ENRС тобының құрамына кіретін кәсіпорында әулетімен болат балқытушы болып келе жатқан Баймолдиндердің бүгінгі ұрпағымен танысудың сәті түсті. Соның бірі – осы зауытта 29 жыл жұмыс жасап, №1 пештің айтулы балқытушысына айналған, жұмысшыдан бригадирдің дәрежесіне көтерілген Марат Баймолдин. Өзі елуге келіп қалдым дегенмен, еңбек шынықтырған азамат қажырлы, сөзі байсалды.
– Өзім қалада өстім, – деп бастады әңгімесін Марат, – Ақтөбенің мәдени ағарту училищесін бітірдім. Режиссерлік мамандық алдым. Сөйте тұра, мен де әке жолымен балқытушы болып кеттім. Бізді «Баймолдиндер» десе, бұл зауытта, тіпті қара металлургия саласында бәрі біледі. Өйткені, осында әкем Беркін жұмыс істеді балқытушы болып. Әкемнің туған інісі Төлеу Баймолдин осы зауыттың бірінші цехында балқытушы болып, Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген металлургі атанған, жаңалық ашып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адам. Шешем Әзима, жеңгелерім Мәлика, Бейбіт зауыттың қойма шаруашылығында жұмыс істеді. Қазір апам Сара сол салада жұмыс атқарады. Төлеу ағамның баласы Мұрат балқытушы болып жүр. Менің ұлым Еркін де еңбек жолын балқытушылықтан бастап, бес жылдан соң басқа жұмысқа ауысты. Өндірістен қол үзбей оқып, кеденнің оқуын бітіріп еді, қазір Жайсаңда қызметте.
Мараттың әңгімесінен түйгеніміз, Баймолдиндер әулетінің ер-азаматтары түгел балқытушылық кәсіпті қалаған да, әйелдер жағы қойма шаруашылықтарында қызмет атқарып отырған. Уақыт өте келе, солардың әрқайсысы өз балаларын зауытқа жұмысқа тартқан. Беркін ақсақалдың отбасымен қатар, оның інісі Төлеудің де барлық қарындастары, апалары осы жерден кәсіп тапқан.
Жұмысшы әулетінің арасында еңбек өтілдерін қосып есептейтін дәстүр бар. Баймолдиндер әулеті зауыттағы өз жұмыс өтілдерін 570 жыл деп есептейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін тоғызыншы жылы Баймолдиндердің үлкені зауыт табалдырығын аттаса, содан бергі кәсіпорынның алпыс жылдан астам тарихы Баймолдиндер әулетімен тікелей байланысты. Бір сүйсінерлігі, олардың қай-қайсы да өздері еңбек еткен кезде абырой биігінде болған.
Марат өзінің қол жеткен биігін «Былтыр «Еңбек даңқы» медалін және 200 мың теңге сыйлық ақша алдым. Кеңес кезінде-ақ, жеті жыл балқытушы болып жұмыс жасағаннан кейін пәтерге қолым жетті», деп сипаттайды.
Бір кезде өнер мектебінен сабақ алған, негізгі мамандығы режиссер болғандықтан зауыт көркемөнерпаздарының ұйтқысы екен. Осындағы тұрақты ансамбльдің мүшесі. Көңілді тапқыштар клубына қатысады. Мәдени-спорттық шаралардың бірінен қалмайды. «Бұл кісісіз бірінші цехтың өнер байқауы өтпейді. Жасы елуден асса да, бәрінің бел ортасында жүреді», деді бір құрбысы ол туралы.
Мұнда келетін негізінен Ақтөбенің Қ.Жұбанов атындағы университетінің металлургия факультетін бітірген жастар екен. Алғаш отқа жақындағанда олардың да біразы төзбей, жұмыстан шығып кететін керінеді. Енді бірқатары бірер жыл балқытушы болып, жоғары біліміне қарай қызмет бабында жоғарылап кетеді екен. Бастапқыда, оларға да тәлімгерлік көрсететін Марат сынды тәжірибелі металлургтер. Солардан келіп үйреніп, зауыттан өз орнын табады.
Біз әңгімелескен бүгінгі металлургтер зауыт басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа риза екендерін білдірді. «Барлық мүмкіндік бар. Бір мезгіл тегін тамақ беріледі. Ем алуға жағдай жасалған. Арнайы «Евразия» профилакторийі жұмыс істейді. Жыл бойына ем-дом алу үшін әр адамға 120 мың теңге қаржы аударылады. Зауыт жұмысшыларының балаларына жазда лагерьде демалуға тегін жолдама бөлінеді. Еңбек демалысымыз – 46 күн» десті.
Зауыттың пештері сөнбейді. Сол бірінші пеште ауысымдық тәртіппен 4 бригада жұмыс істейді. Ауысымдық жұмыс кестесі бойынша түн-күн ретімен ауысып келіп отырады. Жұмыс ұзақтығы – 8 сағат. Арасында бір күн демалыс, қалған уақытта жұмыс жалғаса береді. Пеште құрыш қайнап, от өзендер ағады. Соның жанында бүгінде Баймолдиндер әулетінен еңбек өтілі 29 жылды құрайтын Марат жүр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»,
Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ,
журналист.
Ақтөбе облысы.