Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ұйымдастырылған іс-шара «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктерін іске асыру практикасы: нәтижелері мен перспективалары» тақырыбына арналды. Брифингте Марат Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында іске асырылып жатқан реформалар туралы жан-жақты айтып берді. Елімізде жұмыс істейтін дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылған кездесу барысында агенттік басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қабылданған заңнамадағы дәйекті шаралар Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жеке моделін қалыптастыруға мүмкіндік бергенін ерекше атап өтті. Бұл бағытта 1997 жылы әзірленген «Қазақстан-2030» Стратегиясы» және 1998 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң маңызды қадамдарға айналғаны анық.
Заңнаманы одан әрі дамыту арқылы және ЭЫДҰ елдерінің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, қылмыстың мұндай түрінің алдын алу қолға алынды. Соған сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу сияқты алдын алу тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі жетілдірілді. Лауазымды тұлғалардың сыйлық сыйлауына және алуына мүлдем тыйым салынды. Мемлекеттік ұйымдарда жақын туыстардың бірлескен жұмысына шектеу қойылды. Одан бөлек, заңдарды қабылдау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институты өз жұмысын бастады. Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтіліп, комплеанс-қызметтер енгізілді.
Қазақстан жүйелі реформалардың арқасында 10 жылдың ішінде Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі жағдайын айтарлықтай жақсартып, 133-орыннан 94-орынға көтерілді. Ал Халықаралық заң үстемдігі индексінде біздің еліміз 128 мемлекеттің ішінде 62-орында тұр. Осы ретте бұдан 10 жыл бұрын аталған тізімде 74-орында болғанымызды айта кеткен жөн.
Сонымен қатар М.Ахметжанов баяндамасында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының бүгінгі моделі бірнеше бағытта іске асырылып келе жатқанын айтты. Оның мәлімдеуінше, жүйелі реформаларға сүйенген бұл бағыттар – кәсіби мемлекеттік аппарат, заң үстемдігі және құқықтық мемлекет, мемлекеттік институттардың ашықтығы, транспаренттілігі және жауапкершілігі, сервистік мемлекет және цифрландыру, қоғамның саяси жаңғыруы бойынша жүзеге асырылып келеді.
«Агенттік биыл Президенттің тапсырмасы бойынша 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам өкілдері де белсенді қатысты. Тұжырымдамадағы революциялық жаңалықтардың бірі – негізсіз байыту үшін жауапкершілікті енгізу болып табылады. Шығынның кірістен асып кетуі – осының өзі қаржылық тексеруді талап етеді, тіпті тергеу жүргізуге де түрткі бола алатынын атап өткен жөн», деді бұл жайында агенттік төрағасы.
Қазақстан 2018 жылы қаржы саласында есепшоттар туралы ақпарат алмасу жөніндегі келісімге қол қойғаны баршаға белгілі. Агенттік басшының айтуынша, бұл құжат шетелдегі активтерді анықтауға мүмкіндік береді. «Ал келесі қадам – «көлеңкелі» кірістерді ел экономикасына қайтару», деп атап өтті ол. «Келесі шаралардың бірі – сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін кеңейту болып табылады», деген М.Ахметжанов бұл бастаманың ЭЫДҰ мен ГРЕКО ұсынымдарының бірі екеніне де назар аударды.
Марат Ахметжановтың айтуынша, агенттіктің үш негізгі функциясы – алдын алу, анықтау және тергеудің өзара іс-әрекеттерін күшейте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет нақты саланы кешенді талдауға – интеграцияланған аналитикаға көшеді. Осылайша, қылмыстық схемалар мен жасырын ұрлықтар тергеу объектілеріне айналады.
«Бүгінде жаңа талаптарға сәйкес барлық мемлекеттік органдарда жобалық басқару енгізілуде. Яғни нақты бір нәтижеге назар аударылады. Мұндай тәсіл лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыруға, нақты міндеттер қойып, ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
Барлық мемлекеттік органдар үшін 6 негізгі міндетті жобалық бағыт анықталды, олардың бірі – «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл». Қоғам өкілдерінің белсенді қатысуымен жүргізіліп келе жатқан «Адалдық алаңы» жобаларының қызметі де жалғастырыла бермек. Бұл іс-шаралардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытуға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, инвестициялық тартымдылықты жақсарту және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына да ерекше мән беріліп отыр.