«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы темір жол саласының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Өңірде темір жол көлігі үшін өнімнің кең спектрін шығаратын темір жол кластері құрылды. Ұлттық компания отандық өндірушіге қолдау көрсетуде.
Бірінші нысан «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес компаниясы «Қазтеміртранс» АҚ үшін 1 мың ашық вагонды дайындау және жеткізу міндетін табысты орындаған «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС өндірістік алаңы болды.
– Осындай қысқа мерзім ішінде айына 150 жартылай вагон шығаруды жолға қоюға болатынына сенгендер қатары аз болды. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстан экономикасы қарқынды дамуын жалғастырып, заманауи кәсіпорындар іске қосылып, жаңа кен орындары әзірленуде, сондықтан алдағы 3-5 жылда жартылай вагондарға деген қажеттілік тек арта түседі, – деді Қ.Әлмағамбетов.
Айта кету керек, бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылды. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ биыл темір жол мұқтажы үшін 1 мың жартылай жүк вагонын өндіруге және жеткізуге 23,3 млрд теңге бөлді.
Жаңа ашық вагондар темір жол учаскелеріне бөлінді: Жаңа-Қарағанды-Брест – 325, Жомарт-Кавказ – 65, Шұбаркөл-Лужская – 200, Шұбаркөл-Вышестеблинская – 200, Қызылжар-Электр стансасы – 65 және Қоржынкөл-Электр стансасына 145 бірлік.
– «Қазтеміртранс» АҚ паркі жаңа жылжымалы құраммен толықты. Бұл ретте, жаңа инновациялық вагондардың жөндеу аралығының ұлғаюы өте ыңғайлы, – дейді «Қазтеміртранс» АҚ тасымалдауды қамтамасыз ету департаментінің директоры Нұрлан Есембаев.
Сонымен қатар, Қ.Әлмағамбетов Екібастұзда орналасқан Railways Systems KZ ЖШС компаниялар тобының нысандарын аралады. «Проммашкомплект» ЖШС-да темір жол дөңгелектерін өндірудегі жағдай туралы айтылды. Егер 2019 жылы 53 мыңға жуық доңғалақ шығарылып, жөнелтілсе, 2020 жылы – 154 мың, ал биыл шамамен 120 мың дөңгелек шығарылды. Өнім Қазақстан бойынша да, шетелдерге де қойылады.
Ал RWS Wheelset ЖШС-да темір жол осьтері мен дөңгелек жұптары шығарылады. Осы жылы кәсіпорын Петропавлдағы «ЗИКСТО» АҚ үшін 10 мың дөңгелек жұптарына және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС үшін тағы 4 мың дөңгелекке тапсырыс берді.