АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан 1000 BNP Paribas Open турнирінің төртінші кезеңіне шыққан теннисшілердің есімдері толықтай белгілі болды.
Қазақстанның ойыншылары арасынан бұл межеге тек Юлия Путинцева ғана жеткен еді. Алғашқы айналымдарда германиялық Андреа Петкович пен өзінің отандасы Елена Рыбакинаны жолынан ығыстырған Путинцева үшінші кезеңде латвиялық Елена Остапенкомен кездесті. 24 жастағы Балтық жағалауының өкілі 2017 жылы Ролан Гарростың жеңімпазы атанып, 2018 жылы Уимблдонның жартылай финалына дейін жеткен. WTA турнирлерінде төрт рет топ жарды. Осы табысының арқасында ол әлемнің бесінші ракеткасы атанды. Қазіргі кезде Елена үздіктер тізімінде 29-орынды иеленуде. Өкінішке қарай, осындай мықты теннисшіге Юлияның әлі жетпеді. Бұл тартыс 6:3, 2:6, 6:3 есебімен Остапенконың пайдасына шешілді.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қазанға дейін созылатын Индиан-Уэллстегі жарыс әлемдегі көптеген мықты теннисшінің басын қосты. Оның жүлде қоры 8 359 455 долларды құрап отыр.