БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюпов пара алды деп айыпталған болатын. Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев сол үшін отставкаға өтініш берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы «Мой город» басылымы мәлім етті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы сот барысында кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ 3 шілде күні судья Болатбек Каюповты ҚР ҚК-нің 366-бабы «Пара алу» бойынша кінәлі деп танып, қауіпсіздігі барынша төмен колонияда 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған. Ал апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жауапты басшы отставкаға кетуі тиіс. Осыған сәйкес денсаулық сақтау саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұрғалиев отставкаға өтініш білдірді. Ал әкім Ғали Есқалиев өз орынбасарының отставкасын қабылдап, оны қызметінен босатты.
«Болатбек Қайыповқа қатысты соттың айыптау үкімі шықты. Осыған байланысты Айдар Нұралиев отставкаға кетуге міндетті болды. Менің білуімше, оның отставкаға кетуі қабылданды, Нұрәлиевті қызметінен босату туралы өкім бар. Бүгін бізді ресми хатпен хабардар етуі керек», деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.
Айта кетейік, Айдар Нұралиев облыс әкімінің орынбасары қызметінде бір жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Ол 2020 жылдың маусым айында тағайындалған болатын.