Атырауда экология, IT және медиа саласындағы Atyrau youth hackathon инновациялық жобалар конкурсының жеңімпаздары анықталды. Шешендік өнер мектебінің жетекшісі Нұрлан Азаматовтың айтуынша, конкурсқа 76 өтінім түскен. Қатысушылардың жобаларын бағалау кезінде мұнайлы өңірде іске асыруға болатын жобаларға басымдық берілді.
Қазылар алқасы 9 жобаны үздік деп таныды. Үздік жоба авторларының бірі Әсем Иманғалиева күкірттен қалдықсыз цемент өндіру тәсілін ұсынған.
– Бұл жобаның аясында үш жыл іздендім. Зерттеу жүргізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының күкіртін, мазут пен кварц топырағын пайдаландым. Біріншіден, күкіртті ашық күйде сақтаудың қоршаған ортаға экологиялық тұрғыдан зардабы бар. Өйткені күкірт адамдардың созылмалы ауруларын күшейтеді. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты күкіртті Қытайға өте арзан бағамен экспорттап отыр. Сол себептен, қалдықтарды құрылыс материалын жасау арқылы қайта қолдану туралы идеяны іске асыруды көздедім. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің зертханасында қауіпті эксперименттер жасадым. Зерттеулерім сәтті болды. Енді толыққанды өнім алу үшін бұл жобаны әлі де жетілдіре түсу керек, – дейді Ә.Иманғалиева.
Осы жобасы үшін Әсем Иманғалиева бірінші жүлдеге ие болды. Сондай-ақ «Атырау-Білім», Quic pro командалары жеңімпаз деп танылды. Оларға 300 мың теңге сертификаттары тапсырылды. Екінші жүлде үшін 200 мың теңгенің сертификаты Назерке Арманқызы, Алтынай Серікбай және «Есту аппараты» командасына берілді. Үшінші жүлденің 100 мың теңгелік сертификатын Жанель Мырзатаева, Наруалитхан Хайруллин мен Bir jol командасы иеленді.