Бірде Үндістанға барудың сәті түсті. Онда «Қазақфильмнің» шығармашылық тобы кезінде Кашмирдің патшасы болған Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) жайлы деректі фильм түсірмек болды. Кашмир астанасы Сринагарда, Ганга өзенінің жағасында болып, біраз түсірілімдер жүзеге асырылған соң, қалғанын Делиде де жалғастырмақ болып, Үндістан астанасына қайтып оралдық. Ол кезде Қазақстанның Үнділер еліндегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Омаров еді (Ол қазір Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі). Оған сол жолы 2010 жылы орыс тілінде шыққан «Ислам – религия мира и созидания» атты кітабымды сыйладым. Келесі күні Қайрат ініміз «Кітабыңызды қарап шықтым. Қазақтың тарихы, халқымыздың руханияты, жұртымыздағы ислам діні мен мәдениеті жайлы жақсы жазыпсыз. Әйтпесе, күні кешеге дейін «қазақ көшпелі өмір сүрді, қала мәдениеті болған жоқ» іспетті пікір үстемдік етіп келді ғой. Еңбегіңізде қазақтың ежелден мәдениетті, өркениетті ел екендігін, өзіндік өнері мен мәдениеті болғандығы жақсы көрсетіліпті. Осы дүниеңіз ағылшын тіліне аударуға сұранып-ақ тұр», деді. Мен ойланып қалдым. Қайраттың ұсынысының жаны бар-ды. Қолға алуға болатын-ақ іс екен деген пікірге бекіндім.
«Ислам – религия мира и созиданияны» (Алматы, 2010) «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қоры шығарып, бүкіл елімізге тегін таратқан болатын. Баспасөзде де жақсы пікірлер білдірілді. Үндістаннан Алматыға қайтып келген соң, кітапты ағылшын тіліне аудару және оны шетелде шығару мәселесін ақылдаспақ болып, сол кездегі Сыртқы істер министрінің орынбасары К.В.Жигаловқа жолықтым. Константин Васильевичпен КазГУ-де қызмет етіп жүрген кезден таныс едім. Араласып тұратынбыз. Ол кітапты ағылшын тіліне аудару идеясын құптай келе, Лондоннан баспа табуға көмек көрсету жайлы осы елдегі елшімізге тапсырма берді. Кейін елшілік Лондондағы «Стейси» атты халықаралық баспамен келіскендерін, олардың кітапты шығаруға әзір екендіктерін мәлімдегендерін хабарлады.
Арада біраз уақыт өткенде кітап ағылшын тіліне аударылып бітті. Осы тілдің білгірлері тәржімаға жақсы баға берді.
Сонымен, «Стейси» баспасына қолжазбаны жібердік. Олар қарап шығып, басуға дайындай бастады. Арада біраз уақыт өткенде кітаптың алғашқы таралымы дайын болғаны туралы хабар жетті. Содан ұзамай 2012 жылдың наурызында кітаптың тұсаукесеріне шақыру да келді. Алматы – Лондон ұшағымен жолға шықтық. Англия астанасында бізді елшілік қызметкерлері күтіп алып, қала ортасындағы атақты Гайд парк жанындағы мейманханаға жайғастырды.
Бірер сағаттан соң, елшіміз Қайрат Әбусейітов бізді түскі асқа шақырды. Қайратты бұрыннан білетінмін. Ол КазГУ-дің тарих факультетін және оның аспирантурасын да бітірген-ді. Анда-санда кездескенде сәлемдесіп тұрушы едік. Кейін ол Сыртқы істер министрінің орынбасары секілді лауазымдарды да атқарды.
Кеш түсті. Лондондағы директорлар институтында тұсаукесер салтанатына жиналдық. Оған Ұлыбританияның зиялы қауымы, оқу орындарының профессорлары, дипломатиялық корпус өкілдері мен университет оқытушылары және студенттер қатысты. Кешті Қайрат Әбусейітов ашып, жүргізіп отырды.
Сөйленген сөздерді менің Англияның Шотландия университетінде (Эдинбург) оқитын қызым Мүнира мен «Хабардың» Англиядағы тілшісі жазып отырды. Кейіннен біз Лондоннан оралған соң, «Хабар» тұсаукесерді өз арналары бойынша көрсетті.
Әуелі сөз «Стейси» баспасының директоры Том Стейси мырзаға берілді. Ол ұзын бойлы, ақ шашты кісі екен. Жасы жетпісті алқымдап қалған сияқты.
Елші мырза, Бас мүфти, ғалымдар және достар. Мен Том Стейсимін деп бастады ол сөзін. «Есімім осы тамаша кітапты жариялаған баспамен байланысты. Әріптестерім оны шығару үшін біраз еңбектенді және барлығы ойдағыдай болып шықты деп есептеймін. Кітаптың ағылшын тілді елдерде жоғары бағаланатынына сенімдімін. Баспагер ретінде осындай маңызды дүниені шығару біз үшін үлкен құрмет екенін де айтқым келеді. Мен Қазақстанмен жақсы таныспын және бұл кітаптың алғашқы аспектісінің, бейбітшілік пен сабырлықтың, түсіністік деңгейінің маңыздылығын өз тәжірибелерімнен білемін. Қазақстанның қонақжай ел екені дүйім жұртқа мәлім. Ол елде сіз қай дінді ұстансаңыз да сізді құрметтейді.
Исламның халықаралық деңгейдегі беделі осылайша қалыптасқан. Мен Бас мүфтиді өзгелерге қуаныш сыйлап жүретін адам деп есептеймін. Тіпті, қазірдің өзінде ол менің сол жағымда тұрып «нұр шашып тұр». Қазақстанда болғанымда Алматыдан Астанаға ұшып бара жатқанда бұл кісіні ұшақта көргенмін. Сонда мен ол кісінің жүзінен жылулық шашырап тұратынын байқап едім. Ол өмірден көбінесе құлшылық ету және Жаратушымен байланыс орнатудан тұратын өз бақытыңды табуға болатындығын көрсетеді. Бұл таңғажайып нәрсе ғой.
Менің Қазақстанның өз беделін қалыптастыруда таңдаған жолының туралығында күмәнім жоқ. Бұрын-соңды ешкім білмейтін елден ол қазір әлем білетін жұртқа айналды және елші мырза айтып кеткендей, Бас мүфтидің бұл еңбегінің арқасында қазір ол көпір іспеттес. Біз бұл кітапты болашақта Ұлыбританияның барлық уәлаяттарына таратуға тырысамыз. Бұл дүниеге біз бар жүрек лүпілімізді салдық. Оны менің ірі университеттердегі әріптестерім оқыған кезде сезінеді. Кітап жоғары деңгейде жазылған. Осылайша, Исламның беделі ең алдымен Қазақстанда қалыптасатын болады. Тағы көңіл аударатын бір мәселе Бас мүфтидің бұл еңбегі – ақпаратқа толы дүние. Оны ислам өркениеті туралы жан-жақты сөз етуімен, өзіндік терең талдауымен, қазақ елінің исламға қосқан үлесінің молдығы дәлелденген, парасаттылықпен жазылған, оқырманға өте қызықты, ерекше шығарма дегім келеді.
Қазақстан Бас мүфтиінің бұл кітабының қосымша тағы да шығарылатын мыңнан астам саны АҚШ, Еуропа, Австралия, Латын Америкасы, Азия және Африка елдерінде таратылатын болады.
Айта кететін нәрсе, жуырда Қазақстанда тағы да болдым. Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында көш бастап келе жатқаны, түрлі салалар бойынша қарқынды дамып жатқандығы таңғалдырды. Астана мен Алматы шаһарларының көркіне, табиғатына, қазақ халқының қонақжайлылығына ерекше сүйсіндім. Қазақстан болашағы зор мемлекет».
Одан соң келесі сөз Оксфорд университеті Ислам зерттеу орталығының PhD докторы, орта жастағы Басил Мұстафаға тиді.
Ол «жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының елшісі Қайрат Әбусейітов мырза және шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет, ханымдар мен мырзалар! Бұл ерекше кітаптың тұсаукесерін атап өту үшін бүгін сіздермен бірге болу мен үшін зор құрмет. Кітапты қарап шығуға бар-жоғы бір-екі күн уақытым болды. Бас мүфтидің еңбегі мені барлық жағынан таңғалдырды. Әсіресе, баяндаулары ұнады», дей келіп, еңбекте көптеген күрделі мәселелерге талдау жасалғанын атап көрсетті.
«Кітапты оқи келе Қазақстан аумағында Отырар, Тараз, Меркі, Түркістан, Исфиджаб-Сайрам, Женд, Сығанақ секілді тағы да басқа мәдени және рухани орталықтар болғанының куәсі болдық», деді ол одан әрі.
Одан кейін сөйлеген Кембридж университетінің Орталық азиятанушысы, профессор Сидхард Саксена орта бойлы, үнді текті қара торы кісі екен. Ол «Қазақстанмен шамамен 25 жыл танысқанын, Кембриджде Қазақстан Республикасындағы исламның жаңаруын зерттеп жүргендерін айтты.
«Қазақстанға VIII ғасырда жеткен ислам діні өзімен бірге мәдениет пен ағартушылық ала келді. Философ Әбу Насыр әл-Фараби, сопылықты ұстанған Қожа Ахмет Ясауи ғылым, білім жолында аянбай еңбек етті. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің бұл кітабы қазақстандықтардың Исламға деген қосқан сүбелі үлесі және батыс оқырмандарына тартуы деп білеміз.
Соңғы жылдары Еуропада Ислам фундаментализмі, терроризмі деген шығып, жұртты дүрліктіруде. Қазақстан Бас мүфтиінің мына еңбегі соны жоққа шығарумен де құнды» деп бітірді сөзін ол.
Кеш соңында сөз маған берілді. Мен аталмыш рәсімді ұйымдастыруға қолғабыс еткені үшін елші және елшілікке ризашылық білдірдім. Одан кейін кітаптың жазылу жайына тоқталдым. «Бұл менің 20-шы кітабым. Бірақ ағылшын тіліндегі бірінші еңбегім», – дедім. «Біз Орталық Азия және Қазақстан халқы ислам дінінің, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанып келе жатқанымызға 1000 жылдан асты. Орталық Азия мен Қазақстанда шамамен 50 млн. халық, тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Орталық Азия және Қазақстан халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ. Біз ислам өркениетін, мәдениетін байытуға үлес қостық. Имам әл-Бұхари, Имам ат-Тирмизи, Әбу Райхан әл-Бируни, Ұлықбек, Мұхаммед Захир ад-дин Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулатилер түркі халықтарының ортақ мақтанышы. Қазақ даласында Түркістан, Отырар (Фараб), Сығанақ, Сауран, Исфиджаб, Женд, Тараз, Баласағұн секілді үлкенді-кішілі ислам орталықтары болды. Одан барлығы 250-ден астам ғалымдар шықты.
Тәуелсіздікті бізге Алла тағала 1991 жылы берді. Біз қазір жаңа ел, жаңа мемлекет құрып жатырмыз. Ең қиын жылдары, 1991-1995 жж. Президент Н.Ә.Назарбаев Еуропадағы, сондай-ақ, әлемнің басқа да үздік орындарына жастарды оқуға жіберді. Англияда да бірнеше мың қазақ жастары оқиды. Қазір Қазақстан халқы 16 млн. Соның 70 пайызы мұсылмандар. Елде 2500 мешіт бар. 1 Ислам университеті, 1 имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, 10 медресе жұмыс істеуде. Дін жағынан ешқандай қысым жоқ. Президент Елордада Әлемдік діндер лидерлерінің ІІІ съезін өткізді. Осының бәрі аталмыш кітапта айтылған».
Сондай-ақ, мен қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми тарихына тоқтала келе, Қазақстанның діні, ділі, келешегі мен бүгініне назар аудардым. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі де асыл дініміз және оның мәдениетімен біте қайнасып жатқандығы, қазақ халқының өзіндік әдебиеті мен мәдениеті бар өркениетті ел екендігін қадап айттым. Қазақ жерінен бүкіл әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби, Қауам ад-дин Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани, Хұсам ад-дин Сығнақи, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді мәшһүр ғалымдар шыққандығын айта отырып, олардың шығармашылығына тоқталдым.
Кітапты басып шығарған халықаралық «Стейси» баспасының төрағасы Том Стейси мырзаға рахмет айтуды ұмытқан жоқпын.
* * *
Лондонға барған зиялы қауым өкілдерінің шаһардағы Шерлок Холмс мұражайына соқпай кетпейтіні некен-саяқ шығар. Бұл есіммен өз басым өткен ғасырдың 60-жылдары ұшырастым. 1968 жылы Алматының «Жазушы» баспасы «Шерлок Холмс хикаялары» атты кітапты қазақ тіліне Қамқа Орманбаева мен профессор, көрнекті әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің тәржімасы және алғысөзімен жариялады. Хикаяның авторы, көрнекті ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл (1859-1930) еді. Жинаққа аннотациясында көрсетілгендей, «Шерлок Холмс» жайлы әңгімелердің ең таңдаулылары ғана енген. Оқырман шытырман оқиғаның шие түйінін шатастырмай шешетін тапқыр, ғажап қабілет иесі Шерлок Холмспен танысады. Көп елдерде әдетте шығарманың авторы Артур Конан Дойлдан гөрі, оның атақты персонажы Шерлок Холмс көбірек мәлім. Кеңестік кезеңде бірқатар киностудиялар Шерлок Холмс туралы көркемфильмдер түсірді.
Сонымен, Лондонның Бейкер Стрит көшесіндегі көрнекті жазушының мұражайына бет алдық. Кинофильмдерде ол көше бұрылыңқылау болатын. Сөйтсек, өмірде керісінше көше тік және ұзын екен.
Сөйтіп, ұзамай Лондонның Бейкер Стрит көшесіндегі Артур Конан Дойлдың мекенжайына келіп тоқтадық. Ол үлкен жолдың батыс жағында тұр. Төрт қабатты. Бірінші қабатта шағын дүкен бар екен. Онда өткен ғасырда, яғни Шерлок Холмс кезінде жұрт пайдаланған заттар, базарлықтар. Қалған үш қабат жазушының кабинеті, жатын бөлмесі, қаламгердің атақты шығармасы кейіпкерлерінің мүсіндері, жазушы пайдаланған заттар және т.б.
Үйдің кіреберісінде ХІХ ғасырдағы полицейдің киімін киіп алған жігіт әрі-бері жүр. Кейбіреулер оған өтініш жасап, онымен суретке түсуде. Келушілер көп. Арасында жапон, қытай, орыс, француз, үнділер де ұшырасады. Мұражай бөлмелері шағын. ХІХ ғасырда үйлер осылай салынды ма екен деп ойладық.
* * *
Күн жұма. Лондонда тұратын бір топ қандастарымыз сәлем берейік деп іздеп келіпті. Олардың кейбірі тұсаукесерде болған. Әңгімелестік. Олар негізінен Түркияның қазақтары екен. Кезінде Ұлыбритания астанасына жұмыс іздеп келіп, тұрақтап қалған. Осы жерде бірімен-бірі қыз алысып, қыз берісіп жатқандары да жоқ емес.
Ұлыбританиядағы қазақтар бірлестігінің де төрағасы бар екен. Ол Исмаил Кесіжі деген азамат. Ізет көрсетіп, иіліп төсек, жайылып жастық болып жатыр. Қазақстанға барып тұрады екен. Елден хабары мол. Әлем қазақтарының құрылтайына үнемі шақырылып тұратын көрінеді.
Сонымен, жұма намазын Ұлыбритания астанасының түріктер көбірек шоғырланған Әзизиа мешітінде оқитын болдық. Ол орталыққа жақын жерде екен. Мешіт бірнеше қабатты. Асты мейрамхана, үсті намазхана. Ертерек келдік. Бізді Фахри Балтан есімді имам қарсы алды. Ал найыбы (орынбасары), әрі азаншысы ұлты қазақ Матин Елші деген ініміз болып шықты. Имамның бөлмесіне біраз қазақтар жиналды. Түрікше, ара-арасында қазақша да сөйлесіп қоямыз. «Хабардың» тілшілері де жетіпті. Олар да сұхбатты түсіріп алды. Лондондық қазақ бауырымыздың бірі сұхбат та беріп үлгерді.
Сол бауырымыздың айтуына қарағанда, Лондонда 30-дан астам қазақ отбасылары тұрады. Солардың арасында есімде қалғаны Абдусалам Саваш ініміз. Ол барынша қонақжайлылық көрсетіп, маған шапан жапты. Лондонда тұрсақ та халқымыздың әдет-ғұрпын ұмытпаймыз, дейді ол.
Матин Елші ініміздің осында бас имамның орынбасары болғанына біраз болыпты. Бас имам екеуі маған жұма намазының алдында уағызға шығуды өтінді.
Жалпы, 10 млн. тұрғыны бар Лондонда 2 млн. мұсылман бар деседі. Шаһарда 300-ге жуық мешіт, ал намазханаларымен есептегенде 1000-нан астам Алла тағала үйлері жұмыс істеуде. Бұл осындағы мұсылман жамағатының бірлігі мен ынтымағы үлкен қауымға айналғандығын аңғартады.
Мен әлемдегі тыныштық, діндер мен ұлтаралық түсіністік пен достық, сыйластық жайлы сөз еттім. Қазақстандағы 26 ұлттан тұратын мұсылмандар мен өзге де ұлттар өкілдерінің Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ынтымақ пен бірлік арқасында Қазақстанның мұсылман елдері арасында беделінің жоғары екенін, ЕҚЫҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына да төрағалық еткенін, әлем халықтарына тыныштық пен сыйластық, мұсылмандарға бірлік пен татулық тілеп бата жасадым.
Сонан соң жұма намазы басталып кетті. Мешіт халыққа лық толды. Барлығы дерлік түріктер. Ара-арасында арабтар да ұшырасып қалады.
Ұлыбританияда бірқатар шіркеулер Еуропаның басқа да елдеріндегідей ешкім бармай қаңырап бос қалып жатқандықтан, Түркиялық бауырларымыз оларды сатып алып, мешітке айналдырып жатыр екен.
Намаздан соң қандастарымыз бас мүфти құрметіне деп мейрамханада қонақасы берді. Оған қазақтардың әйелдері, балалары да келіпті. Қазақ бауырларымыздың келіншектері түріктерше киінген. Кейбірі Қазақстандағыдай да киінгендері байқалады.
Сұхбат құрып отырмыз. Келіншектердің бірі:
– Мүфти хазірет, мұсылман қыздардың мұсылман еместерге тұрмысқа шығуына бола ма? – деп сұрап қалды.
– Жоқ, болмайды. Дініміз оны құптамайды, – дедім.
Келіншектер өзара:
– Әне, айтып едім ғой! – десіп қалды.
Бұған қарап мен бұлардың арасында осындай проблема бар екен-ау деп ойладым. Енді қайтсін. Өздері аз. Қашанғы өзара құда-жегжат болып, қыз беріп, қыз алыса берсін.
Ұзамай бауырларымызбен қош айтыстық. Ендігі барар жер – Лондон орталығындағы Ұлыбритания Орталық мұражайы. Онда Англия мен Сауд Арабиясы Корольдігі бірлесіп ұйымдастырған қажылық көрмесін тамашаладық. Мұражайдың басшысы Венеция Портер ханым бізді көрме залындағы жәдігерліктерді көрсетіп, мұражайды аралатты. Кездесу соңында аталмыш көрме жайлы сөз ететін кітапты тарту етсе, мен де «Қазақстан» атты түрлі-түсті кітапты сыйладым.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.
_______________________________
Оксфорд университетінің профессоры Басил Мұстафа (сол жақта) және Кембридж университетінің профессоры Сидхарт Саксена (оң жақта).