• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2021

Ескі ағаш – естелігің, егілген ағаш – ертеңің

873 рет
көрсетілді

Жуырда Павлодар облысы әкімдігінде 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шараларының жоспары талқыланды. Құжаттың жобасын талқылауға мемлекеттік органдар мен тәуелсіз сарапшылар қа­тысты. Талқылауда облыс­тық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қор­ғау және су ресурстары басқармасының өкілдері биыл 1 шіл­деден бастап елімізде жаңа Экологиялық кодекс күшіне енгенін айтты.

– Бюджетке түсетін эколо­гиялық төлемдердің барлығы өңірлік деңгейде табиғатты қорғау шараларына бағытталады, – дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева. – Экологиялық кодекске сәйкес 2022-2024 жылдардағы табиғатты қорғау шараларының шығындары соңғы үш жылдағы экологиялық төлемдердің сомасынан кем болмауы тиіс. Жаңа заң бойынша ірі өнеркәсіптік компаниялардың үздік технологияларға көшуі мін­деттеледі. Сондықтан үздік тех­нологияларды қолданатын кәсіп­орындар эмиссия үшін төлем­дерден босатылады. Егер де кә­сіпорын қоршаған ортаны қор­ғау мақсатында заманауи техно­логияларды енгізбесе, ол үшін эмис­сия мөлшерлемелері кезең-ке­зеңімен: 2025 жылдан бас­тап 2 есе, 2028 жылдан 4 есе, ал 2031 жыл­дан бастап 8 есе ұлғай­тылады.

Бірінші кезекте қаржылан­дыру ағаш отырғызуға ба­ғыт­талады. Экологиялық тө­лем­дерден түсетін бюджеттің көп бө­лігі көгалдандыруға бағыт­тал­мақ. Яғни басқарманың мәліметінше, өңірде мемлекеттік орман қорын ұлғайту үшін күзде аумағы 6,25 гектарды құрайтын 3 бақ орны ашылады. Бұл 7,5 млн қарағай көшеттерін өсіруге мүмкіндік бе­реді. Келесі жылы 3,6 млн кө­шет өсіретін тағы 2 тәлімбақ құрылады. Ауылдық аумақтарда 2022-2024 жылдары 248 мыңнан ас­там ағаш, ал 2025 жылдың со­ңына дейін 422 мың көшет отыр­ғызылмақ.

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқар­масының ақпараты бойынша, облыста қыркүйек айындағы сен­білікте 5 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылған.

– Бізді – экологтер мен табиғат жан­ашырларын жаңа ағаштар отыр­ғызу емес, оны күтіп-баптау, суа­ру, сонымен бірге енді өсіп келе жатқан ағаштарды күту мәсе­лесі қатты алаңдатуда, – дей­ді «Эком» бірлестігінің басшысы Светлана Могилюк.

Мәселе – ағаш отырғызуда ғана емес, оған үнемі және дұрыс кү­тім қажет. Әр көшеттің орнына өсетін жас өскіннің бой көтеруі маңызды. Биыл қыркүйек айында да облыс орталығындағы Металлургтер саябағына үйеңкі, тал, терегі бар 900-ге жуық көшет егілді.

– Саябақтағы инфрақұры­лымды азайтып, көгалдандыру қажет болды, дренаж жүйесі, суару жұмыстары бақылауда, – дейді қала әкімі Асайын Бай­ханов. – Саябақта ит серуен­детуге ар­налған ашық тор, пейнтбол, ша­ғын футбол мен баскетбол, воркаут пен балалардың ойын алаңы жасалады.

Биолог Татьяна Пономаре­ваның айтуынша, саябақтағы жер­асты суының белгілі бір бө­лі­гін сорып алу үшін көп кө­лемде ағаш отырғызатын уа­қыт келді. Саябақта қалып қой­ған ағаш түбірлері топырақтың құрамын жақсартуға көмектеседі, түбірлер біртіндеп ыдырап, жақ­сы органикалық заттарға айналады. Қазір облыс орталығындағы 43 саябақ пен алаңда 117 ағаш болса, аулалар мен көшелердегі ағаш санын әкімдік келіскен же­ке компания санайды. Алай­да жаңадан егілді деген өс­кін­дердің қурап қалуы алаңда­тады. Тұрғындардың айтуынша, ауыл мен қалада ескі ағаштардың дауыл тұрғанда болмаса, қу­рап, құлап жатқандары сирек. Сонымен бірге 3 гектар аумақ­та орналасқан «Үшінші мың­­­жылдық» аталатын Ертіс өзені жағлауындағы саябақта жаяу жүргіншілерге арналған жолақ төселіп, жарықтандыру баған­дары орнатылып, демалыс орын­дары жабдықталуда. Бақ аума­ғындағы жасыл желекті алаң суару жүйесімен жабдықталуда.

Жалпы, облыс орталығында, өңірде қанша ағаш қалды, жылда қаншасы егіледі, қаншасы ке­сіледі деген есеп қажет-ақ. Жер­­гілікті экологтер облыс орта­лы­ғында құрылыс қарқын ал­ған­нан бері ағаш саны азайып жатқанын айтады.

– Ескі ағаштар, яғни сонау 1960-1970 жылдары егілген ағаш­тар біздің жастық шағымыздың куәсі ғой. Ауру-сырқауы жоқ, жыл­­да жайқалып көктеп шығады, күзгі сары жапырақтарын қара­ңыз. Сондықтан ескі ағаштардың күні өтті, қурап қалды дегенмен келі­се ал­май­мыз. Керісінше, оны сақ­­­тауы­мыз, күтуіміз керек, – дейді зей­­неткер ұстаз Мәйкен Арынқызы

Сондықтан қала әкімдігі мен тұр­ғындары облыс орталы­ғын­дағы жасыл желектердің санын қадағалап, олардың жағ­дайын тексере алатындай жүйе қажет. Бұл қандай жүйе болуы мүм­кін? Қала әкімі Асайын Бай­хановтың айтуынша, облыс ор­талығындағы  ағаштарды түген­деу 2008 жылы ғана жүргізіліп, 280 мың ағаш бар екені белгілі болған. Кейін қанша ағаш бар еке­ні мәліметке түспеген соң, суа­­ру мәселесі туындаған. Сон­дық­тан кәдімігідей санау жүргізу қажет.

– Енді саябақтар мен алаңдар жанына QR коды бар тақтайшалар ілініп, оның көмегімен тұрғындар жасыл өсінділердің картасын кө­ріп, тексере алады. Облыс орталығында Google немесе Яндекс Maps карталарына ұқ­сас «ағаштар» картасы жасалады. Біз жоба жасаушылармен меморандумға қол қойдық. Егер компания жобаның жұмыс істей­тінін дәлелдесе, жыл сайын түген­деу қызметін сатып аламыз. Олар бізге жасыл желектердің элек­тронды картасын жасайды. Олар Google немесе Yandex Maps негізінде барлық ағаштың орна­ласқан жерін көрсетеді және түрлердің құрамын сипаттайды, – дейді қала әкімі.

Павлодар қаласында жыл сайын егілетін ағаштар қурап ба­рады. Өткен 5 жылда өңірде 65 мыңнан астам ағаш көшеттері отыр­ғызылса, оның көбі суарылмай, сол күйі қурап қалған. Бұл жа­йында дабыл қаққан облыстық арда­герлер кеңесінің мүшелері өңір тұрғындарын экологияны қор­ғауға шақырды. Тіпті 2019 жылы облыс орталығында қыруар қаржыға егілген 14 мың түп ағаш көшеттері қазір қурап қалған. Бұл көлемнен ауқымды бір бақ жасауға болар еді. Мердігер компания көшеттерді Алматыдан әкелген. Бірақ көшеттер қазан айында отырғызылған, солтүстіктің суығына шыдамай үсіп қалса керек. Көшеттерге кеткен қыруар қар­жының ізін іздеп Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жө­ніндегі жергілікті департамент тексеру де бастаған еді.

– Егілген ағаштардың күтімі бәрімізді алаңдатады. Сондықтан бірінші кезекте саябақтарда ор­талықтандырылған су құю жүйе­сімен жабдықтау  арқылы ағаш­тарды толық тұрақты күтім­ге аламыз, – дейді өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.

Осы мақсатта ағаштарды күтіп ұстау конкурстарының же­ңім­паздарымен үш жылға шарт жасал­мақ. Яғни мердігерлерге қатаң талап қойылып, суару, күту барысындағы ғылыми бағыт­қа сай жұмыс істеуіне қол­дау көрсетілмек. Бірақ қазір мерді­герге сенім бар ма? Бәрімізді алаң­дататыны, қыруар қаржы бөлінетін ағаштардың күтімсіз қурап қалатыны ғой. Сондықтан миллиондаған көшеттер гүл өсіре­тін кәсіпкерлер секілді, «Та­би­ғат жанашыры бол!» деген ша­қырумен жергілікті кәсіпкер­лер­ге бөлініп берілгені жөн сияқ­ты.

Жалпы, 2022-2024 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шараларының нақты жоспарын бекіту кезінде жергілікті тәуел­­сіз сарапшылар, экологтер, та­биғат жанашырларының ескер­тулері мен ұсыныстары еске­рілсе, дұрыс болар еді. Енді құ­жат еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар минис­­трлігімен келісіліп, облыс мәс­­лихатының қарауына ұсы­­ны­лады. Яғни алғаш рет эмис­сия төлемдері қоршаған ор­таны қорғау шараларына бағыт­тала­тыны қуантады.