Өткен сейсенбіде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі теңгенің бағамын өзгерту туралы шешімді бес түрлі факторға байланысты қабылдағанын мәлімдеді.
Ең алдымен, көптеген дамушы елдерде, әсіресе, БРИКС елдерінде (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) орын алған жағдай 1 АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның әлсірегенін байқатуда.
Екіншіден, Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы салыстырмалы түрде анық емес.
Үшіншіден, төлем балансының жай-күйі ескерілді. Ағымдағы операция шоты оң мәнге ие әрі импорттың өсу тенденциясы сақталғанымен де, ол өзіндік кері ықпалын тигізуде. Қазіргі кезде өткен қаржы жылымен салыстырғанда төлем балансының шоты 4 есе қысқарған, яғни ұлттық валютамыздың сыртқы бәсекеге қабілеттілігі әлсіреген.
Төртіншіден, экономикада әртүрлі жағдайдың орын алуы байқалды. Нәтижесінде валюталық алып-сату артып, Ұлттық банк валюта нарығындағы операцияларға араласуға мәжбүр болды.
Бесіншіден, орта мерзімді перспективада инфляция деңгейін 3-4% аралығына әкелу көзделіп отыр.
Осыған байланысты жүргізілген жан-жақты талдаулардың нәтижесінде ұлттық валютамыздың АҚШ долларына шаққандағы айырбас бағамын 185 теңге мөлшерінде белгілеу қажеттігі нақтыланды.
Бұл өзгерістің барлығы жаһандық макроэкономикалық факторларды ескере отырып, отандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық валютамыздың бәсекеге қабілеттілігін жақсарту шеңберінде жүргізіліп отыр.
Бағам өзгерісінің тұтыну бағасы индексінің өсуіне әсер етпей қоймайтыны айқын, бірақ бұл толыққанды инфляция емес әрі қысқа мерзімді келеңсіз пікірлердің туындауына әсер етіп отыр. Сабыр түбі – сары алтын дегендей, жалпы алғанда, валюта саясатына қатысты жүргізіліп отырған бұл шаралар ел экономикасының игілігі үшін жасалуда.
А.МҰСТАФИНА,
экономика ғылымдарының кандидаты.
АЛМАТЫ.