Алаштың аяулы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының тұрған музей-үйі әлі күнге мемлекет қарамағына өтпегені, тұрақты қаржыландыру көзі болмағасын тарихи нысанның жағдайы мүшкіл екендігі бұған дейін сан мәрте айтылып-жазылған болатын. Тұғырлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жұртшылықты алаңдатқан жайдың түйіні тарқап, музей қала қамқорлығына өтті.
1988 жылы Ахаң есімі ақталғаннан кейін Алматыда қайраткер тұрған үйлер іздестіріле бастады. Сол тұста бұл орындарды Шолпан Ахметқызы, Гүлнар Міржақыпқызы, Данабике Қаралдиналар анықтап берген. Ахмет Байтұрсынұлы тұрды деген үш үй табылғанымен, оның екеуінің орнына жаңа құрылыс нысандары салынып кеткен. Ал бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы 1934-1937 жылдар аралығында қызы Шолпанның қолында тұрған. Ахаңның көзіндей болған жәдігер қайраткердің өз атымен аталатын көшеде орналасқан.
Ақжолтай жаңалықты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлап, мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы қаулыны музейге табыстады.
«Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің кешеге дейін шешілмеген мәселелері көп болды. 1995 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қордың қарамағына берілген мұражайдың ғылыми-мәдени дамуында көп мүмкіншіліктер болмағанын жасыра алмаймыз. Қоғамдық қордың нысанды ұстап отыратындай қауқары жоқ еді. Сол себепті де қайраткердің ұлт үшін жасаған қызметтерін негіз ете отырып, арымен қызмет еткен тұлғаның мемлекеттік қайраткер екенін ескерсек, бұл кісінің артында қалған тағылым мектебі жекеменшікке берілуі өрескел қате еді. Осы қатені түзеу үшін 2002 жылдан бері БАҚ-бетінде мәселе көтеріліп келді. Ахаң мұрасына алаңдаған зиялы қауым да бұл жайға үн қосты. Арада 19 жыл өткеннен кейін талап ескеріліп, сол қаулы қолымызға тиіп отыр», дейді Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет.
Келер жылы көрнекті ағартушының туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйдің айрықша қамқорлыққа алынғаны қуанышты жайт. ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 ш. м. Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұнда А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық құнды материал сақталған.