• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қазан, 2021

Стратегиялық маңызды экожүйе

286 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар Каспий теңізінің биологиялық алуандығын сақтау туралы хаттаманы ратификациялады.

Отырыста депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвен­цияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы рати­фи­ка­циялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Бұл Хаттама жануар­лардың қорғалатын түр­леріне және олардың мекен ете­тін ортасына кері әсерін тигі­зе­тін іс-әрекеттерді реттеуге мүмкін­дік береді. Хаттаманы ратифи­ка­­ция­лаған елдер қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге неме­се ор­на­ластыруға тыйым салу­ды енгізуге жағдай жасайды. Сон­дай-ақ құрылыс немесе іздес­тіру жұ­мыстарына байланысты кез кел­ген қызметті реттеуге бағыт­тал­ған басқа да табиғатты қорғау ша­раларын қабылдауға жол ашады.

Аталған заң жобасы жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуын­ша, Хаттаманың мақсаты – Кас­пий теңізінің биологиялық әр­түр­лілігін, экожүйесін сақтау және биологиялық ресурстар­ды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету. «Осыған байланысты, Кас­пий маңы мемлекеттерімен мы­на­­дай шараларды қабылдау қарас­­­тырылған. Біріншіден, қор­ға­латын түрлер мен олардың мекен­деу орындарына теріс әсерін ти­гі­зетін қызмет реттеледі. Екін­ші­ден, флора мен фаунаның қор­­ға­латын түрлерін, олардың бөл­шек­терін, сондай-ақ дериваттар­ды коммерциялық мақсатта әдейі, кез­дейсоқ аулау және қажет бо­луына қарай оларға тыйым салу бақыланады. Әсіресе, кө­бею, инкубация, ұйықтау неме­се қоныс аудару кезеңінде, сон­дай-ақ басқа да биологиялық кезең­де бұзылуына әкеліп соғатын қыз­метті бақылау және қажет болған­да оған тыйым салу көзделген», деді министр.

С.Брекешевтің сөзіне сенсек, әрбір тарап теңіз ортасында және жағалау аумағында қорғалатын аудандарды бөле алады. Бұл үшін басқа тарап қарсы болмауы керек және қорғау мақсатында жүзеге асырылуы тиіс. Осыған байланыс­ты жойылу қаупі төнген түр­лер мекендейтін жерлерді, флора мен фаунаға қауіп төнген немесе эндемикалық түрлер тіршілік ете­тін аймақтар қорғауға алына­ды. Бұдан бөлек, көбею және қалпына келу үшін өңірлік маңызы бар мекендеу орындары, ғылыми эс­те­тикалық, мәдени немесе білім беру маңызына байланыс­ты ерекше маңызды обьектілер қор­ғалады. «Аудандарды қорғау және оларды басқару мақсатында Тарап­тар қажетті табиғат қорғау шара­ларын көздейді. Оның ішін­де экожүйенің тұтастығына тіке­лей немесе жанама зиян кел­тіруі мүмкін қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе ор­на­лас­тыруға тыйым салуды ен­гізу, осы ауданға интродукцияны және реинтродукцияны реттеу, құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына бай­ланысты кез келген қызметті рет­теу, балық аулауды, аңшы­лықты, жануарларды аулауды, өсімдіктер жинауды немесе оларды жоюды реттеу ескерілген. Хат­тамаға қосылу Қазақстанның био­ло­гиялық әртүрлілігін сақ­тауға, теңіз кемелерінен және антро­по­­ген­дік көздерден қоршаған ор­таның ластануына жол бермеуге, биологиялық ресурс­тарды орнық­ты пайдалануды қам­тамасыз ету­ге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз орта­сын қорғау жөніндегі жедел және тиімді шараларды іске асыру жө­ніндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдесу үшін қажет», деді С.Брекешев.

Бұдан кейін қосымша баяндама жасаған сенатор Дүйсен­ғазы Мусин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында экологиялық ахуалды жақсарту, биологиялық әркел­кілікті сақтау, табиғат байлық­тарын заңнамалық тұрғыдан қорғау мәселелерінің маңызына тоқталғанына назар аударды. «Каспий теңізі – қайталанбас фау­насы мен флорасы бар эко­но­микалық және әлеуметтік ма­ңызы зор стратегиялық аймақ, сондықтан да өте мұқият қорғауға жататын ұлттық байлығымыз болып саналады. Оның экология­лық жағдайы, әсіресе теңіздің биологиялық әртүрлілігін сақтау және табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану ерекше назарды аударуды талап етеді. Бүгінгі қара­лып отырған Заң жобасы – Кас­пий маңы мемлекеттерінің қоршаған ортаны және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қор­ғауға және орнықты пайдалануды бірлесіп қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді рет­теуге бағытталған. Хаттаманы рати­фикациялау – Каспий теңі­зінің бірегей теңіз ортасы мен био­логиялық әртүрлілігін, сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген және эндемикалық флора мен фаунаны сақтау шараларын қабылдауды көздейді», деді депутат.

Д.Мусиннің айтуынша, заң жобасы Каспий теңізінің жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне теріс әсер ететін қызметтерді реттеуге, антропогендік факторлардан теңіз ортасының ластанбауына және ерекше маңызды объек­тілерді қорғауға мүмкіндік береді. «Каспий теңізінің биологиялық алуандығы мен экожүйесін сақтау еліміз үшін стратегиялық мәселелердің бірі. Осы ретте бүгін қабылданған заңның маңызы зор. Сондықтан бұл құжат теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің осы бағыттағы ынтымақтастығын күшейтіп, Каспийдің экожүйесін сақтауға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Премьер-Министрге жолдаған сауалында Нұрлан Бекназаров әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын мектеп оқушыларын әлеуметтік қорғау шараларын күшей­тудің маңызды екеніне тоқ­талды. Сенат келтірген мәлімет­ке сүйенсек, елімізде 257 жеке­меншік мектеп бар. Онда 64 мыңға жуық мектеп оқушысы оқиды. Олардың бір тобы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шық­қан оқушылар. Шымкент қала­сындағы ахуалды сөз еткен депутат бүгінде аталған қалада 34 жекеменшік мектепте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 7 мыңға жуық бала білім алатынын жеткізді. «Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты аясында жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары мен жекеменшік мектептердегі білім алатын әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, киім және бір реттік тамақтандырумен қамтамасыз етуде теңсіздік орын алып отыр. Үкіметтің Қаулысы талаптарына сәйкес аймақтардағы білім бас­қармалары әлеуметтік көмектер­мен тек мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің жоғарыда аталған санаттағы оқушыларын ғана қам­тамасыз етеді», деді Н.Бек­назаров. Осыған байланыс­ты сенат­ор жекеменшік мек­тептер­де оқитын әлеуметтік кө­мек­ке мұқтаж оқушыларды қар­жы­лан­дыру үшін қазіргі норма­тив­тік құқықтық актілерді талапқа сай келтіру қажет екенін атап өтті.

Динар Нөкетаева Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, фармацевтикалық саладағы ғылыми жұмыстарды қайта жандандыру қажет екеніне назар аударды. «Бүгінде коронавирусқа қарсы бірнеше вакцина бар. Алайда әлем бойынша екпе ал­ғандардың арасында вирус жұқ­тыру жағдайлары тіркеліп жатыр. Сол себепті ғалымдар коро­навирустың арнайы дәрісін із­деу­ге кірісті. Соның ішінде өсім­­дік­тердің емдеу қасиетін фар­ма­цевтикалық препарат ретін­де пайдалану тәжірибесі де қарас­тырылып отыр», деді сенатор. Оның айтуынша, қазіргі кезде коронавирустан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында «Артесунат» препаратын қол­дану мәселесі зерделеніп жатыр. Депутат сөз еткен дәрі безгекке қарсы қолданылады әрі оны жусаннан жасайды. «Қазақстанда осы бағытты дамытуға мүмкіндік бар. Бізде емдік шөптердің түр-түрі өседі. Соның бәрін фарма­цевтикалық өндірісте пайдалануға болады. Мәселен оңтүстік өңір дермене жусанының табиғи аймағы болып саналады. Оның құрамында «дарминол» атты эфир майының көп мөлшері бар. Бұл заттың стафилококк, стрептококк және тағы басқа бактериялар мен вирустарға қарсы, тіпті, қа­бынуға қарсы күшті әсері бар», деді Д.Нөкетаева. Осы орайда сена­тор Қазақ КСР кезіндегі ғалым­дардың еңбегін еске алды. 80-жылдары олар жусаннан жасалатын сантонин дәрісінің тұмауға қарсы тиімді екенін дәлелдеген. Осыған байланысты жусан­ның сығындысы коронавирусқа қа­лай әсер ететінін зерттеуге күш салу қажетіне тоқталды. Сенатор ғылымға бөлініп жатқан қаржы аясында өсімдік шикізатынан дәрі жасау бастамаларына қолдау көрсетуді сұрады.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында аз қамтыл­ған отбасылардан шыққан студенттерге жоғары білім алудың қол­жетім­­ділігін қамтамасыз ету мә­се­лесіне тоқталды. Депутат ауылдағы білім деңгейі көбінесе қала­лық деңгейден артта қалаты­нын атап өтті. Ауылдық жерлерде педагогтердің тапшылығы 2 100-ден астам адамды құрайды, рес­публикада педагог кадр­лардың жетіспеуі 60 пайызға жеткен. Соның нәтижесінде көптеген ауыл балалары грант алу үшін ҰБТ-да қажетті балл жинай алмайды, ал олардың көпшілігінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ. Сена­тор аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан 50 пайызға дейін көтеруді ұсынып отыр. Депутат жыл сайын жоғары оқу орындары түлектерінің тек 30 пайызы ғана ауылға жұмысқа келетіні, соның салдарынан ел бюджеті жыл сайын 1,5 млрд теңгеге дейін қаржы жоғалтатыны туралы деректі келтірді. «Көптеген жыл­­дар бойы Парламент де­пу­тат­тары Білім және ғылым ми­нистр­лігінің алдында ауыл мек­тептерінің түлектеріне аграр­лық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін арттыру қажеттілігі туралы мә­селені көтеріп келеді. Бірақ мәселе табанды түрде шешілмей отыр. Аграрлық университет­терді бітірушілердің ауылдық жер­лерге жыл сайын тек 30%-ы ғана жұмысқа орналасады, қал­ғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады», деп мәлімдеді А.Күрішбаев.

Сенатор елімізде білім беру гранттарын бөлу тетігіне өзгеріс­тер енгізетін кез келді деп санайды. Ол мемлекеттік грант пен сти­пендияны тест нәтижесі мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қол­дауынсыз оқи алмайтындарға әлеу­меттік көмек көрсету мақ­сатында бөлу қажеттігін де атап өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында сенатор Андрей Лукин Денсаулық сақтау министрлігі және оған қарасты компаниялардың қызметіндегі заң талаптарын бұзу фактілерін атап өтті. Сенатордың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек және медициналық өнімдерге арналған шығындарды жоспарлағанда маңызды көр­сет­кіштер жоқ немесе жоғары бел­гіленген бюджеттік өтінім негізінде жасаған. Соның салдарынан 66 миллиардқа жуық бюджет теңгесі тиімсіз жұмсалған. «2020 жылы 39 нозологияға шамамен 66 млрд теңге тиімсіз жұмсалды. Онда 6 нозология бойынша 26 млрд теңге көлемінде толық қар­жыландырылмау аясында заң талап­тарының осылай бұзылуы­на жол берілген. Кейіннен 2019-2020 жылдары «СК-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 159 млн теңгенің препараттары­ның жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен жойылуға жіберуге жатқызылды. Сонымен қатар министрлік Ұлттық орталықтың есептеулері негізінде, сондай-ақ Кодекстің 76-бабына қарамастан дәрі-дәрмектің шекті бағасын көтеріп жіберген. Нәтижесінде, дәрі-дәрмек өз құнынан 1,5 млрд теңгеге қымбатқа сатып алынды», деді А.Лукин. Сенатор сонымен қатар осы уақытқа дейін Қазақстанда Мемлекеттік фармакопея бекітілмегенін хабарлады. Яғни дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін құжат әлі жоқ. Сенатор осыған байланысты дәрілік заттарды жеткізушілер арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді әзірлеуге, пациенттер туралы мәліметтерге маңыз бере отырып анықтығын қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарға жауап беруді сұрады.