• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қазан, 2021

Жиддадағы жарқын жеңістер

174 рет
көрсетілді

Сауд Арабиясының Жидда қаласында ауыр атлетикадан жас­тар арасында өткен әлем чемпионатына Қазақстаннан небәрі екі спортшы ғана қатысқаны мәлім. Олардың екеуі де асқан шеберлік танытып, алтын тұғырдан көрінді.

Жарыс жолына 102 кг сал­мақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Рахат Бекболат шыққанда оның бас жүлдені олжалайтынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Себебі ол бұған дейін де жасөспірімдер мен жастар арасында әлем және құрлық чемпионы атанып, сан рет рекордтық көрсеткішті жа­ңартты. Сыр бойының жас саң­лағы ересектер дуына да еркін қосылып, бірқатар дүбірлі додада мықтылығын мойындатты.

Р.Бекболат Жиддадағы жарыста да жасындай жарқылдады. Қоссайыстың қорытындысы бо­йын­ша 355 (155+200) кг зілтемірді еркін еңсерген ол бас жүлдені қанжығасына байла­ды. Күміс медальды иеленген Түр­кияның тастүлегі Танер Чаглар қандасымыздан 18 кг кем көтерді. Қола жүлде Ирак спортшысы Аммар Рубайави Алиге бұйырды.

Сондай-ақ кеше Руфина Шалқарованың да асқан шебер­лігіне тәнті болдық. +81 кг салмақта сынға түскен ол 247 (107+140) кг көрсеткішпен алтын­нан алқа тақты. Өзге зілте­міршілер қазақ қызына жарытып қарсылық та көрсете алмады. Мәселен, екінші орынға табан ті­реген бразилиялық Тиана Жус­­тино Руфинадан 28 кг кем көтерді. Үшінші сатыға түркия­лық Фатмагүл Чевик жайғасты. Оның көрсеткіші – 203 кг.