Ел рухын еңселендірген ерлер ешқашан халық жадынан өшпек емес. Алмағайып аласапыран шақта жасындай жырларымен жауынгерлерге дем берген сондай тұлғалардың қатарында біз міндетті түрде Жамбыл Жабайұлын атар едік. Бір ғана дастанының өзімен миллиондаған жанның үмітіне дем берген ол әлі күнге жырсүйер жүректердің төрінен түскен жоқ. Биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлт ақынын жалғыз қазақ халқы емес, кезіндегі одақтас он бес елдің барлығы дерлік құрмет тұтты.
Наурызбаев нақыштаған Наркескен
Жыр алыбының шығармаларын жаттап, тәржімалап, басып шығарғаннан бөлек тұғырлы тұлғаға қаншама мүсін, тіпті өзге елдерде де ескерткіштер орнатылып, көше аттары берілген. Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, еліміздің өзінде Жамбыл Жабайұлына қойылған 25 ескерткіш бар. Оның 9-ы тұғырлы мүсін де, 16-сы – бюст.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген жыраудың 175 жылдық мерейтойы аясында біз оған қойылған ескерткіштер хақында сөз қозғағанды жөн көрдік. Осы орайда ақынға арналып жасалған алғашқы ескерткіш туралы ақпарларды іздедік. Жыр жампозына тұрғызылған тұңғыш тұғырдың бұрынғы Әулиеата, кейін Жамбылдың атымен аталған көне шаһарда кей деректерде 1963 жылы, кейбір деректерде 1961 жылы бой көтергені жазылады. Қазақ жырының қатепті қара нары, халқымыздың мерейлі мақтанышы Жамбыл бабамыздың Тараз қаласындағы еңселі ескерткіші – біртуар мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың ерекше еңбектерінің бірі. Ескерткіш облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаровтың бастамасымен, Ленинградта шойыннан құйылыпты. Тіпті ақынның аталған мүсіні күллі Одақтас республикалардағы ең таңдаулы 100 ескерткіштің ішіндегі ілгері санатты жұмыс деп бағаланыпты. Биіктігі 5 метр мүсіннің сәулетшісі В.Сощенко де, мүсіншісі – Х.Наурызбаев.
Қолына домбыра ұстаған қола мүсін айбарлы да асқақ шығып, елдің рухымен астаса аспандап бой көтереді. Хакімжан Наурызбаев Абайдан бастап Алаштың алыптарын тұғырда түлеткен талант екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Өзінің ұлы мүсіндер галереясына Жамбыл образын орайлы орналастыра білген оның әр жұмысы бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге, тозбас тәбәріктей еліміздің өңір-өңірінде әлі күнге биіктерден мұнарта қол бұлғайды.
Ескерткіштен бөлек Жамбыл ақынның есімі Әулиеата шаһарына берілгендігі жайлы тарихқа да азырақ аялдай кеткеніміз дұрыс. «Атыңнан айналайын Әулиеата, Атыңды ап қойды деп болма қапа....» деп 1940 жылы ақын Жамбыл Тараз топырағына жыр жолдарын пойыздан төге түсіпті. Әлбетте, осынау екі жол өлеңде шайырдың ұлы өнегесі мен бабалар алдындағы ізетін байқау қиын емес. Талай әулиеге құтты мекен болған мәшһүр қала Жамбыл жыраудың атымен аталуы да ақынға орнатылған ескерткіш дер едік. 1938 жылы жыр алыбының қарсылығына қарамастан, Жамбыл қаласы деп атала береді. Атайы ақын атақ бер деп айғайламағаны белгілі. Халық жүрегінен жаралған шайыр өзі туған топыраққа қалыпқа құйылған зор мүсін болып қайтып оралу кез келген ақынның қолынан келе бермес.
Нева жағалауындағы жыр алыбы
Ұлан-ғайыр қазақ сахарасында ұлт сөзін биік мінберлерде келісті айта алған, ел шежіресін екі шекке сыйғыза жырлап, халқының бай мұрасын төрге оздырып өткен саңлақтар аз болмаған. Хандық дәуір әдебиетінен бергі жыраулық сарынды, тіпті түп-тамырын сонау Күлтегін, Тоныкөктердің көне заманынан тартатын ежелгі сөз мұрасын бүгінге бүтін жеткізе білген алыптардың қатарында біз әлбетте жыр алыбы Жамбылды атар едік.
Асыл қазыналарымызды ауыздан-ауызға көшіріп, мыңдаған жыр жолын жадында сақтай білген, сақтап қана қоймай оны асқақ пафоспен жырлап, салтанатпен насихаттай алған бұл тұлғаның еңбегі ересен. Жамбыл феномені жалғыз қазақ халқын ғана емес, сол кездегі одақтас 15 республиканың түгелін таңғалдырған, тәнті еткен құбылыс болды.
Жамбыл ескерткіштері ел-елде, жержерде өте көп. Оның ескерткіші тіпті бүгінгі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинград төрінде де тұр. Бір бойына бірнеше өнерді шебер тоғыстыра білген жырау-ақынның шығармаларымен бірге оның даңқы да асқақ болғанын білеміз.
«Ленинградтық өренім!» – Жамбыл жәкеміздің ғана емес, сол кездегі бір одақта болған тұтас империяның дауысындай естілген тосын жыр еді. Қоршаудағы Ленинградтың тар көшелерінде осынау жыр листовкалармен тарап, радиодан күніне бес-алты реттен беріліп жатыпты. Деректерге сүйенсек, бүгінгі Ресейдің бірнеше қаласында Жамбылдың атында көше бар. Атап айтқанда Астрахань, Қазан, Калининград, Хабаровск, Уфа, Челябі, Волгоград, Нижний Тагиль, Кемеров, Қорған, Красноярск, Липецк, Нижний Новгород, Салават, Стерлитамак, Грозный қалаларында жыр алыбының құрметіне көше берілген.
Ленинградта жыр жүйрігі Жамбылдың ескерткіші тұруы заңдылық деп білеміз. Көне шаһарға жырдан күмбез тұрғызып, халқы қоршауда қалған қиын күнде жандарына медеу болған ақынға қандай мүсін орнатылса да лайық болуы керек. Төбелерінен оқ жаңбырша жауып жатқанда мыңдаған шақырымнан Жамбылдың өлеңдері сол оққа қалқан болғандай газеттерге басыла жөнеледі. Бұл оқиға туралы ленинградтық ақын Александр Прокофьевтің естелігін әріптесіміз Марфуға Шапиян былай деп келтіреді: «Ленинградты қорғаудың нағыз ауыр күндерінде шығарылған «Ленинградтық өренім» Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзияның ең таңдаулы туындыларының бірі болды. Өлең қаланы қорғаушыларға күш-қуат берді, оларды жеңіске жігерлендірді. «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды. Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім».
Міне, Жамбыл даңқы, оның отты жыры шуақтай тараған асқақ рух адамзатқа төнген суық қаруға осылай қалқан болған. Жалынды жыр жолдары тұғырына ойылып жазылған Жамбыл мүсіні аталған шәрге 2003 жылы орнайды.
Еңселі ескерткіш сол кездегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен қаланың 300 жылдығына орай ашылады. Ескерткішті И.Репин атындағы Сурет, мүсін және сәулет институтының факультет деканы, кафедра меңгерушісі, Санкт-Петербург Суретшілер одағының мүсіншісі Валентин Свешников, қазақстандық белгілі мүсінші Бақытжан Әбішев және Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, сәулеткер Феликс Романовский сынды авторлар дайындап, жасап шығады.
Санкт-Петербургтен бөлек Мәскеуде де Жамбыл Жабаевқа қойылған ескерткіш бар. Ақынның 170 жылдығына орай Сербияның Белград қаласында да ескерткіш-бюст бой көтергенін айта кетуіміз керек. Бұдан бөлек, Өзбекстанның Яккасарай ауданында да атақты жыршыға мүсін қойылған. Сонымен бірге, Киевте Жамбыл Жабаевтың көшесі бар. Көшеден бөлек 2012 жылы мүсінші М.Әзмағанбетов пен сәулетші Қ.Жарылғапов жасап шығарған Жамбыл Жабаевтың ескерткіші Киев қаласының Шевченко ауданында орналасқан.
Одан бұрын 2005 жылы Днепропетровск облысының Синельниково қаласында Алғадай Жамбыловқа да ескерткіш орнатылған.
Сахаларды сүйсінткен сурет
Тұтас Тұранның туын көтерген ұлы жыр – Жамбылдың еншісіне кездейсоқ жазылған жоқ. Қызыры – қызыл жолбарыс болған жыр жампозы түгел түркіге даңқты болды. Ата-бабаның аманат жырын арқалаған абыз ақын жайлы классик жазушы Мұхтар Мағауиннің салмақты бағасын көзіқарақты жұрт жақсы білуге тиіс. Терең түйсінген адамға аузы дуалы алдаспан жазушының айшықты бұл сөзі ешбір ескерткіштен артық болмаса кем демес едік. «Анық ақиқат – ол заманда Жамбыл – қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі болды. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Біз мұның бәрін сызып, өшіріп тастай алмаймыз, керісінше, нығыздай, бекіте түсуіміз керек. Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды. Өзім куә болған бір мысалдан бастайын» деп басталатын жазушы сөзі Жамбыл туралы жаңа бір әлемге сапар шеккізгендей адамды тәнті етеді. «Жамбылдың ұлылығы» деген көлемді мақаланы толық мазмұндау әрине, мүмкін емес.
1983 жылы Якутияда қазақ әдебиетінің декадасы өткен сапарға барған М.Мағауин сонау қиырдағы Саха елінің бір ауданында Жамбылдың жарты қабырғаны алып тұрған зор суретін кезіктіреді. Поляр белдеуінің арғы жағына, терістікке қарай Сунтар деген ауданда Мұқаңды Жамбыл атасы кенет құшақ жая қарсы алғандай керемет оқиға былай жалғасады: «Шықсақ, шағын ауыл, бергі жақ шетінде, қарсы алдымызда үлкен ағаш үй тұр. Ақсұр қарағай қима. Сол ағаш үйдің оң жақ... жоқ... сол жақ қапталында сақал-мұртсыз, көзі қысықтау бір қартаң қазақтың әйдік суреті тұр. Ал оң жағында... жарықтық, аруағыңнан айналайын Жамбыл атам – Жәкемнің суреті тұр. Тұтас бір қабырғаны тіреп. Бөркін оқшырайтып, сақалын төгілдіріп, аппақ қылып әдемі салынған. Сөйтсек, бұл келген жеріміз – саханың Сергей Зверев дейтін, атақты халық жыршысының ауылы екен. Анау – соның музей-үйі. Содан қаншама әңгіме айтылды. Зверевті мақтағанда, ең биік мақтау: біздің осы Зверев – Жамбылдың шәкірті деді. Жамбылдың өзін көрген жоқ, бірақ сол кісінің үлгісін, өнегесін алып, осындай дәрежеге жетіп, біздің саха жұртының халық даналығын бүкіл Кеңес Одағына, қала берді, бүкіл дүниеге танытты. Сөйткен керемет жыршымыз – Сіздің Жамбылдың шәкірті еді деп мақтанды», дейді М.Мағауин.
«Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан – Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс» деген сөз ақиқатқа әбден суарылып, шыңдалып шыққан шындық сөз.
Терістік төріндегі әлгі сурет те, жазушы тасқа қашап түсіргендей айқын осы баға да Жамбыл жыраудың тұлғасына қойылған зор ескерткіш дер едік. Көшпелі дала салты мен жаңа қоғамды жырымен жалғаған Жамбыл атамыз ұрпақ жадында да осындай биік болып қала беруге тиіс.
Елдегі еңселі ескерткіштер
Биыл жыр алыбының 175 жылдығы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен басталғанын білеміз. Ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл Жамбылдың бірегей мұрасын терең ұғынуға, оны замандастарымыз бен жастарға насихаттауға және ақын шығармаларының үлкен сұранысқа ие болуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда қара домбыралы қарт абыздың асау жырлары тәуелсіз Қазақстанның жасампаз істерімен әлі де үндес екеніне көзіңіз жетеді.
Жамбылдың даңқы шын мәнінде қазақ халқының мерейі мен мәртебесі. Оны елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әр кез айтып келеді. Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдық мерекесі қарсаңында аталып өтер үлкен шара – жыр алыбының 175 жылдық ұлы дүбірі болуы керек. Тұңғыш Президент жалынды жыршы туралы: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның себебі, Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жаршысы – Жамбыл да мәңгі жасай бермек», дейді.
Жалпы, Жамбылдың шығармашылығы, оның айтыс өнеріндегі дара жолы туралы айтып тауысу мүмкін емес. Ерек тұлғаның ескерткіштері төңірегінде ғана сөз қозғағандықтан осынау тақырыптан алшақтамағанды жөн көреміз. Жоғарыда атап кеткеніміздей жыр алыбына 25 ескерткіш ел ішінде бой көтеріпті. Алматы қаласындағы Жамбыл көшесі мен Достық даңғылы қиылысында Жамбылға арналған ескерткіш бар. Бұл ескерткіш 1996 жылы ақынның 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өту қарсаңында орнатылған. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі – 3 метр, тұғырының биіктігі – 1 метр. Мүсіншісі – Б.Әбішев, сәулетшілері – С.Баймағамбетов, С.Фазылов, Т.Ерғалиев деп жазылған. 2008 жылы жыр алыбына елордамызда да ескерткіш тұрғызылды. Мүсін қоладан құйылып, тұғыры граниттен қаланған. Биіктігі 12 метрлік мүсіннің авторлары мүсінші – Н.Далбаев, архитекторы – Қ.Жарылғанов.
Сол сияқты біршама ескерткіш еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Әрине, кей қалаларда әлі де жоқ екенін жасырмауымыз керек. Бұл олқылықтың орнын дереу толықтырған жөн. Себебі Жамбыл қазақ рухының асқақ та өр бейнесі. Жамбыл шығармаларын, оның дара тұлғасын насихаттау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз, рухани жадымызды жаңғыртып, жас ұрпақ бойына қасиетті өнердің киесін дарытамыз.
Өз сөзімен айтсақ, Жамбыл – оның жай аты, халық – оның шын аты!
Жамбылды насихаттау арқылы біз өзімізді, қазақ деген ұлы халықтың ұлағатын дәріптейміз.