• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Қазан, 2021

Дамушы елдердің дауысын естуіміз қажет

509 рет
көрсетілді

МАДРИД. «Біз өз дәуіріміздегі ең үлкен дағдарыстарға тап келіп отырмыз», деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш. Мұны 193 мемлекеттің басшысы қатысқан БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі кездесуінің ашылуында сөйлеген сөзінде айтты. Осы орайда, дағдарыстардың екеуіне – климаттың өзгеруі мен коронавирус пандемиясына тоқталсақ, бұл мәселеде әлемдегі алпауыт державалардың емес, кішігірім және дамушы елдердің көшбасшылары жауапкершілікті сезінеді.  

Мәселен, Нигерияның сыртқы істер министрі Хасуми Массауду климат өзгеруінің өз еліне тигізген жойқын әсерлерін атап өтті. Олардың қатарында құрғақшылықтың күшейіп бара жатқаны бар. 2010 жылы осындай апаттың салдарынан шамамен 4,8 миллион ірі қара мал өлді. Бұл елдегі ірі қараның 25 пайызын құрайды. Өлген малдың жалпы құны 700 миллион доллардан асты.

Сонымен қатар теңіз деңгейінің көтерілуі Тынық мұхитында орналасқан арал мемлекеттердегі экожүйеге айтар­лық­тай әсер етіп, одан келген залал мүлдем жойылмауы мүмкін. Тіпті кей аралдардың толығымен су астына кету қаупі туып тұр.

«Егер Тувалу ақыр соңында суға батып кетсе, БҰҰ-ның мүшесі болып қала бере ме?» деп сұрады аталған елдің премьер-министрі Каусеа Натано.

Дамушы елдердің осындай қиындық­тар мен экзистенциялық қатерлерге тап болуы климаттың өзгеруі жөнінде тиімді ынтымақтастық жасаудың моральдық тұрғыдан қажетін көрсетеді. Бірақ бұл мәселені экономикасы дамыған елдер де жеке мүддесіне айналдыруы керек. Еуропалық орталық банктің бағалауына сүйенсек, жаһандық жылынуға қарсы әрекет жасалмаса, Еуропаның ішкі жалпы өнімі 10 пайызға қысқарады. Бұл кор­поративтік төлемдердің 30 пайызға өсуіне әкеледі. Ал ауа райының күрт құбылып, төтенше жағдайлардың жиілеуі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізеді.

Дегенмен жаһандық жылыну салдарынан туындайтын қиындықтарға жол бермеу мүмкіндігімізді тиімді пайдалана алмай отырмыз. Уақыт өтіп барады. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық панельдің соңғы есебі­не сәйкес, егер парниктік газдар шығары­лы­мын жедел, тез және ауқымды түр­де азайтпасақ, жаһандық жылынуды өнер­кәсіптік революцияға дейінгі деңгейде – 1,5°C немесе 2°C көлемде сақтап қала алмауымыз мүмкін.

Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблея­сында Жаһандық оңтүстік (дамушы елдер) коронавирус дағдарысымен күреске қатысты маңызды пікірлер айтты. Мысалы, Намибия президенті Хейг Геингоб пандемияны тоқтатуға кедергі келтіріп отырған «апартеидтік вакцина» әрекетіне тоқтал­ды. Шынында да, көпжақты жүйеміз бүкіл әлемге вакцинаны тең таратып, бәрін қамтамасыз ету жөніндегі өз мін­дет­темелерін орындамады. Ұлы­бри­та­нияның бұрынғы премьер-министрі Гордон Браун жақында атап көрсет­кендей, табысы төмен елдердегі ересек­тер­дің тек 2 пайызы ғана толықтай екпе алған. Бұл көрсеткіш бақуатты ел­дер­дегі ересектердің 50 пайызына жетті.

Әлем коронавирусқа қарсы вакцина жасауда өте тиімді жұмыс істеп отыр. Қазіргі таңда айына 1,5 миллиард доза екпе шығарамыз. Сөйте тұра, оларды тарату мәселесінде ысырапшылдыққа жол бердік. Airfinity ірі зерттеу фирмасының мәліметіне сәйкес, егер қолданылма­ған екпелерді таратуға қазірден бастап кіріспесек, онда осы жылдың соңына дейін 100 миллион доза вакцинаның жарам­дылық мерзімі өтіп кетеді. Афри­каға және басқа да табысы төмен елдерге 2021 жылға дейін 2 миллиард вакцина жеткізуге тиіс COVID-19 Vaccine Global Access (COVAX) жобасы небәрі 300 миллион екпе ғана тарата алды.

Климаттың жылынуына қарсы әрекеттер секілді, вакцинаны тең бөлу – дамыған экономикалар үшін моральдық және практикалық қажеттілік. Вирустың таралуына жол берген сайын оның мутацияға ұшырау ықтималдығы да жоғарылай түседі. Сөйтіп, ол тез таралатын, көп өлімге әкелетін, вакциналарға төзімді нұсқаға айналады. Қазірдің өзінде екпе салу деңгейі жоғары елдер, мәселен, Израильде тамыз айына дейін халықтың 60 пайызы вакцинаны екі рет қабылдағанына қарамастан, «Delta» нұсқасының тез таралуына байланысты карантиндік шектеулерді қайта енгізуге мәжбүр болды.

Вакцинаны тең таратуды қамтама­сыз етуден бөлек, халықаралық қоғамдас­тық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мымен бірге медициналық мекемелер­дің төтенше жағдайларға дайынды­ғын күшейтуі керек. Келешекте кезігуіміз мүмкін дағдарыстарды ерте анықтау үшін бізге қабілетті, жақсы қаржыланды­ры­латын көпжақты орган қажет. Бірақ мін­детті жарналар ДДҰ бюджетінің төрттен бір бөлігін ғана құрайды. Сондықтан ұйым ерікті жарналарға тәуелді.

Бұған өзгеріс жасауға жол бермейтін үлкен кедергілер бар. БҰҰ Бас Ассамблея­сының отырысы кезінде Үнді-Тынық мұ­хиты аймағында геосаяси қарама-қай­шы­лық шиеленісе түсті. Америка Құ­рама Штат­тары Ауғанстаннан шыққан­нан ке­йін AUKUS деп аталатын Аус­тралия мен Ұлы­британия елдерімен бір­лесіп, жаңа қауіп­сіздік және технология­лық одақ құрды. Қытаймен арадағы шиеленіс күшейді.

Әлем халқының шамамен 65 пайызын, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 62 пайы­зын және тауар айналымы көлемінің 46 пайызын құрайтын Үнді-Тынық мұхи­ты аймағында қақтығыстардың өршуі жой­қын зардаптарға әкелуі мүмкін. Мәсе­ленің ушығуына ықпал ететін мәселелер де жетерлік. Тайвань АҚШ пен Қытай қарым-қатынасындағы аса қауіпті түйт­кіл екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Атал­ған аралда әскери жаттығулар өт­кізу жиі қайталанатын оқиғаға айналды. Ендеше, сәл қателіктен туындайтын күт­пеген апат кез келген сәтте орын алуы ықтимал.

Шиеленіс осылайша өршіп тұрған кезде климаттың жылынуына қарсы ынтымақтаса әрекет ету барған сайын қиындай түседі. Бұл АҚШ-тың климат жөніндегі өкілі Джон Ф.Керридің жақында Тяньцзиньге барған сапары кезінде анық аңғарылды. Кездесу барысында сауда, адам құқықтары мен демократия, Оңтүстік Қытай теңізіндегі қорғаныс пен қауіпсіздік секілді көптеген салада екіжақты қарым-қатынастың қан­шалықты шиеленіскенін байқадық. Қытай сыртқы істер министрі Ван И АҚШ өкілі Керримен бейнебайла­ныс ар­қылы сөйлесе отырып, егер қарым-қаты­нас жақсармаса, жаһандық жылыну­ға қатысты ынтымақтастық тұрақсыздана түсетінін ескертті.

АҚШ пен Қытайдың бәсекелестігі коронавирус пандемиясын тоқтатуға қатысты әрекеттерді де қиындатады. Өйткені екі ел де «вакциналық дипломатия­­мен» айналысады. Яғни басқа мемлекеттерге ұзақ мерзімді саяси тәуелділік пен геосаяси ықпалды нығайту әдісі ретінде вакцина береді. Бұл тәсіл екпенің қауіпсіз әрі әділ таралуына нұқсан келтіреді. Себебі мұндай пиғылдағы басшылар вирустың таралуы жалғасып, мутацияға ұшырап жатқан Латын Америкасының, Таяу Шығыстың және Африканың көптеген мемлекетін елемейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының отырысы кезінде қатысушылар дежавю сезімін бастан өткергендей кейіпте болды. Барбадос елінің премьер-министрі Миа Амор Моттлидің: «Әлі қанша уақыт бойы бір нәрсені қайта-қайта айтып, ақырында түк шығара алмай тарқай береміз?», деген сұрағы өте орынды қойылды. Мұның жауабы, негізінен, БҰҰ-ға байланысты.

БҰҰ-ның кемшіліктеріне қарамастан, бұл ұйым талайдан бері көпжақтылық жүйенің жүрегіне айналды. Глазгода өте­тін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруіне ар­налған конференциясы (COP26) жа­қын­даған сайын ұйым іс-әрекетке шақыруды нақты әрекетке айналдыра алатынын дәлел­деуі керек. Әрі дамушы елдердің назын тыңдауды да ұмытпауға тиіс.

 

Хавьер СОЛАНА,

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша бұрынғы жоғары өкілі,

НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы, Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, EsadeGeo жаһандық экономика мен геосаясат орталығының президенті және Брукингс институтының құрметті оқытушысы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org