Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Ғұламалар кеңесінің басшысы қызметіне ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл бастаманы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Нұр-Сұлтанда өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуінде айтты.
«Бүгін Ғұламалар кеңесі туралы ережені қабылдауымыз керек. Мүше мемлекеттер консультативті-кеңесші орган құруды қолдады және мүшелікке кандидаттарды ұсына бастады. Бүгін Ғұламалар кеңесі туралы ережені бекітеміз. Таңертең кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты АӨСШК жетекшілігіне кандидат ретінде ұсынды. Бәріңіз бұл кандидатураны қолдайсыздар деп үміттенемін», деді Рахметуллин.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия құрлығы мемлекеттерін біріктіретін халықаралық форум. Негізгі міндеті – тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайту.
Кездесуді шақыру идеясын алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған болатын.