• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2014

Қос бағыттағы құс фабрикасы 2 531 410 бас бройлер тауығын өсіруде

509 рет
көрсетілді

Өзіндік мүмкіндігі бар бол­ғанымен, шаруасы шалқи қоймаған шалғайдағы Ұйғыр ауданында да табыс көзінің кілті табылды. Нақтылай түссек, «ҚазРос-Бройлер» АҚ құс фабрикасы мемлекетке ірі көлемде салық төлеп, осы акционерлік қоғамда тұрақты еңбек ететін 1 100 адамға 45 500 теңге көлемінде орташа айлық жалақы береді. Құрылғанына биыл тура 10 жыл толатын құс фабрикасына 9 млрд. 128 млн. теңге инвестиция тартылып, 1094 га. жер бөлініп берілген еді. Нәтижесінде бүгінгі таңда құстың жалпы саны 2 531 410 басқа жетті. Аталған өндіріс орны 2011 жылдың мамыр айынан бастап ИСО, ХАССП сапа менеджмент жүйесімен жұмыс істеп келеді. Шонжыдағы құс фабрикасының тағы бір артықшылығы – бағымындағы құсқа азықты сырттан тасымалдамай, өз қажеттілігін толық өтейтін құрамажем зауыты тәулігіне 400 тонна жем өндіреді. Осындай жұмыстарға керекті 8 дана «Вальтер» тракторы, 3 «SAMPO» комбайны, 10 жүк көлігі, 5 «МАН» жем тасығышы, 10 «ХОВА» автокөліктері тағы бар. Уақыт талабына сай ең бастысы ет бағытындағы тауықтардың тез өсіп, балапандардың жылдам жетілуіне және жұмыртқа бағытындағы тауықтардың қоңын сақтауына барлық жағдай жасалған. Бордақылау және жұ­мыртқа басып шығаратын 24 корпус, сондай-ақ, сағатына 5-6 мың бас тауық сойып, сапалы дайындап, пайдалануға шығаратын цех өз алдына жұмыс істеп тұр. Міне, осындай ет және жұ­мыртқа бағытындағы алып құс фабрикасын салып, жүйелі жұ­мыс жүргізу үлкен жетістік әрі жергілікті биліктің дәл осы салада үйлестіре біліп ұтқанын да көрсетеді. Шонжыдан небәрі 15 шақырым жерде орын теп­кен «ҚазРос-Бройлер» АҚ Қазақ­станның ішкі рыногында құс етін өндіретін өте ірі өндіріс ор­ны болып саналады. Жобалық қуаты жылына 29 000 тонна құс етін өндіріп, еліміздегі құс етіне сұраныстың 14 пайызын өтеп отыр. Тұтастай алғанда, ел эконо­ми­касын көтеру арқылы тұр­ғындардың тұрмысын түзеудің бір жолы инвестиция тарту мәселесі аудан басшысының төл міндетіне кіретіндіктен, осы сауалға жауап іздеген едік. «2008 жылы ауданымызға 62 млрд. 293 млн. теңге инвести­ция тартылып, соның басым бөлігі «ҚазРос-Бройлер» құс фаб­рика­сының құрылыс жұмыс­тарын жүр­гі­зуге және талапқа сай жұмыс іс­теуіне қажеттіліктерді сатып алу­ға жұмсалды. Ауданға инвестиция тарту мәселесін жан-жақты айтсам, ағымдағы жылы аудан аумағында халықаралық маңызы бар инвестициялық жобалар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы мен Іле өзеніне салынатын көпірдің құрылысы бас­талады. Өндіріс саласы бойынша былтыр 6 млрд. 868 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, арғы жылмен салыстырғанда, өндірілген өнімнің нақты индексі 107,7 пайызды құрады. Жалпы, өнеркәсіпте жұмыс орындары қысқарған жоқ. Бұл салада 3 жаңа нысан іске қосылып, 13 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл өнеркәсіп өндірісінде құс фабрикасы 6 млрд. 983 млн. теңге, үй шаруашылығы өндірісінде 850 млн. теңге, жерасты табиғи суын өндіру және тағы басқа өнімдерден 7 млрд. 998 млн. теңге көлемінде сапалы өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Қазақстан Республикасы Үкі­метінің «Үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2013 жы­лы ауданға тартылған инвес­тиция көлемі 17 млрд. 211 млн. теңгеге жетіп, арғы жылмен салыс­тырғанда, 13 млрд. 838 млн. теңгеге артығымен орындалды. Мұның сыртында «Premium Spa Resort» серіктестігінің туризм және демалыс орны, «Өркен жаю» серіктестігінің жүгері сақтайтын кешені және «Өнік» серіктестігінің жылыжай кешенінің құрылысы мен «Тельманжан» шаруа қожа­лығының жаңадан салып жатқан жүн жуу, өңдеу зауытының құ­рылыс жобалары өңірлік индус­трия­ландыру картасына енгізілді. Рас, атқарылып жатқан жұ­мыс­тармен қатар, жіберілген кемшіліктер де жоқ емес. Соны дер кезінде түзеу, яғни былтыр басталған бірқатар жұмыстарды сапалы аяқтау жердегі тоң кеті­сі­мен қайта жалғасын табады. Оған керекті қаражат мәселесі оң ше­ші­мін тапты. Елбасы «Біздің басты мақсатымыз – әлеу­мет­тік қауіпсіздік және азаматтары­мыз­дың бақуаттылығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақ­сы кепілі», деп атап көрсетті ғой. Кедейшіліктің өсуіне жол бер­меу үшін мемлекет ең төмен­гі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді белгіледі. Мем­ле­кет­тік саясатқа сай әрекет ету бас­ты міндетіміз», деді Ұйғыр ауда­нының әкімі Коюмчан Омаров. Қорыта айтқанда, «салым салу» деген мағынаны білдіретін латынның «инвестиция» термині біздің қоғамға іс жүзінде енгені құптарлық жайт. Сол инвестицияны ірі көлемде тартып, ел экономикасын дамытып, ауылда табыс көзін ашу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бір ғана өндіріс орнын ашу арқылы ауылдағы көп түйткілді шешу іскерлікті танытпай ма?! Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.