.
Дизель отынын таппай қиналған жүргізушілер сүзгілері зақымдалып, жүрмей қалған автокөліктерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жатыр. Отын тапшылығы жүргізушілер мен тасымалдаушылар арасындағы әлеуметтік шиеленісті де ушықтыра түскен. Өңірлерде дизель отыны мәселесі күрделеніп тұрған тұста елімізде «KIOGE-2021» халықаралық мұнай және газ көрмесі өтіп, онда сөз сөйлеген министрлік өкілдері Қазақстанда дизель отынын тұтыну көлемі рекордтық деңгейге жетті деп мәлімдеді.
– Рекордтық деңгей туралы біз де естідік. Қарапайым ауылдықтар үшін отын мәселесі қиын болып тұр. Мысалы, жалға алған шабындық жерден шөп шауып, жинап алу үшін бізге жыл сайын шамамен 1 тоннадай дизель отыны керек. Ал қазір оның бағасы 300 теңгеге дейін барады. Облыс орталығындағы сұйық отын құю бекеттері талонмен ғана өткізіп жатыр, – дейді көктөбелік тұрғын Серік Нұрманов.
Ал Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тапшылықтың туындауына транзиттік жүк көліктерінің дизель отынын еліміздің аумағындағы бекеттерден алуы және «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ның жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатуы себеп болғанын айтады. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ елдегі дизель тапшылығының туындауына байланысты «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның жөндеу жұмыстарын күз айларына шегеру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.
Аталған зауыттың бас директорының орынбасары Саятай Әліпбаевтың мәліметінше, қазір қондырғылар тексеріліп, сынақтар өткізілуде. Мұнайды қайта өңдеудің негізгі құрылғыларын жөндеу жұмыстарын жаңбырсыз ауа райында жүргізу керек. Қазіргі уақытта зауытта жанар-жағармай жеткілікті. Қорда 50 мың тоннадан астам бензин, 5 мың тоннадан астам әуе отыны мен 34 мың тоннадан астам дизель бар. Зауыт күніне 4 мың тонна дизель отынын шығарады. Мұнай өнімдерінің әртүрлі маркалы автокөлік бензині, дизельдік отын, реактивті отын, техникалық күкірт, битумның бірнеше түрі, мұнай коксы, техникалық көміртек өндіруге арналған шикізат қоры бар. «Қазан айында зауыт 121 мың тонна мұнай, 31 мың тонна дизель жанармайын өндіреді. Зауытта тәулігіне жалпы алғанда, 15 200 тонна мұнай өңделеді», дейді С.Әліпбаев.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаевтың айтуынша, биыл зауыттағы жөндеу жұмыстарының мерзімі екі айға шегерілген: шілде айынан – қыркүйекке, кейін қыркүйектен қазан айына ауыстырылған. Жөндеу жұмыстарын шегерудің негізгі себебі – ішкі нарықтағы жанар-жағармай тұрақтылығын қамтамасыз ету және егін ору науқаны кезіндегі сұранысты өтеу. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау мақсатында диқандарға 21 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен берілген. Фермерлер үшін оның бағасы литріне 164 теңгені құраса, мал азығын жинауға арзандау бағамен 4 мың тонна дизель отыны бөлініпті.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, еліміздегі дизель отынының бағасы Ресейдегі бекеттер белгілеген бағадан – 100 теңгеге, Өзбекстаннан – 70-80 теңгеге, Қырғызстаннан 61 теңгеге арзан екен. Сондықтан көршілес елдерге бағыт алған көліктердің барлығы біздің елдің аумағынан жанармай құйып алады. Сол себепті де отынға деген сұраныс 480 мың тоннаға артты. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу кәсіпорнының ағымдағы жөндеуге байланысты жұмысын тоқтатуы да бағаға әсер еткен. «Енді нарықтағы тапшылықты азайту үшін Ресейден 100 мың тонна дизель отынын әкелу мәселесі шешілуде», дейді вице-министр мәлімдемесінде.
Бірақ бұл ақталудың ауылдықтар үшін де, қарапайым жүргізушілер үшін де еш пайдасы жоқ, министрлік дизель отыны жетіспеушілігін алдын ала ойластырып, ұсыныс жобаларын жасауы керек еді. Еліміз арқылы өтетін шетелдік көліктерге тосқауыл қоюдың басқа жолдарын іздегенде мәселе осылай ушықпас еді. Еліміздегі мұнай өңдейтін екі зауыттың өндірістік жағдайы онсыз да белгілі. Әрине, дизель отыны және басқа да жанар-жағармай түрлерінің бағасы бір-ақ күнде реттелмейтіні белгілі. Бағаны сұранысқа сай нарық реттейді. Министрлік те бағаны белгілей алмайды.
– Бұлай деуге де болмайды. Өйткені қалыптасқан қазіргі нарықтық теңгерімсіздікті реттеп, жанар-жағармай жеткізудегі нақты бір іс қажет. Мұның зиянын ауылдықтар да, кәсіпкерлер де көруде. Мемлекет тарапынан қолдау таба алмаған тасымалдаушылар арасында әлеуметтік шиеленіс көбейіп барады. Бір-екі күннің ішінде мұнай баррелі 78 доллардан 82 долларға дейін өсті. Мұнай бағасының өзгеруі сұйық отынның бағасына да әсер етеді, – дейді экономист-ғалым Бекен Тоқтасын.
Сонымен бірге дизельді отынның жетіспеушілігінен жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға автобус санын азайтуға тура келген. Екібастұз бен Павлодар қалаларының арасында күніне 12 рет жүретін автобустың бір реттік жолына 90 литр жанармай керек. Қазір шағын автобустар ғана жолға шығып, басқа бағыттардың саны қысқарған. Екібастұз қаласында қоғамдық көліктер тоқтап қалуы да мүмкін.
Әрине, елімізде сұйық отын қоры мол, бағасының тұрақты болуы өте маңызды. Үкімет мұнай өнімдерінің кейбір түрін экспортқа шығаруға шектеу жасамақ. Бұл – ішкі нарықты бензин, дизель отынымен, қажетті сұйық отынмен қамтамасыз етіп, оның тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған қажетті шара екені сөзсіз. Енді еліміз аумағынан автокөлікпен бензин, дизельдік отын түрлерін экспортқа шығаруға алты айға шектеу қойылып, тек көлемі 20 литрден аспайтын жеке ыдыстарға құйып алуға рұқсат етілмек. Бұл ішкі нарықтағы бағаны реттеудің бір қадамы және мұнайға тәуелді кәсіпорындар шығаратын өнімдердің құнын тұрақты ұстауға ықпал етеді.
– Ең алдымен бұл бастама өз тұтынушыларымыз үшін қажет. Ішкі нарықтағы сұраныс толық қамтылса, артылған мұнай өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға шектеу де болмайды. Қазіргі басты мәселе – бензин және дизель өндіретін отандық мұнай өңдірушілермен қоса, жекеменшік кәсіпкерлерге де қолдау көрсету. Дизель отынының жетіспеушілігі, қымбаттауы, басқа да факторлар нарықтың көлеңкелі ықпалы, заңсыз монополиялардың да әсері болуы мүмкін, – дейді Б.Тоқтасын.
Ал павлодарлық мұнай-өңдеу зауытындағы уақытша жөндеу жұмыстары – қажетті жоспарлы шара. Бұл зауыттың технологиялық құралдарының 2021-2022 жылдары кідіріссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Зауыттың жылдық қуаты – 5,1 млн тонна. Оның өнімдері ішкі нарыққа жеткізіледі, сонымен қатар Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, АҚШ-қа, Нидерландқа, Италияға және Украинаға экспортталады. Зауыт мамандарының мәліметінше, өндіріс жұмысы тоқтатылған кезде ғана газ қауіпті пісіру жұмыстарын жүргізіп, жоғары температура мен қысымдағы агрессивтік ортада технологиялық жабдықтарды ауыстыруға болады. Бірақ жанар-жағармай мен дизель отыны қорын тиеп-жөнелту зауыт жұмысының тоқтағанына қарамай жалғаса береді. Зауыт жұмысы тоқтап тұрған кезде Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының жұмыстары күшейтіледі.
Жалпы, мұнай өнімінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайталанатыны белгілі. Көктемгі егін егу, астық жинау науқандары кезінде мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны тағы бар.
Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты жеткіліксіз, сондықтан төртінші зауыт салу керек деген жоба да алыстап кеткендей. Керісінше, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу ғана жоспарлануда.
Жуырда Мәжіліс депутаттары Үкіметтен отын нарығындағы теңгерімсіздіктерді жоюға, бағаның өсуіне жол бермеуге қатысты шаралар қабылдауды сұрап, соның аясында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу» туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ал отандық арзан отынның қызығын көрші елдер көріп жатыр. Енді Үкімет Ресейден қымбат отын сатып алмақ. «Арзанға сатып, қымбатқа ал» деген – осы. Еліміздің табиғи ресурстары мұнай өнімдерін қолжетімді бағада жеткізуге, отандық бизнесті қолдауға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретініне ешкім дау тудырмас. Бұл ішкі нарыққа төмендетілген бағамен мұнай жеткізетін отандық өндірушілерге де қатысты екені сөзсіз.