Алдына жан салмады
Бұл күндері Оманда үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан халықаралық турнирде Алан Құрманғалиев табысты өнер көрсетуде.
14 жастағы Қарағанды қаласының тумасы биылғы жылдың қаңтар айында ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бас жүлдені олжалап, майталман мамандар мен барша жанкүйердің назарын өзіне аударған еді. Оған дейінгі рекордтық көрсеткіш еліміздің бірінші ракеткасы Кирилл Герасименкоға тиесілі еді. Атақты жерлесіміздің 2012 жылы 15 жасында қарсыластарын сыпыра ұтқаны есімізде. Міне, сол нәтижені жаңартқан Алан қазіргі кезде түрлі халықаралық додада өзінің тырнақалды табыстарына қол жеткізіп жүр.
Араб түбегінде өткен жарыста Алан Құрманғалиев жеңіс тұғырына екі рет көтерілді. Ол 17 жастағы ойыншылар арасында күміс медальді иеленсе, 15 жастағылардың сайысында бас жүлдені олжалады.
Екінші кезеңге шықты
Теннистен Испанияның Аликанте қаласында «Челленджер» санатындағы халықаралық турнир басталды.
Бірінші айналымда Қазақстанның екі өкілі – Дмитрий Попко мен Денис Евсеев өзара шеберлік байқасты. Қазіргі кезде АТР рейтингінде алғашқысы 164-орында тұрса, екіншісі 406-сатыға жайғасқан. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін ойыншылар бірінші сетте әбден тіресті. Тіпті соңғы ұпайға дейін таласып, беріспеуге бекінді. Аса шиеленісті өткен сайыс тай-брейкке дейін ұласып, 7:6 есебімен Денистің пайдасына шешілді. Екінші сетте де ол өзінің үстемдігін паш етті – 6:4. Осылайша, 1 сағат 54 минутке созылған сайыс Евсеевтің жеңісімен аяқталып, ол келесі айналымға өтті. Енді жерлесіміз Өзбекстанның танымал теннисшісі, АТР турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы Денис Истоминмен кездеседі.
Ал Тимофей Скатов Италияның Неаполь қаласында өтіп жатқан турнирдің тұсаукесер кездесуінде испаниялық Альваро Лопес Сан-Мартинге есе жіберді – 3:6, 2:6.
Китакюсюде күш сынасады
18-25 қазан аралығында Жапонияның Китакюсю қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының жалауы желбірейді.
Айтулы додада 60-қа жуық мемлекеттен 300-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде. Солардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрамасы да бар. Соңғы даярлық жұмыстарын Ресейдің Пенза қаласында пысықтаған отандастарымыз Күншығыс еліне сақадай сай әзірлікпен аттанғалы отыр. Бұл бәсекеде ел намысын бес спортшы қорғайды. Олар – Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ілияс Әзизов, Фарух Нәбиев және Ильфрат Имарджанов. Ережеге сай бір снарядта әр команда сапында үш спортшыдан бақ сынайды. Ал еркін жаттығуда Милад, Ілияс және Фарухқа сенім артылып отыр.
Команданың бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, біздің жігіттер көпсайыс, еркін жаттығу, гимнастикалық ат және кермедегі жаттығу сайыстарында финалға өтуді көздейді. Ал басты мақсат – Жапонияда бір жүлдеге қол жеткізу.