Бұл күндері Таиландтың Накхонпатхом қаласында волейболдан ерлер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты өтуде.
Бұл жарыста Алматының «Буревестнигі» табысты өнер көрсетуде. Тұсаукесер бәсекесінде Ирактың «Соуз Газынан» 2:3 есебімен жеңіліп қалып, көңілімізді біраз жабырқатқан жерлестеріміз есесіне келесі екі кездесуде қарсыластарын ойсырата ұтты. Атап айтсақ, жергілікті «Нахон Радчасима» мен Шри-Ланканың «СЕБ» клубтарынан 3:0 есебімен басым түсті. Кеше біздің жігіттер Кувейттің «Казмасымен» күш сынасты. Үш сеттік сайыста алматылық волейболшылардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Бұл ойында да 3:0 (25:17, 25:20, 25:22) есебі тіркелді.
Осылайша, 10 ұпайды қоржынға салып, А тобында көш бастаған «Буревестник» плей-офф сайысына жолдама алды.