Ақтау пластикалық масса зауытына жол битумдары өндірісі – 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жемісі. Зауыт жұмысы жоғары сапалы жол битумдарын өндіру үшін тиімді болып табылатын «Қаражанбас» кен орнынан жылына 1 млн.тонна мұнай өңдеуге негізделген. Мұнайдан өндірілген тотыққан битум Қазақстанның барлық жол-климаттық аймақтарына төзімді келеді. Екі түрлі маркалы тотыққан битум өндірісінің көлемі жылына 406 мың тоннаны құрамақ. Ақтау битум зауытында дайындалатын полимерлі-модификацияланған жол битумы Қазақстанда бұрын өндірілмеген, сол себепті жол құрылысында қолданылмаған инновациялық жол материалы болып табылады. Ыстық пен суыққа төзімді, жолдың жарамдылық мерзімін ұзартып, олардың жөндеу шығындарын айтарлықтай азайтатын аталмыш бұйымның жылына 120 мың тоннасын шығару жоспарланған. Битум сапасының жоғалмауы үшін өнім өндірушілер жол битумдарын бір жолғы полимерлі көліктік ыдыстың екі түріне – биг-бэги (1000 кг) және қаптарға (40 кг) бөлшектеп орауды қолға алып отыр. Өлшеніп оралған салқын битумды қолдану тек материалдың бастапқы физика-химиялық көрсеткіштерін сақтауға ғана емес, сонымен бірге, үлкен көлемді битум қоймаларында битумдарды балқымалы түрде ұстаудағы шығындардың азаюы есебінен асфальт-бетон зауыттарында үнемділікке қол жеткізеді. Бүгінге дейін 5 мың тоннадан астам битум мен 7 мың тоннадан астам вакуумдық газойль дайындап үлгерген зауыттың болашақта өз өнімділік аясын кеңейте түсу межесі бар. Сәуір айында толық қуатына еніп жұмыс жүргізуді жоспарлап отырған өндіріс орны 286 адамды жұмыспен қамтыған. Қытайлық әріптестерінен үйрену арқылы өндірісті тиімді жүргізу бағытында тәжірибе жетілдірген мамандар жұмысқа тың күшпен кіріскен. Алдымен өңірдің, еліміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп, кейін сырт елдерге экспортқа шығарылатын жол битумы шағын болса да ел экономикасына оң әсер ететін өндіріс көздерінің бірі болады деп күтілуде. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. ---------------------------------------- Суреттерді түсірген С.МАЙЕМЕРОВ.
•
13 Ақпан, 2014
Қарқын
560 рет
көрсетілді