Нұр-Сұлтан қаласы КВИ бойынша «қызыл» аймақтан қандай жағдайда шыға алатынын елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова ОКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
БАҚ өкілдері елорда неге жарты жылдан астам уақыт КВИ бойынша «қызыл» аймақтан шықпайтынын сұрады. Бірақ, оған қарамастан қалада ковидтік стационарлар жабылуда: Мәселен, егер жазда елордада коронавирустық науқастарды емдеуге арналған төсек-орын қуаты 4 мыңға жуық 16 стационар жұмыс істесе, бүгінде 990 төсек-орынға арналған 7 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Осы аптада тағы бір ковидтік стационарды жабу жоспарланып отыр.
Сархат Бейсенова белгілі бір аймақ 100 мың тұрғынға есептелетін аурудың қарқынды көрсеткішіне байланысты «қызыл», «сары» немесе «жасыл» аймақтарға қосылатынын хабарлады.
«Егер ол 100 мың тұрғынға шаққанда 100 жағдайдан асып кетсе, онда біз «қызыл» аймақта боламыз. Біз сырқаттанушылықтың азаю үрдісін көріп отырмыз, бірақ бұл ретте бізде қарқынды көрсеткіш - бүгінгі күні 172-ге тең, яғни бұл 100-ден жоғары. Сондықтан біз «қызыл» аймақта тұрмыз», деп түсіндірді ол.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қазір стационарлар жағдайында 578 адам ем қабылдап жатқанын айтты.
«Бұл бір диагноз үшін өте көп. Ковидтік төсектерді 4 мыңнан 990-ға дейін, пациенттер санын 3 мыңнан 600-ге дейін төмендеткенімізге қарамастан, ауру әлі де жоғары. Ауру әлі жойылған жоқ», деді ол.