Жақында ғана Атырау облысындағы үш кен орнында «Ембімұнайгаз» компаниясының жұмысы тоқтатылды. Себеп – қоршаған ортаға зиян тигізген. Қызылорда облысында да мұнай шығады. Құмкөлге түнде бара қалсаңыз, лаулап жанған алауларға тап болар едіңіз. Өйткені, мұнаймен ілесе шыққан газ жанып жатыр. Аймақтағы мұнай компанияларының қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіріп жатқаны туралы сирек айтылады. Дегенмен, біз «Экосос» ұйымының жетекшісі Бақытжан БАЗАРБЕК мырзамен осы тұрғыда әңгімелесуді жөн көрдік.
– Ең алдымен, Қызылорда облысының қазіргі экологиялық жағдайына қандай баға берер едіңіз?
– Қызылорда облысының экологиялық ахуалы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда, нашар десем, қателеспейтін шығармын. Оған әртүрлі себептің барын өзіңіз де білесіз. Арал теңізінің сарқылуы мен апаты нәтижесінде өңір экологиялық күйзеліс аймағы деп танылған. Мысалы, Жаңақорған, Қазалы, Арал секілді аудандарда ауадағы азот диоксиді 1,2 есе, ал Шиеліде 1,5 есе нормадан тыс өскені жасырын емес. Байқоңырдың зардабынан Қызылорда облысының мыңдаған гектар жері мен табиғаты уланған, адамдардың арасында түрлі дертке шалдығу сипаты жыл сайын өсіп барады.
Бұған қоса, Сырдария өзені көрші мемлекеттердің экологиялық саясатының олқылығынан біршама ластанып барады. Кіші Аралға құятын өзен суының құрамында сульфаттар белгіленген нормадан 4 есе, мыс пен магний 2 есе жоғары болып отыр. Бұған тұрмыстық қалдықтардың өңделмейтінін қоссаңыз, уайым көбейе түседі.
Қысқасы, Қызылорда облысының экологиялық жағдайы жақсы деп айтуға ешқандай негіз жоқ.
– Қызылорда мұнайлы өлке болғандықтан, оның пайдасымен қатар зиянды тұстарының аз емес екені де белгілі. Осы тұрғыда не айта аласыз?
– Бір ғана мысал ретінде айтсақ, Кұмкөл кен орнынан атмосфералық ауаға азот диоксиді мен оксиді, метан, күкірт қышқылы, формальдегид сияқты ластаушы заттардың 26 түрі бөлініп шығады. Соның ішінде, мұнай компаниялары ілеспе газды жылдар бойы ауаға жағып жіберіп отыр. Ал оның күйесінен шыққан күкіртті диоксид, көміртегінің тотығы, азот диоксиді секілді химиялық қоспалар қоршаған ортаға елеулі залал келтіріп жатқаны жасырын емес.
Облыстық экология департаментінің 2012 жылғы мәліметі бойынша, 667 мұнай-газ және өзге саладағы кәсіпорындардан ауаға 27,257 мың тонна ластаушы зат шыққан. Соның 85%-ы яғни 24,427 мың тоннасы ешқандай тазартылмаған күйі ауаға тараған. Жалпы, Қызылорда облысында ауаға шығарылатын ластаушы заттардың 63%-ын мұнай және газ өндіру саласындағы кәсіпорындар шығарады. Ал «ПетроҚазақстанҚұмкөл Ресорсез» АҚ, «Саутс ойл» ЖШС сияқты компаниялар облыстық экология департаментінің жылдық есептерінде экологиялық құқық бұзушылыққа барған компаниялар ретінде көрсетіледі.
Қалдықтарды есепке алу, сақтау, кәдеге жарату талаптарының бұзылуы, өндірістік бақылаудың жоқтығы, экологиялық рұқсатсыз эмиссия шығару, қалдықтарды суға төгу, экологиялық нормативтерді сақтамау сияқты заң бұзушылықтар орын алып отыр. Ең өкініштісі, заңды бұзғандардың қатарында мүйізі қарағайдай «ПетроҚазақстанҚұмкөл Ресорсез» АҚ, «Волковгеология» АҚ, «Қазгермұнай» БК ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ, «СНПС-Ай Дан Мұнай» ЖШС сияқты кәсіпорындардың бары қынжылтады.
– Жалпы, мұнай және газ компаниялары бекітілген заңдылықтарды қаншалықты сақтап отыр деп ойлайсыз?
– Мұнай-газ компаниялары заң бойынша экологиялық қауіпті қызмет түрі болып табылады. Сондықтан олардан қоршаған ортаға зиян келтірілетіні ақиқат. Дегенмен, келтірілген зиянды реттеу мақсатында арнайы қаржы бөліп отыруға тиіс. Өкінішке қарай, мұнай және газ компаниялары өндірістегі экологиялық бақылау шараларына селсоқ қарайды. Ал олардың жұмысын бақылайтын жергілікті уәкілетті органдар мен экологиялық инспекторларының жеткіліксіздігі, кей жағдайларда олардың білімі мен кәсіби даярлығының төмендігі компаниялардың бей-берекет жұмыс істеуіне басты себеп болып отырғанын айтқан ләзім.
Компаниялар өздерінің экологиялық саясатын жетілдіруге баса назар аудармайды. Мысалы, экологиялық менеджменті қалыптасқан бірде-бір қызылордалық мұнай-газ компаниясы жоқ. Себебі, экологиялық менеджмент дегенді зауыт немесе кәсіпорын қасына көз үшін жүз ағаш егіп, қоқыстарын «мысық көмбе» жасап жерге көме салу, я болмаса қалдық суларының коймаларын қоршап қою деп қана түсінеді.
Бір ғана мысал. Қаншама компаниялар жаңа халықаралық экологиялық стандарттарды енгізеді. Бұл заңмен міндеттелмеген. Бірақ осы стандарттарды енгізген компаниялардың іс жүзінде экологиялық саясаты мен оның нәтижелері бір-біріне сәйкес келмейді. Әрине, кейбір мәселелерді толықтай орындау үшін қаржы қолбайлау болуы мүмкін. Десек те, қолдан келетін, қаржы жететін тұстарын орындауға құлықсыз.
Ең өкініштісі, компаниялардың қоршаған ортаны қорғауға жете көңіл бөлмеуі. Олар сол өңірдегі адамдардың өміріне, денсаулығына, табиғаттың ахуалына қауіп төндіретінін түсіне бермейді.
– Өкілетті органдардың тарапынан мұнай компанияларына қоршаған ортаны ластағаны үшін қыруар айыппұл салғанын естіп жатамыз. Олар сонда бұдан да қорытынды шығармай ма?
– Экологиялық кодексте келтірілген залалды компаниялардың өтеуге тиіс екені айтылған, оның жолдары да тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ іс жүзінде мұнай компанияларына қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіруге байланысты салынатын айыппұл зиянның орнын толық көлемінде ақтамайды. Себебі, компаниялар үшін қазіргі экологиялық заңнамадағы жағдай тиімді. Олар көзге көрінетін залалды ғана өтейді. Ал көзге көрінбейтін және кешенді экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, агромиялық зерттеулерді қажет ететін залал сол күйінде қалады. Керек десеңіз, мұнай компаниялары салынатын айыппұлдың шамасын жоспарлап қояды. Оларға жаңа технологияларды іске асырып, жасыл экономика талаптарына қадам жасаудан гөрі айыппұлды төлей салған оңай.Мысал келтірер болсақ, Қызылорда облыстық экология департаментінің 2013 жылдың соңғы 10 айдағы тексеру қорытындысы бойынша бір де бір қылмыстық құрамы бар экологиялық заң бұзушылық орын алмаған. Қажет десеңіз, бір де бір компанияның мемлекеттік лицензиясы немесе экологиялық рұқсатын тоқтатуға ұсыныс берілмеген. Мұны Қызылорда облысында жұмыс істеп жатқан мұнай компанияларының заңды қатаң сақтауымен байланыстыра алмайсыз. Аталған мәселенің түп негізі, заңның кейбір тұстарының дұрыс әзірленбеуінде деп есептеймін.
– Сонда сіз мұнай компаниялары заңды қасақана бұзады демекшісіз бе?
– Біріншіден, экологиялық зиян келтірген компанияларды жауапкершілікке тарту өте қиын. Көбіне әкімшілік жауапкершілікпен шектеліп, қажетті айыппұлын төлей салады. Ал келтірілген зиянынан туындайтын мәселелер оларды ойландырмайды. Мәселен, шикізаттың төгілу салдарынан жерасты суларына, адамдардың денсаулығына тигізетін экологиялық зиянның кейбір зардаптары бүгін белгілі болмайды. Ол кейін байқалады. Сондықтан зиян келтірген мұнай компаниясын азаматтық жауапкершілікке тартып, одан өтемақы өндіру мүмкін емес.
Онымен қоса, мұнай және газды өндіру кезінде ауаға шығарылған зиянды заттар жерге, суға, жануарларға, не жер қойнауына келтірілген залал сияқты емес. Оның шынайы және объективті бағасын шығару мүмкін емес. Ауа мен озон қабатында шоғырланған ластаушы заттар көп уақыт сақталмайды. Сол себепті, бағалау кезінде оның аэрозольдерінің диффузиялық жолмен ауаға шашырағанын анықтау өте күрделі шаруа. Сондықтан ол көп жағдайда сотта дәлелденбей жатады. Міне, осы жағдайлардан кейін мұнай және газ өндіретін компанияларға айыппұл төлеген тиімді ме, әлде қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру және кәдеге жарату шараларын жүргізген пайдалы ма? Статистикалық деректерге сүйенсек, 2012 жылы Қызылорда облысының мұнай және газ кәсіпорындары 70 мыңға жуық түрлі өндірістік қалдықтарды шығарған. Бірақ оның бірде-бірі өңделмеген, пайдаға асырылмаған, тек арнайы ұйымдарға тапсыра салған. Ал ондай ұйымдарда қалдықтарды өңдеу және іске жарату технологиялары жоқ. Олар қалдықтарды бар болғаны арнайы полигондарда не көме салады, не өзге кәсіпорын ауласында сақтап қояды. Бүкіл Қызылорда облысындағы барлық өндірістік қалдықтардың 74%-ы мұнай және газды өндіру компанияларының қызметіне тиесілі екен. Мәселенің қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Егер де заң жүзінде компаниялардың жауапкершілігін күшейтсек, бұл оң септігін тигізе ме?
– Шетелдерде табиғат пайдаланушылар экологиялық заңнаманы сақтауға, жасыл экономикаға көшуге заңдық тұрғыдан ынталандыру арқылы жүргізіледі. Айталық, таза жанар-жағармай шығарған, ауаға шығарындыларын азайтқан, төгінділерін тазартқан, қалдықтарын кәдеге жаратқан кәсіпорынды салықтан босату, мүлкінің кепіл сомасын көтеру, несие беру, тексерістерден босату сияқты жеңілдіктер берген. Бәлкім, бізге де осы талаптарға көшу керек шығар. Ал заңды күшейтіп, талапты арттырғаннан қаншалықты пайда болатыны белгісіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.