1966 жылдың жадыраған жазы. Алғабас аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Бақытжан Қалменов алдында тұрған ұзын бойлы, сымбатты жігітке сүйсіне қарап, жолдамасымен танысты.
«Қонысбеков, біздің «Алғабас» газетіне келгенің өте жақсы болды. Редакцияда өзің секілді жоғары білімді журналистер жоқтың қасы. Ауыл шаруашылығы бөліміндегі тілшінің орны бос еді», дей бергенде ол: «Бәке, менің жоғары біліміммен бұл қалай болар екен?..», деп киіп кетіп, сөз соңын жұтып қалды. Хатшы: «Сонда қалай, сенің бірден бөлім бастығы болғың келе ме?», деп дауысын көтере сөйледі. Ол: «Бәке, мен бөлімді сұрап тұрғаным жоқ», деді. Қалменов: «Ендеше қалағаның қай қызмет?», деді шүйлігіп. Ол именген жоқ. «Редактордың орынбасары қызметіне барар едім», деді ол. Хатшы мырс етті. «Қалауың тым жоғары емес пе?». Ол кекесін сыңаймен езу тартты. Қонысбеков: «Бақытжан аға, әркім өз орнын біледі ғой», деді райынан қайтпай. Қалменов басын шайқады. «Шырағым, бұл бірден шешіле салатын мәселе емес. Сол лауазымға жету үшін саған екі-үш жыл уақыт керек». Енжар үні салқын естілді. Ол: «Бәке, жағдай солай болса, сізге ренішім жоқ. Маған сіз де ренжімеңіз», деп кабинетінен шығып кетті. Сол бойда облыс орталығы Шымкентке барып, өзі үш жыл қатарынан өндірістік тәжірибеден өткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің есігін ашты. Редактор Әсет Тілеукеев ауруханада емделіп жатыр екен. Оның орынбасарлары Өскенбай Әмзеев пен Әлім Тұяқбаев ақылдаса келіп, секретариат бөліміне қызметке алған. Ол әуелі секретариаттың қара қазанында қайнады. Содан соң бөлім басқарды. Кейін редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Шымкент обкомы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Суботин насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушы қызметіне кандидатты ұзақ таңдады. Ақыры ықыласы облыстық газеттің қызметкері Байдулла Қонысбековке түскен. Ұсыныс жасап еді, Қонысбеков жылы орнынан қозғалғысы келмей әуелгіде тартынды. Суботин араға редакторды салып, көндірді-ау әйтеуір. Сол кезде обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров еді. Ол анкеталық деректерін қарап шығып: «Суботин, сен маған кімді әкеп тұрсың? Мынауың жасы қырық төрттен асқан егде ғой, деді қатқыл үнмен. – Мұның жасындағылар қазір аупартком мен горкомның бірінші хатшысы, ОК бөлімін меңгерушілері. Сонда мұнда қандай болашақ болмақ?». Сол сәтте Суботин: «Асанбай Асқарұлы, басқа лайықты жанды таппадым», деді ағынан жарылып. Асқаров оның құжаттарын қайта қарап: «Бұл жігіттің партиялық жұмыстан хабары бар ма өзі?», деді тіксініп. Суботин қипақтап: «Бес жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы болған», деді. Асқаровтың қату қабағы лезде жазылды. «Е, е, онда мұның жөні бөлек. Бастауыш ұйым дегеніңіз біздің түп қазығымыз ғой». Байдуллаға сұқтана қарады.
– Суботин, бұл жігітті дұрыс таңдапсың. Дайын партия қызметкері. Құжаттарын бюроның қарауына дайында, – деді жайдары жүзбен. Қабылдаудан шыққан соң Суботин: «Байдулла, Асқаровичтің сынағынан кез келгендер өте бермейді. Жаңа қызметіңмен құттықтаймын!», – деді қуанышын жасырмай.
1985 жылы Асанбай Асқаров зейнеткерлікке шығып, орнына Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Рысбек Мырзашев бюроның шешімімен тағайындалды.
Арада үш күн өткен соң кешкісін, жұмыс күні соңында бірінші хатшы Қонысбековты өзіне шақыртқан. Сонда оның ойы он саққа жүгірген. «Неге шақыртты?.. Қызметте жоғарылату үшін бе?..». «Ол мүмкін емес». «Әлде қызметімнен кемшін көрді ме?..». «Оның да қисыны жоқ». «Ақылдасу үшін бе?..». «Бөлім меңгерушілері тұрғанда оның да тіпті реті жоқ». «Не де болса, бара көрейін». Мырзашев ертең Созақ ауданында болатын аупарткомның пленумына баратынын, онда жаңадан бірінші хатшы сайланатынын, өзінің сөйлейтінін, соған 15-20 минуттік мәтін дайындауын өтінген. Сөз ретінде ол: «Менің жұртпен амандасып, қал-жағдай сұрасуға қазақша тілім жетеді. Алайда үнемі орысшасы мол ортада жүргендіктен болар, орыс тілінің жетегінде кетіп қала беремін. Көмекшілерім сіздің қазақшаңызды, тілдің маманы екеніңізді айтты. Жұртты жалықтыратын цифрларды көбейтудің қажеті жоқ. Жер жағдайына, халқының көңіл күйіне көбірек көңіл бөліңіз. Бұл жақта «теріскей», «күнгей» деген атау сөздер бар екен. Бұл сөздердің де мәні мен мағынасын түсіндіре кетсеңіз мен үшін аса қажет-ақ. Осындағы барлық бөлімдер сізге мәліметтер беруге көмектеседі. Біз таңертең сағат 7-де жүреміз. Ал сіз дайындаған сөз мәтінін кезекшіге беріп кетерсіз», деді.
Уақыттың тығыздығын айтсайшы. Бірінші хатшы бұл тапсырмасын бірер күн бұрын бергенде ғой. Бөлімдегілер цифрлардан көз сүрінетін мәліметтерді әкеп үстелінің үстін толтырып тастады. Қонысбеков соларды қарап шығып, ойын жинақтап мәтінді жазуға кірісті. Түнгі сағат бір шамасында қағазға түсірген мәтінді ғимараттың есік көзінде отырған кезекшіге беріп, пәтеріне оралды.
Қонысбеков жалпы бөлімнің тапсырмасымен Бөген ауданында екі күн халықтан түскен арыз-шағымды тексеріп, келген бойда болған жайдың анықтамасын қағазға түсіргені сол еді, алдындағы телефон шылдыр етті. Тұтқаның арғы жағынан қабылдау бөлмесінде отырған қыз біріншінің шақырып жатқанын жеткізді. Бұл жолы көңілінде қобалжу болған жоқ. Мырзашев жылы шыраймен қарсы алып: «Созақ ауданына барып, жұртпен кездесіп қайттым. Менің сөзімді дұрыс, әсерлі дайындапсыз. Мақал-мәтелді де тауып, орнымен қолданыпсыз. Ауданға барғанша-ақ оқып, бұл аймақ туралы толық хабардар болдым. Сол үшін өзіңе рахметімді айтайын деп шақыртқан едім», деді жымиып. «Демек сыннан өттім». Бірінші хатшыдан алғыс алған ол кабинеттен қанаттанып шықты.
Бір жолы Рысбек Мырзашев оны тағы шақыртты. Екеуара әңгіме «Южный Казахстан» газетінің редакторы Роман Зуевтің зейнеткерлікке шығуына байланысты болған. Бірінші оның орнына лайықты кім барын сұрағанда ол сонда жиырма жылдан бері істеп келе жатқан Кунгурцевті ұсынды. Мырзашев оны қаперіне алып: «Ал енді негізгі мәселеге көшейік, – деп насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі орынбасарының орны босағанын, сол орынға өзін ұсынғалы отырғанын ескерткенде Қонысбековтің ат-тонын ала қашпасы бар ма: «Рысбек Мырзашұлы, сеніміңізге рақмет! Бірақ мен бұл орында істей алмаймын», деді. Мырзашевтың неге деген сұрағына ол: «Мен орыс тіліне онша жетік емеспін. Әсіресе, жазуға келгенде, көп қиналамын. Ал обкомда барлық іс-қағаздары орыс тілінде жүреді», деді. Мырзашев: «Орыс тілінде сөйлей аласың ба?», деп сұрады. Ол: «Сөйлеуін сөйлеймін ғой», деді қысылып. Мырзашев: «Е,е онда жарасы жеңіл екен. Мен мүлдем сөйлей алмайды екен деп қалып едім. Едәуір еңбектенсең, орыстың тілін де жақсы меңгеріп кетесің. Алтыншы ноябрьде бюро, дайын бол», деді.
Солай Қонысбеков 6 қарашада жаңа қызметке тағайындалды.
1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы ОК кезектен тыс пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылып, орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы Геннадий Колбин сайланды. Алматының студенттері мен жұмысшы жастары пленумның бұл шешіміне наразылықтарын білдіріп, алаңға шықты. Республикадағы ахуал күрт өзгерді. Шымкенттің жастары да түнде Коммунистік даңғылы мен Совет көшесінің бойына плакаттар іліп, наразылықтарын білдірді. Соған байланысты МҚК-нің қызметкерлері 6 қыз баланы қамауға алған. Обкомда облыстың барлық жауапты қызметкерлерінің шұғыл жиыны болды. Рысбек Мырзашев барлығын сабырлылыққа, әділеттілікке шақырып, құқық қорғау органдары қызмекерлеріне: «Жастарға қиянат жасамаңыздар, қателіктерін дұрыстап түсіндіріңіздер, оқу орындарының басшыларына да осы сөзімді жеткізіңіздер. Олар мына сіздер мен біздердің балаларымыз. Ертеңгі болашағымыз. Сондықтан әділетсіз шешім болмасын», деді. Сонда жұрт оның жанашыр нұсқалы сөзіне риза болған. Енді мұны ұлылық демей көр.
Қонысбековтің алдындағы телефон безек қақты. Тұтқаны құлағына тосып еді, арғы жағынан аптыға сөйлеген кісіні дауысынан таныды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов. Ол Созақ ауданының тумасы, сөз зергері, жазушы Тәкен Әлімқұловтың қайтыс болғанын хабарлай келіп, оның «Мені Баба Атаға жерлеңдер» деген ең соңғы аманатын орындауға машинамен мәйітін алып кеткенін, жерлеу рәсіміне Алматыдан бір топ ақын-жазушы кешке пойызбен шығатындарын, оларды Шымкенттен көліктермен алып бару жағын ұйымдастыруды айтты. Қонысбеков: «Ау, Қалеке, бұл тапсырмаңызды орындау менің қолымнан келмейді. Осындағы хатшы немесе бөлім бастықтардың біріне шықсаңызшы», деп еді ол: «Үлкен бір облыс халыққа қадірлі жазушысын жерлеуді ұйымдастыруға шамасы келмейді десем, ұяты сіздерге келеді. Хатшың мен бөлім бастықтарыңа өзің айтарсың». Тұтқадан дыңылдаған үн естілді.
Қонысбеков не істерін білмей шарасыздықтың күйін кешті. Идеология жөніндегі хатшы Әсем Сүлейменқызы мен бөлім бастығы Валерий Гавричков іссапарда. Ал бірінші хатшыға шығудың ретін таппай отырғанда ойына облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дүйсенкүл Бопова түсе кетті. Сол кісіге телефон шалып, қабылдауын өтінді. Кабинетінде күтіп отыр екен. Қонысбеков оған мән-жайды баяндады. Жерлеуді ұйымдастыру мәселесімен бірінші хатшыға шығуын өтінді. Бопова Мырзашевқа телефон шалып, Қонысбеков екеуі өте бір маңызды шаруамен кездескісі келетінін жеткізді. Ол құп көрді. Кабинетіне барған бойда Бопованың ишаратымен Қонысбеков жағдайды баяндап, көрнекті жазушыны Созақ ауданында жерлеуді ұйымдастыруға көмегі қажеттігін қысқа да нұсқа етіп жеткізді. Мырзашев: «Бұл елге де, басшыларға да сын екен, – деп телефон тұтқасын көтеріп, Созақ ауданының бірінші хатшысы Шерімқұловпен сөйлесті. «Досыбай, қаралы жиынның басы-қасында өзің бол. Қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары келіп жерлеуіне қатыспақшы. Аудан басшылары немқұрайлық танытпасын. Ертеңгі күні мен де, сен де жерге қарап, ұятты болып қалмайық. – Ол телефон тұтқасын орнына қойды да. – Байдолла, (оны осылай атаған) қанша көлік керек, оны өзің шешіп, мекемелерге менің атымнан тапсырма бере бер», деп орнынан тұрды.
Ертеңіне бір «Рафик», үш «Волгамен» Алматыдан келген қонақтарды қарсы алып, Созаққа қарай жол тартты. Ел елдігін жасады. Тәкен Әлімқұловты жиналған барша қауым қимас көңілмен ақтық сапарына шығарып салды.
1987 жылы Байдулла Қонысбеков облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөнінегі комитеттің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі Камал Смайловтың қабылдауына барғанда: «Шерхан Мұртаза мақтап жүретін журналисі сен екенсің ғой. Шерханның талғамы кез келгенге түсе бермейді», деген еді. Жоқ жерден бар жасау оңай ма. Ия, Қонысбековке комитеттің телеорталығын құрып, жұмысын жолға қою оңайға түспеді. Жоқтан бар жасады. Өзі облысқа танымал тұлғалармен «Бетпе-бет» тікелей сұхбат-бағдарламасын жүргізді. Ұлттың рухани құндылықтарын алға шығарды.
Түркі әлеміне белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт: «Журналиссимус қой бұл Байекең! Сексеннің сеңгіріндегі бұ кісі бүгінде облыс журналистерінің төбе биі ретінде танылған. Әбден мойындалған. Қаламгерлер қауымы толайым-тұтас тыңдайды. Облыстық газетте жаухатшы болды. Қолбасшының оң қолы. Оншақты жыл осы қызметте істеді. Қабақ шытпастан. Күні-түні. Обкомда істеді. Он бес жылдай облыстық теледидар мен радионы басқарды. Жәлел Кеттебеков өте орынды жазғандай, сол кезеңдердегі облыстың руханиятын Байдулла Қонысбековтің бейнесінсіз елестету мүмкін емес-ті», деп жазған.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты