• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2014

Дарын ағашының мәуесі

893 рет
көрсетілді

Химия – математикамен қатар органикалық және бейорганикалық синтез арқылы өз зерттеу нысандарын өзі туғызатын сирек ғылымдардың бірі. Мұндағы жетістіктер жиналған білімнің қорына ғана емес, сонымен қатар, зерттеушінің интуициясына, түйсігіне, болжау қабілетіне, өткір фантазиясына, зор еңбекқорлығына, мақсатқа жетуге деген ұмтылысына, күнделікті ұсақ-түйек істердің ішінен ең маңыздысын анықтай білуіне тәуелді. Химия ғылымында табысты жұмыс істеу үшін Табиғатқа сұрақ қою және оған тапқан жауаптардан ләззат алу деген қасиетті қабілетті ғұмыр бойы сақтай білу қажет. Өз бойында осы қасиеттерді ғылыми адалдықпен, күрескерлік және азаматтық ұстанымдармен ұштастыру нағыз ғалымның сипаты болып келеді. Болат Ахметұлы Жұбановтың өмірі мен ізденіс жолдарын ғылымдағы лаулап жанудың нағыз үлгісі деуге болады. Педагогикада тұлғаның негізі ба­лалық шағында, жанұясында қалып­тасады деген қағида белгілі. Болат Ахметұлы 1929 жылы 4 ақпанда Ақтөбе облысы Темір ауданының № 9 ауылында кейінірек композитор, академик болған қазақ кәсіби музыкалық мектебінің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың жанұясында дүниеге келген. Жұбановтың жанұясындағы шығар­машылық көзқарас балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасады, дегенмен олардың мамандық таңдауында музыка мен химия ерекше орын алады. Ахмет Жұбановтың ұлдары Болат пен Қайырдың химияға бүкіл өмірлерін арнағандықтары бұл ғылымның да шабыт пен ойдың асқақтығын талап етуі музыкадан кем болмағанынан шығар! Әрине, Болат Ахметұлының өмірлік кәсіптік кеңістігін анықтауына ғылыми-техникалық прогрестің химия ғылымын алдыңғы қатарына шығарған заманның да әсері болғаны сөзсіз. Ол 1947 жылы Алматыдағы №25 орта мектепті тәмамдап, Д.И.Мен­делеев атындағы Мәскеу хи­мия-технологиялық институтына тү­седі. 1952 жылы институтты бітір­геннен кейін аспирантураға қабыл­данады. Б.А.Жұбановтың ғы­лыми және азаматтық көзқарасының қа­лыптасуына жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласындағы белгілі ғалымдар – КСРО Ғылым академиясының академигі В.К.Коршак және профессор Г.С.Колесников үлкен ықпал жасады. Осы ғалымдардың жетекшілігімен Болат Ахметұлы 1955 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды және 1956 жылға дейін КСРО Ғылым академиясының Элементті органикалық қосылыстар институтында жұмыс істейді. Болат Ахметұлының 1956 жылдан бастап осы кезге дейінгі бүкіл ғұмыры Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтымен бай­ланысты. Осы киелі ғылым орта­лығында ол поликонденсациялық полимерлер – полиимидтерді синтездеу жұмысын бастап, тиянақты ізденіс нәтижесінде небәрі 37 жасында док­торлық диссертация қорғайды, сөйтіп 40 жасқа жетпей республикалық Ака­демияның алдыңғы қатардағы инс­титуттарының бірінің директоры болады. 41 жасында Қазақ КСР Ғы­лым академиясының корреспондент-мүшесі, 43-інде – осы Академияның химия-технологиялық бөлімінің академик-хатшысы, ал 46 жасында – ака­демигі болып сайланады. Полимерлер химиясы саласында ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау мақсатында 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетінде жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасын ашу туралы шешім қабылданады. Бұл кафедраны ұйымдастыру үшін химия факультетінің деканы Б.А.Бірімжанов техника ғылымдарының кандидаты, кейінірек осы кафедраның мең­ге­рушісі болған Б.А.Жұбановты шақырды. Болат Ахметұлы осы кафедраның оқу ісін қажетті дәрежеге қоюға, дәрістер курстарының бағдар­ламаларын, арнайы және жалпы практикумдарды дайындауға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Болат Ахметұлы кафедраның ғылыми-зерт­теулерінің дамуына өз үлесін қосты, оның жетекшілігімен полимерлер химиясының әр саласында ғылыми-зерттеулер басталды. Академик Б.А.Жұбановтың ғы­лыми-зерттеулері полимерлер хи­мия­сының әртүрлі бөлімдерін қам­тиды. Ол тепе-теңдікті және те­пе-теңдіксіз поликонденсациялау реакцияларының теориялық негіздерін ұсынып, жаңа мономерлер мен жо­ғарымолекулалық қосылыстар алу­дың тиімді жолдарын тапқан. Син­тезделген ерігіш полиимидтердің негізінде «Пластик», «Пластмасса», «Химталшық» ғылыми-өндіріс орындарымен және кабель өндіріс өкілдерімен бірігіп, термотұрақты талшықтар, қабыршықтар, лактар, бояу­лар ж­ә­не эмаль-өткізгіштер шығарған. Ма­йысқақ айналар, коллекторлар және сәуле шағылыстырғыштары, ультражұқа конденсаторлар, микрочиптер және микроактиваторларды металмен қаптау үшін қолданылатын жаңа материалдар жасалған. 80-жылдардың басында Қазақ­станда алғаш рет Б.А.Жұбановтың жетекшілігімен биоүйлесімдік және терапиялық қасиеттері бар полимерлер алу бағытында зерттеулер қойылды. Синтетикалық және табиғи полимерлер қатарының қолданылуымен анестезиялық әсерлі суда ерігіш макро­молекулалық жүйелердің инъекциялық және үлдірлік формалары алынды. Офтальмохирургияда, асқазан-ішек трактының хирургиясында, проктологияда, сонымен қатар, тері жарақаттары мен күйіктерін емдеуде функционалды және терапиялық импланттар ретінде қолданылған биоүйлесімді полимерлік материалдар жасалды. Қабынуға қарсы қолданатын препарат глидериннің, глаукоманы емдеуге арналған препарат пилокарпиннің полимерлік формалары, РП-3 радиопротекторлары, «Клофеоптик» атты көз дәрісінің қабыршықты формасы алынып, көздің онкологиялық ауруларының фотодинамикалық терапиясына арнал­ған фотосенсибилизаторлардың поли­мерлік формалары жасалды. Полимерлер қатарының микро-және нанотүзілуінің заманауи принциптерін қолдана отырып, гормондық хроно- және пульсотерапияда қолдануға, сонымен бірге, зақымданған органдарға микро-және нанобөлшектерді локальді енгізуге арналған белсенділігі бақы­­­­­­­лау­лы жаңа терапиялық жүйелер жасалды. Дәнді дақылдардың, өсімдіктердің және мақтаның өсуіне оң әсері ұзар­тылған жаңа полимерлік жүйелер ұсынылды. Болат Ахметұлы бойында ғалым мен педагогтің таланты бірдей үйлес­кен. Ол Қазақстанда полимерлермен айналысатын ғалымдар мектебінің не­гізін қалап, олардың еліміздегі әр­түрлі өндіріс салаларында қолданыс тауып жатқан қасиеттері реттеулі жа­ңа полимерлік материалдар алу жұ­мысына жетекшілік жасап отыр. Ғалым полимерлердің химия­сы мен технологиясы саласында жо­ға­ры санатты кадрлар дайындауға ерекше мән береді. Болат Ахметұлының жетекшілігімен 19 докторлық және 100 кандидаттық диссертация қорғалған. Қазіргі оның шәкірттері әлемнің белгілі ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарында қызмет етеді. Б.А.Жұбановтың қалыптастырған полимерлік ғылыми мектебі еліміз­де де, халықаралық деңгейде де мойындалған. Академик Б.А.Жұ­банов 1400 ғылыми еңбектің, 20 монографияның, 3 кі­тапшаның жә­не қазақ, орыс, ағылшын, неміс тіл­дерінде шыққан химиялық сөздік­тің, химия терминдерінің қазақ-орыс сөздігінің, 350-ден астам өнер­табыстардың авторы немесе авторласы. Болат Ахметұлының жұмыстары халықаралық ғылыми қоғамдастыққа кеңінен танымал. Б.А.Жұ­банов 20 жылдан астам Қазақ КСР Ғылым ака­­демиясының Химия ғылымдары институтының директоры бола тұра бар күші мен энергиясын ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысқа салды. Химия ғылымдары институты Болат Ахметұлы Жұбановтың директор болу кезеңінде химияны дамытудағы және ғылыми нәтижелерді практикаға енгізудегі жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Оның жетекшілігімен Алматыда бірталай ірі халықаралық симпозиумдар жүргізіліп, жан-жақты халықаралық байланыстар аясында зерттеулер жүргізіліп отыр. Ол бірталай халықаралық мерзімді ғылыми басылымдарының бас редакторы және редакция алқаларының мүшесі болды. Ғылымды дамытудағы және жо­ғары санатты ғылыми мамандарды дайындауда жеткен жетістіктері үшін Болат Ахметұлы Жұбанов Қазан Ре­волюциясы, Еңбек Қызыл Ту орден­де­рімен және медальдармен марапатталып, «Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері», Қазақ КСР-інің Ғылым мен техника саласындағы Мем­­­лекеттік сыйлығының лауреаты (1984 жыл), жаңа биоүйлесімді полимерлер саласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты (2000 жыл) атақтарын иеленді. Болат Ахметұлының бойында жоғары мәдениеттілік, принципшілдік, демократиялық, ұйымдастырушылық талант пен химиялық мәселе ғылым­дарының өзекті мәселелерін шешуде ұстанатын мемлекеттік сана-сезім үлкен адамгершілікпен, кеңпейілділікпен жақсы үйлесім тапқан. Ол әр адамды үлкен тұлға деп есептейді және оның шығармашылық талантының ашылуына барлық жағдайды жасау­ға тырысады. Сондықтан Болат Ах­мет­­ұлының полимерлік мектебін толық­тыратын жастардың ұстанатын бағыты – ұстаз бен шәкірттің ара қаты­насының тазалығы, кәсіби адалдық пен жоғары адамгершілік. Б.А.Жұбанов Қазақстанның іргелі ғылымының дамуындағы ірі тұлғалардың бірі болып келеді. Павел МЕССЕРЛЕ, химия ғылымдарының докторы, профессор.