• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қазан, 2021

Табиғат сынынан сүрінбей өтті

160 рет
көрсетілді

Ақмолалық диқандар егіндік алқаптағы барлық бидайды орып, бастырып бітті. Гектар берекесі 8,8 центнерден айналды. Құт қамбаға 4 млн тоннадан астам дән құйылды.

Ел назары егінжайға ауған шақта көңілде үміттен күдік басым еді. Нәтижесін көрген соң күдік сейіліп, үміт оты жанды. Өңірде мамыр-маусым айында небәрі 13,1 және 19,1 мм ша­ма­сында ғана ылғал түсті. Са­лыс­тырып қарайтын болсақ, өт­кен жылдардағы көрсеткіштен әл­денеше есе аз. Танапқа дән сіңіріп болғанша қар суы кеуіп кетті. Білікті диқандардың айтуы­на қарағанда, биыл алқаптағы топырақ та кеш жылынған. Дәннің бойындағы нәр қуат беріп, көктеп шыққанымен бой салып өсе алмады. Сараптап қарасаңыз, кей өңірде дәнді кеш сепкендер тәуір өнім алған сыңайлы. Өйткені алқаптардағы дән қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ортасынан ауып барып жауған жауынға ілікті. Шілденің 15-і күні Бурабай ауданында – 17,4, Қорғалжын ауданында – 15,9, Ақкөл ауданында 13,3 мм мөлшерінде жауын жауды.

– Өңірдегі астық түсімі ала-құла, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Валерий Литовченко. – Дер кезінде жауын жаумады. Астықтың денінің сабағы қатып қалды.

Өзге аудандарға қарағанда, топырағы құнарлы Сандықтау ауданының алқаптарындағы бидай шығымы тәуір. Биыл бұл ауданда гектар берекесі 13 центнерден айналды.

– Аудан диқандары 306,4 мың гектар бидай тұқымын сіңір­ген болатын, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков. – Құрғақ­шы­лық болған жылдың өзінде еңбек­тері ақталып, тәп-тәуір өнім жинап отыр. Жалпы, егін­нің шығым­дылығы көптеген алғышарт­қа байланысты. Үздік технология­ны тиімді пайдаланған жерде биылғыдай ылғал аз болған жылы да толымды өнім алуға болатынын дәлелдеп отырған ұжымдар бар. Мәселен, біздің аудандағы «Белградское», «USАгро», «Свободное», «Максимовка» серіктестіктері, «Любимовы» шаруа қожалығы гектар берекесін 20 центнерден асырды. Демек, бұл арадағы барлық гәп жермен жұмыс істей білуде деп айтуға болатын шығар.

Табиғат сынағы оңай болған жоқ. Мәселен, жылда мол өнім жинайтын Атбасар ауданының егіндік алқаптарының – 14,6, Ар­шалы, Бұланды аудандары егіндігінің 10 пайызы көктемей қал­ды. Жаз ортасында жағдайы нашар саналған Қорғалжын ауданындағы егіндік алқаптың 34 пайызына егін шықпай, қалған 70 пайызы қанағаттанарлық деңгейде деп есептелгеннің өзінде тәп-тәуір өнім жинап, гектар берекесін 10 центнерге жеткізді. Мамандар бұл арада жаз ортасы ауа жауған жауынның септігі тиді десіп отыр.

Биыл астықты өңірдегі Сан­дық­­тау, Зеренді, Бурабай, Егінді­көл, Целиноград, Шортан­ды, Аршалы, Астрахан аудандары салыстырмалы түрде алғанда бір­шама тәуір өнім жинады деп айтуға болады. Бұл аудандардағы әрқайсысындағы гектар берекесі 10 центнерден айналды.

– Талдап қарайтын болсаңыз, гектар берекесін арттыру үшін алқаптарды парға қалдырудың да маңызы зор, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов. – Қар тоқтатудың да септігі бар. Негізінен әлеуеті зор ірі шаруашылықтарда гектар берекесінің артуы жаңа техникаға байланысты. Мәселен, бұл техникалар жерді жырту, топырақты ұсату тәрізді бес-алты процесті бір-ақ атқарады. Ал ескі техника әрқайсысын жеке-жеке орындаймын деп жүргенде топырақты қайта-қайта аударып, төңкеріп, ылғалынан айырылып қалады. Алдағы уақытта қуаңшылыққа төтеп беретін тұқым дайындау­ды қолға алмақпыз. Бұл орайда, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы қазір қуаңшылыққа төтеп беретін дән тұқымын да­йын­даумен шұғылдануда. Ал­қап­тың үстіндегі жиналған қар­ды сы­ғымдап, нығыздау тәсілі де жа­ғымды жаңалықтардың қатарын­да. Сығымдалған қар кеш ериді де, ылғал рәсуа болмайды. Облыста машина-трактор паркін жаңғырту қолға алын­ған. Мәселен, өткен жылы облыс­тың ауыл шаруашылығы құры­лымдары 47 млрд теңгеге техника сатып алды. Осы арада мем­лекет тарапынан ауыл шаруа­шылығына қаншалықты қол­дау көрсетіліп отырғанын ек­пін түсіріп айта кетуге болады. Мәсе­лен, жаңа алынған техника­лар­дың құнының 25 пайызын мемле­кет өтейді. Биыл мемлекет та­ра­пынан қайтарымсыз 39 млрд теңгенің субсидиясы төлен­ді, 31 млрд теңге несие берілді. Осы несиеге диқандар ауыл шаруа­шылығы техникаларын, тұқымын, тыңайтқышын сатып алды.

Биылғы астықтың бағасы сұранысқа байланысты. Әр тоннасы 130-150 мың теңге шамасында сатылуда. Бұл жердегі басты көрсеткіш – сапасы. Яғни қамырлылығына байланысты. Биыл өнім аздау болғанымен, ас­тық сапасы жақсы. Қазіргі күн­нің өзінде қамырлылығы – 30 па­йыз. Өңір диқандары мұндай көр­сет­кішке бұрын-соңды қол жеткізе алмаушы еді. Биылғы ыстықтың әсерінен қамырлылық жоғары болып отыр. Қатты бидайдың әр тон­насының бағасы 230 мың теңгеге жетті. Қазірдің өзінде 1 млн 500 мың тонна астық сыртқа са­тыл­ды. Ақмола бидайына 30 мем­лекеттен сұраныс бар, соның ішін­де көп мөлшерде Өзбекстан, Пәкі­стан, Иран мемлекеттері алуда.

Ендігі бір өзекті мәселе – мал азығы. Мал азығымен қамтама­сыз етуді үйлестіру үшін арна­йы штаб құрылған болатын. Әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайы әлсіз отбасылар, жалғызбасты адам­­дар назардан тыс қалған жоқ. Ал­­дын ала түзілген жоспарға сәй­кес 1 млн 260 мың тонна шөп да­йын­­дау керек болса, 97 пайызы орын­­далды. Қалған 3 пайызының есе­сін сабанмен толтыру көзделіп отыр. Осы орайда 1 млн 20 мың са­бан бумаларын дайындау керек бол­­са, бұл межеленген жоспар бү­гін­­де 50 пайызға орындалған. Қа­зір ша­руа­шылықтар егін­жай­дағы са­бан­ды буып, елді мекендерге тасы­малдауда. Мал азы­ғына қа­жетті жемнің бағасына келетін болсақ, әр өңірде әртүр­лі. Арпаның бір тоннасы 90 мың тең­генің төңірегінде, шаруа­шы­лық­тар тұрғындарға пай есебі­нен мал азығын босатуда. Ірі шаруа­­шы­лықтар басшыларына малсақ қауым­ның мал азығынсыз қалмауы ескертілген.

– Осы орайда ауыл шаруашы­лығы құрылымдарының басшы­лары­на мемлекет тарапынан қан­­ша­лықты көмек көрсетіліп жат­­қа­нын түсіндіре отырып, ен­ді өз кезе­гінде олардың да ха­лық­қа қа­рай­ласуы керегін, парыз­дар еке­нін айтудамыз, – дейді Еркеш Әленов. – Олар түсінікпен қарауда.

Қазір облыста нанның бағасын тұрақтандыру барысында қыруар шаруа атқарылуда. Әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден аспауы керек. Таяуда ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, диірменшілер, наубайхана қожайындарының қатысуымен үлкен кеңес өткізілді. Кеңес барысында нан бағасын өсірмеуге уағдаласты. Жалпы, қажетті көлем әр шаруашылықтың қауқарына қарай бөлініп, арнайы тізім жасалды. Ауыл шаруашылығы құры­лымдары диірменге бидай­дың әр тоннасын 80 мың теңгеден өткізеді.

– Мысалы, бір ауданға тұрақ­тан­дыру қорына мың тонна астық жинау қажет болса, бұл көлем әр шаруашылыққа бөлгенде ешкім де аса көп зиян шекпейді. Бір қуа­ныш­тысы, барлық шаруа­шы­лық бас­шылары бірден келісіп, меморан­думға қол қойды, – дейді Еркеш Әленов

Қазір диқандар алдағы көктем­г­е қажетті 528 мың тонна тұқымды қамбаларына құйып, тазалауда. Астықты өңірдегі ахуал осындай.