Ресми статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда Алматыда 14-28 жас аралығында 506 мың жас тұрғын бар. Бірақ мегаполиске білім, жұмыс іздеп ағылған адамдардың, әсіресе, жастардың саны әлдеқайда көп екені анық. Бұл ретте көші-қон деңгейінің жоғары болуына байланысты жыл сайын қалаға 35 мыңға жуық жас келеді және 20 мыңға жуығы кетеді.
Қай кезде де «Жастар қаласы» саналып келген Алматының жастар саясатын дамытудың 2025 жылға дейінгі өңірлік жоспары бар. Осы бастама аясында 125-тен астам іс-шараны іске асыру көзделген.
Сонымен жуырда онлайн режімде жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласы әкімі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Отырыста Алматы жастарының дамуына әсер ететін өзекті мәселелер талқыланды. Олардың ішінде өзін өзі жүзеге асыру, жеке кәсіпкерлікті бастау мен жүргізу, нәтижелі жұмыспен қамту, сапалы білім алудың қолда бар мүмкіндіктері, сондай-ақ жастардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыруда қала әкімдігімен бірлескен жұмысқа қатысу жайы қаралды.
Жиын барысында атап өтілгендей, жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша Алматы жастарының өз өміріне қанағаттану индексі жаман емес. Мектеп (14-17 жас: 71,7%) және студент (18-21 жас: 74,0%) жастары арасында өмірге қанағаттану деңгейі ең жоғары көрсеткішке жетті. Оң бағалар Наурызбай (71,8%), Жетісу (69,7%) және Бостандық (68,9%) аудандарының тұрғындары арасында басым.
Ресми деректерге сүйенсек, Алматы жастарының әрбір екінші өкілі жұмыспен қамтылған – 63,7%. Қазіргі жұмысы жастардың 64,4%-ын қанағаттандырады. Бұл ретте кәсіпкерлік іске мүдделіліктің жоғары деңгейіне қарамастан, өзін өзі жұмыспен қамту қазіргі таңда жастардың әрбір он біріншісіне (8,6%) тиесілі.
Жалпы, талдау қорытындысы бойынша жұмыстың 5 негізгі бағыты айқындалды: сапалы білім беру, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй және кәсіпкерлікті дамыту, атаулы-профилактикалық жұмыс, саламатты өмір салты.
Қаланың қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Р.Бекбергенов жұмыстың басым бағыттарының бірі – NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді нысандарына тарту екенін айтты. Осылайша, жүйелі жұмыс аясында биыл Жұмыспен қамту орталығы арқылы 6 404 жас тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 390 студент қабылданса, 8 634 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де белсенді нысандарына жіберілді, оның ішінде жастар практикасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, «бірінші жұмыс орны» жобасы бар. Сондай-ақ 900 жас «Жасыл ел» жобасы аясында уақытша жұмысқа орналастырылады. Жастар ресурстық орталықтарының жанында NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі арнайы штаб жұмыс істейді.
Арнайы мобильдік топтар жеке жұмыс жүргізіп отыр. Олардың мақсаты – адам көп жиналатын жерлерде қалалық жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін түсіндіру. Бүгінгі таңда мобильді топтар аудандық жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, қаланың барлық ауданында 20 мыңнан астам адамды қамти отырып, 55-тен астам акция өткізді. Осыған ұқсас жұмысты қаланың базар өкілдері бірлесіп жүргізеді, онда арнайы жастар пункттерін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, онлайн форматта жұмыспен қамту бойынша атаулы жұмыс жүргізу мәселесі қосымша пысықталып жатыр.
Отырыс барысында кеңес мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікті дамыту, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша нақты ұсыныстар жасады.
Отырыс соңында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жастар қоғамдастығын, оның ішінде жастар ұйымдарының көшбасшыларын қала әкімдігі жанындағы жұмыс істейтін мамандандырылған жұмыс топтарының құрамына қосу арқылы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленеді. Басым бағыттардың ішінде жас алматылықтарға кәсіптік бағдар беру бойынша консультациялық көмек көрсетуге, оларды қайта оқыту және кадрларды қайта даярлау бағдарламаларына тартуға, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіруге баса назар аударылды. Жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы жоғары екендігі ескеріле отырып, бизнес жүргізу үшін қолда бар мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шараларын түсіндіру жұмыстарын күшейту ұйғарылды.