• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Затымыз өзгерді. Атымыз өзгереді

1004 рет
көрсетілді

Осыдан екі күн бұрын телеар­налардың бірінен телефон соғылған. Дәл осы күндерде қызу талқыланып жатқан тақы­рыпқа – мемлекет атауын­ өзгерту мәселесіне арнайы хабар түсірілмекші көрінеді. Соған шақырады. Пікіріңізді білдірсеңіз дейді. Қатыса алмайтын шығармын дегенбіз. Неге? Сақсына сөйлегеніміз бе? Олай деу­ге болмас. Ана жылы Парламент Президент мәртебесін ойластырып жатқанда да газет бетінде бір ауыз сөз қосқанбыз. «Елбасы мен Ел Басының арасында айырма бар» деп. «Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында, бас­тауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы – Мемлекетқұрушы» деп. «Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан елдің болашақта да биліктің бағасын білетін, халықтың өзі сайлап, екі тізгін бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшысына тақ тұру дәстүрі орныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел» деп. Сол тұстағы талқылаудан кейін Парламент «Ел Басы» нұсқасына емес, «Елбасы» нұсқасына түпкілікті тоқтаған. Онда неге? Айтарымыз жоқ па? Олай деуге де болмас. Тегінде, әр қатысушыға әрі кеткенде 2-3 минуттық қана уақыт тиетін хабарда осындай күрделі тақырыпта ойымызды түйіп-түйіп айта алмас­пыз деп тар­тынған сияқтымыз. Содан бергі екі күннің ішінде дәл қазір барша жұртты қызықтырып отырған осы тақырыпқа қалам тербеуге бел байладық. Сонымен... Картадағы сөз Айзек Азимовтың география­лық атаулар мен олардың мағы­наларына арналған «Слова на карте» деген тамаша кітабы «Әлемнің географиялық картасындағы адамды қайран қалдырарлық әрі ұдайы ауысып-түйісіп жататын атаулар толқынынан бірдеңе ұғу қиын; бірақ мәніне тереңдеп бойлай алсақ, глобустан романтика лебі есіп тұрғанын көреміз. Біздің көз алдымызға тарих үзіктері көлденеңдеп тұра қалады, планетамыздың қиыр-қиырын әлмисақтан кезіп, зерттеп кеткен саяхатшылар қадамының жаңғырығын естиміз. Картадағы сөз ғасырларды көктей өтіп, біздің ата-бабаларымыздың ойларын, сезімдері мен арман-аңсарларын жеткізеді» деп бас­талады. Әлемдегі талай атауда терең мағына бар. Ғалымдар Азия, Еуропа атауларын семит тіліндегі «Ассу» (Шығыс) және «Эреб» (Батыс) сөздерінен шыққан деп түсіндіреді. Ежелгі гректер Эгей теңізінің екі жағын солай атаған көрінеді. Африкадағы Либерия мемлекетінің аты латынның «liber» («бостандық») сөзінен қойылған. 1821 жылдан сол жерге АҚШ-тағы құлдықтан босатылған адамдар жинала бастапты да, 1839 жылы бас біріктіріпті, 1847 жылы тәуелсіз Либерия республикасын жариялапты. Пәкістанның аты парсының «пәк», яғни таза және «стан», яғни ел сөздерінен құралғанын елдің бәрі біледі. Сонымен бірге, талай елдің атауын­да терең мағына тұрмақ, жай мағынаның өзі шамалы. Мысалы, «Канада» атауы ирокездер тілінде бар болғаны «деревня» (kanata) дегенді білдіреді. Мысалы, Бразилия (brazil) атауы португалдың «ыстық», «жанатын көмір» мағынасын беретін «braza» (ағаш) сөзінен. Отарлаушылар алғашқы экспедициядан ала келген ағаштың шатырлап жанатынына қарап, солай айтып кеткен. Мысалы, Камерун елінің аты кәдімгі асшаяннан (креветка) шыққан. Пор­тугалдар сол елдегі бір өзенде асшаян­ның көптігіне таң қалып, әлгі өзенді «Rio des Camarones» («Асшаянды өзен») атаған, кейін­нен сол сөз бүкіл елге телінген. Берекесі қашып, ыдырай бастаған Рим империясының легиондары Британияны тастап кетісімен, аралға Солтүстік теңіз жақ беттен герман тайпалары жетіп барған. Ол тайпалар англдар, сакстар, юттар деген үш топқа бөлінетін. Солардың сакстарының аты Германияда Саксонияның атын, юттарының аты Данияда Ютландияның атын құрайды, материкте ат бұйырмай қойған англ­дарға алып аралдың аты басы­байлы тие қалады. Англия – англдар елі. «Англ» атауының өзінің де жетісіп тұрғаны шамалы: көне герман тілінде «бұрыш» дегенді ғана білдіреді – англдар Британияға қоныс аударғанға дейін Ютландияны материкпен қосып тұратын қылта мойнақты мекендеген. Жапонияның «нипон» аталуы керек еді. «Ни» – күн, «пон» – ел деген сөз. Қытайлар сол мағынадан шығарып, «Жи бэнь го» («Таңғы шапақ елі») атаған. Оңтүстік Қытай диалектісінде «жи бэнь» сөздері «я пон» деп оқылады екен. Марко Полоның жеткізуі бойынша алдымен Еуропа, одан кейін бүкіл әлем ой қисынымен «Нипония» аталуға тиісті елді «Япония» атап кете барған. Осындай мысалдар толып жатыр. Қысқасы, ел атаулары да адам аттары сияқты. Бірі олай, бірі былай қойылған. Соған қарап, баланың атын көз тимесін деп Шұлғаубай қойсаңыз да кісі болатын адамның шығатын жерінен түбі бір шығатыны сияқты, елдің де басты қадір-қасиеті атында емес, затында деп түюге де келетіндей. Әйтсе де, елдің қалай аталатынын ойран салып, ойына келгенін істеген отарлаушылар, сайран құрып, ойына түскенін жазған саяхатшылар шешіп кете беретін кешегі заман бір басқа да, өз тағдырыңды өзің айқындап, өз мемлекетіңді өз қалауыңша құратын бүгінгі заман бір басқа. Оның үстіне ғалымдар адамның аты өміріне әсер ететінін де айтып жатады. Елдің аты елдің затына неге әсер етпесін?! Астана ауысқанға дейін Целиноградтан құтыларда «Ақмола» атауын «Белая могила» деп түсіндіру «ақ батаны» «белое благословение» деу сияқты қисынсыздығын, біздің ұғымымызда «ақ» түстің ғана емес, адалдықтың, әділдіктің де баламасы екенін, «моланы» бейіттен биік бағалайтынымызды, қасиет тұтып, молаға түнеп, тілек тілейтін түркілердің ұрпағы екенімізді қанша жерден дәлелдеп тұрсақ та, елордамыз ерке Есілдің жағасына ту тігерде бас қаламызды Астана деп жаңаша атап, жаңа жолға жаңарып барып түскен жоқпыз ба? Астананың аты затына әсер етпеді деп кім айта алады?   Атауын алмастырғандар аз емес Ақмоланы Астанаға алмастырарда елордасын көшірген елдерді де, астанасының атауын жаңаша қойған елдерді де біраз тізбелегенбіз. Ал мемлекеттің атауын ауыстырудың жайы қалай екен? Қарайық. Бұған мысал өте көп. Есте жоқ ескі замандардан бері атауы атымен алмастырылмаған елді табу қиын деуге де болады. Сондықтан біз ХХ ғасырмен ғана шектелмекшіміз. Өткен жылғы 29 наурызда «Әлемге әйгілі» авторлық айдарының аясында «Иран» деген мақала жариялағанбыз. Соның бір тұсында былай делінеді: «Иранның затынан бұрын атын айтсақ та жақындығымыз бірден-ақ көрінеді. Қазақта «арыс» деген сөз бар ғой. Иран елінің аты дәл осы сөзден шыққан. «Среди индо­иранцев (и только среди них) был широко распространен термин арья – «благородный» («История древнего мира. Ранняя древность», М., 1983, 330-бет). «С мидийс­ко-ахеменидской эпохи ираноязычное население уже преобладало в Иране. Само его название происходит от слова а???,?рий, как называли себя ираноязычные племена (мидяне, персы и др. в Иране, скифы и сарматы, древние народности Средней Азии и т.д.)» («История Востока. І. Восток в древности», М., 1997, 275-бет). Елдің қазіргі аты ежелдегі Аиранам, яғни «арийлер елі» деген сөзден. Страбон еңбектерінде Ария сөзі қолданылған. Халықтың өз атауы – ирани». Ал осындай тарихы аса терең елдің атауы күні кешеге, яғни 1935 жылға дейін Персия болып келген. Есениннің атақты топтама жыры «Парсы саздары» аталады ғой. Бұл атауды оларға атам заманда-ақ гректер қойған еді. Ұлы Кирдің сүйегі жатқан қала қазір де Персеполис, яғни Парсылар қаласы аталады. 1935 жылы шах Мохаммед Реза Пехлеви әлем елдерінің басшыларына мәлімдеме таратып, мұнан былай өз мемлекетін Иран атауды талап етті. Шахтың сол шешімі арқылы халық өзінің тарихын тереңдетіп, тектілігін таныта түсті. Біз баяғыдан Бирма деп білетін ел 1989 жылдан бері Мьянма аталады. Неге? Елдің ежелгі аты сол екен. Бирма деп британиялық отаршылар атаған екен. Мектепте, университетте жүргенімізде Жоғарғы Вольта деген елді білетінбіз. 1984 жылдан бері ол елдің аты – Буркина-Фасо. Неге? Сол жылы Томас Санкара деген капитан әскери төңкеріс жасап, француз отаршылдары қойған Жоғарғы Вольта атауын Буркина-Фасо деп өзгерткен. Мағынасы – «Адал адамдардың отаны». Арада аз уақыт өткенде, 1987 жылы Санкара өлтірілген, ол қолға алған реформалар жайына қалған, бірақ ел рухын көтеріп тұратын асқақ атау жұрттың жүрегіне де ұялады, әлем картасынан да орнын тапты. Есіңізде бар шығар, кеуделері бірігіп біткен егіз балаларды «Сиам егіздері» дейтін еді ғой. Сол Сиамның қазіргі аты – Таиланд. Неге? «Сиам» ел тіліне жат санскриттен сіңген сөз. Таиланд – тайлықтар елі деген сөз. Ал тай – бостан адам деген сөз. Сонда Таиланд «Бостандық сүйгіш ерлер елі» деген мағынаға ие болады. Абиссинияның Эфиопия, Цейлонның Шри-Ланка атанатыны да осы бертінде. Отаршылдық ойранын санадан сылып тастауды ойлаған Бенин, Кот Д’Ивуар, Кабо-Верде, Суринам сияқты елдер де атауын өзгерткен. Тарихын танытып тұруды көздеген көршілес Моңғолия өз елін өз тілінде ресми түрде Моңғол Ұлысы (Монгол Улс) атай бастаған. Араб ағайындар копттар қойған Египет атауы­мен қатар (орыс тіліндегі «египтяне» сөзі «коптяне», яғни копттықтар дегеннің сәл ғана өзгертілген түрі), елді Миср Аль Арабия, яғни Мысыр деп атай бастаған. Жарайды, бәрін тізбелей беріп қайтеміз, өзіміздің түріктерді-ақ алайықшы. Жақында «Егемен Қазақстанда» танымал қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлының «Алысқа қарағанның алымы мол» атты мақаласы жарияланды. Сонда автор былай дейді: «Бұрын көшкінші халықтардың сан мыңжылдықтар бойына қалыптасқан дәстүрі бойынша жаңадан бір мемлекет шаңырақ көтерсе, ол сол мемлекетті құруға ұйытқы болған тайпаның атымен, яғни билеуші тайпаның атымен аталатын. Мысалы, кейінгі «Қырғыз қағандығы», «Ұйғыр қағандығы», «Түргеш қағандығы», «Қарлұқ қағандығы» деген сияқты. Бумын болса, бұл дәстүрді бұзды. Өйткені, оның арман-мүддесі басқа еді. Ол сонау тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ өзі шыққан тайпасының ғана емес, бүкіл түркітектес бауырларын бостандыққа жеткізіп, бір үлкен шаңырақтың астына біріктіруді көздеді. Ол кейінгі Азия тарихшылары (Рашид Ад-дин, Хондемир, Әбілғазы) жазатын, жарты әлемге әмірін жүргізген Ежелгі Түрік Мемлекетіндей ел болуды армандап, ертеңіне елеулі өзгеріс кіргізуді мақсат етті. Мерзімдікке мәз болмай, мәңгілікке ұмтылды. Болашаққа батыл жол ашуды армандады. Талай жыл өздеріне үстемдік жүргізіп келген Жыужан мемлекетін құлатып, сол арманына жеткізер өрлеу баспалдағының алғашқы сатысына аяқ басқанда өз елінің негізін қалаған құрама жұртты көне дәстүрмен өзі шыққан тайпаның атымен атандырмай, оларға баршасының тектестігінің ортақ бірлігін танытар киелі түрік есімін берді. Сөйтіп өздерін «біз – түрік халқымыз» («түрк будынымыз») деп жалғанға жария етті. Осыны арада 1400 жыл өткеннен соң негізін оғыз тайпалары қалаған Османлы империясы құлағаннан кейін жұртында қалған құрама халықты «түрік халқы» деп атап, Мұстафа Кемал Ататүрік қайталады, оған дейін қазіргі түріктер өздерін «османлы» деп атап келген еді». Интернет осы таяуда ғана: «Во времена Блистательной Порты слово «турки» для имперской элиты значило примерно то же самое, что «деревенщина». Подданные султана именовались османами» деп жазды. Тұтас бір халық өзін түрік деп атауға қысылатын күйге дейін түскен, түрік атану артта қалғандықтың бір белгісіндей санала бастаған сол тұста Мұстафа Кемал Ататүрік «Ей, түрік жас­тары! Тәуелсіздігіңе және еліңе қауіп төндіретін жауларың бүкіл әлемді тізе бүктірген жалмауыздар болуы мүмкін. Олар зорлықпен және айлакерлікпен киелі Отаныңның бүткіл қамалдарын бағындырып, армияңды қиратып, еліңді бодандыққа түсіруге тырысуы мүмкін. Мұндай қиын-қыстау кезеңдерде сен намысты қолдан бермей, еліңді құтқаруға міндеттісің. Сол кезде сенің сенетін жалғыз күшің, арқа сүйер жалғыз тірегің бойыңда ағып тұрған түрік қаны екенін ұмытпа» деген атақты сөзін айтқан. Түріктердің бойында түріктің қаны қайнап шыға келген сонда. Түріктер жан-жақтан анталаған Антантамен арыс­тандай арпалысып, азаттығын сақтап қалған сонда.   «Шаруашылық орналасқан тұрақ»... Атырауда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің атауында Орталық Азияның басқа елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар екеніне назар аударды. Президенттің әбден көз үйреніп кеткен көріністерге де тосыннан қарай алатын бөлекше қасиеті осы тұста тағы бір танылды. Былайынша, елдің атауы әбден-ақ көкейге қонымды. «Стан» жалғауы мемлекет құрушы ұлтқа қосылған тұста сол елдің аты шыға келетіні бесенеден белгілі емес пе? Ауғанстан десе ауғандардың елі, Өзбекстан десе өзбектердің елі, Түркіменстан десе түркімендердің елі, Тәжікстан десе тәжіктердің елі, тиісінше Қазақстан десе қазақтардың елі. Әйтсе де... Енді осы жалғаудың жайына аз-кем тоқталайық. Алдымен айтарымыз – «станның» біздің төл сөзіміз еместігі де, тіпті түркі сөзі де еместігі де, түбі парсы сөзі екендігі де өздігінен оның ешқандай кемістігі болып табылмайтыны. Нұртас Оңдасыновтың, Еркеболат Бекмұхаметовтің, Лениншіл Рүстемовтің сөздіктерін сүзіп шыққан кез келген адам қазақ тіліне парсыдан енген сөздер ұлт тілінің ұлы байлығының байтақ саласы екенін біледі. Қарап отырсаңыз, қазақ тіліндегі фарсизмдер делінетіндердің дені заттық мәдениет ұғымдары – реалиялар. Мысалы, абат, азық, ақыр, палау, алқа, алша, ара, арша, әбзел, бақ, дастарқан деген сияқты. Реалиялар өте ерте қалыптасады әрі өзгеріске көп түсе қоймайды. Демек, біздің елдеріміз де, тілдеріміз де есте жоқ ескі заманда ара­ласып-құраласқан. Арабизмдердің қа­зақ тіліне көп кейін келгені ағза, азан, ақирет, ақырзаман, амал, аманат, әзі­рейіл, әлем, әріп, бақалшы деген сияқ­ты рухани мәдениетке тән сөздердің си­патынан-ақ көрініп тұр. Бірақ... Мәселе осы «бірақта». Мысалы, ирандықтар неге өз елін халық атына өз тіліндегі «стан» (sitan) жалғауын қосып атамайды? Неге олар Ираннан мемлекет болып бөлініп шығуды талап етіп, тынышын алып жүретін курдтардың мекенін «Курдистан» атайды? Мәселе «стан» сөзінің түпкі мағынасы біз көзіміз үйреніп, құлағымызға сіңген ұғымнан сәл басқашалау екендігінде. Этимологиядағы ең классикалық еңбектердің бірі саналатын Фасмер сөздігіне жүгінейік. Бірінші мағынасы – «Туло­вище человека» – белі бұ­ралған қызды «девичий стан», сымбатты тұлғаны «строй­ный стан» дейтіні содан. Екінші мағынасы – «место, место пребывания», авест., др.-перс. stana – «стойка, место, стойло», нов.-перс. sitan (откуда тур. Turkistan, Turkmenistan) – («Этимологический словарь русского языка. В четырех то­мах. Том ІІІ. Санкт-Петер­бург, «Терра», 1996, 745-бет). Казактардың тұрғын-жайы «станица» аталатыны сон­дықтан. Ожегов сөздігі де осыны айтады: «Лагерь, место стоянки». Мысалының түрі: «Полевой с. (в колхозах и совхозах: пункт с жилыми помещениями на отдаленных полях» («Словарь русского языка», М., 2008, 998-бет). Ожегов бұл сөздің басқа мағы­наларын да келтіреді: «Воюющая, борющаяся сто­рона, общественно-полити­чес­кая группировка» деп, «Смятение в стане вра­га» деген сөйлемді алады. «Прокатный стан», «ткацкий стан» деген мағыналарды түсіндіріп жатпай-ақ қояйық. 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «стан» сөзі «Шаруашылық орналасқан тұрақ, белгілі мекен» (13-том, 315-бет) деп айқындалады.   Есім ерді де, елді де есейтеді Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосу міндетін алға тартқалы бері, ол мақсатқа о баста көздеген мерзімнен бұрын қол жеткелі бері, әсіресе мемлекетіміздің алдына ең озық отыздықтың арасынан орын алу міндеті қойылғалы бері бізде көп нәрсе өзгеруі керек. Ең алдымен, халықтық сана өзгеруі керек. Даланың өзгеруінің де, қаланың өзгеруінің де, баланың өзгеруінің де, дананың өзгеруінің де басты шарты – сананың өзгеруі. Сана өзгеріп те жатыр. Әлем­нің әділеттілікке бет бұра бастағанын көрдік. Әрекеге емес берекеге бастаған халық­тың қандай әрекетті де әдемі жасай алатынына сендік. Қалай сенбейсің? Әуелі халық болып құралсақ, ауызбіршілігі бар ел екенімізді өзімізге де, өзгеге де көрсетсек. Одан кейін мемлекет құра алсақ, ел құруға керектің бәрін түгендеп, ел қатарлы тірлік жасауға кіріссек. Одан кейін дербес тұра алсақ, өз ішіміздегі шаруаны реттеп, сыртымыздағы тірлігімізді түгендеп, қалт-құлт еткен қайы­ғы­мызбен-ақ адамзат жүзіп жүрген алып айдынға абыроймен шыға білсек. Одан кейін ұлт болуға бет бұра алсақ, баршаның басын біріктіріп, үйренері ғана емес, үй­ретері де бар елге айналуға ұмтылсақ. Әуелі өзімізді танытсақ, одан кейін өзімізді мойындатсақ, ке­ңестен кейінгі кеңістікте бірінші болып, түркі дүниесінде бірінші болып, мұсылман әлемінде бірінші болып ЕҚЫҰ сияқты ерен ұйымға төр­ағалық етсек, оның 11 жылдан бері өткізілмей келе жатқан Саммитін өткізсек, әлемнің талай қаласы жарысқа түскен бәсекеде оза шауып, дүниежүзілік көрмені елордамызда ұйымдастыру құқын жеңіп алуға қол жеткізсек, тіпті елімізді Олимпиада шақыруға шамасы келетін мемлекеттер қатарында үміткер еткізсек, осының бәрі айналып келгенде алдымен өзімізді өзімізге құрметті ет­кеніміз, өзгелерге өзімізді құрметтеткеніміз емей немене? «Саясат – қолдан келетінді жасай алу өнері». Қазақ елінде әлі көп шаруа жасалмағаны анық. Қазақ елінде бұған дейін жасауға болатын шаруа­ның көбі жасалғаны тағы анық. Жиырма жылда Жапо­ния­дағыдай жайқалып кетпе­геніміз, Америкадағыдай аршындай алмағанымыздың бас­ты себебі – жиырма жылда Жапониядағыдай жайқалып кету, Америкадағыдай аршындай алу мүмкін еместігі. Жиырма жылда тәуелсіздік тәуекеліне қатар кіріскен өзіміздей елдерден кем қалмауға болатын еді, ол жасалды. Ол елдерден озуға болатын еді, ол да жасалды. Өзімізден мүмкіндігі көбірек елдермен теңесуге болар еді, ол да жасалды. Олардан да озуға болар еді, ол да жасалды. Қанша жерден талапшыл болсақ та Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Орталық Азия елдерінің бәрін, Кавказдағы елдердің бәрін қосқандағы ішкі жалпы өнімнен артық екеніне, тіпті халқының саны бізден үш есе көп Украинаның ішкі жалпы өнімінің көлемінен де анағұрлым асып түсетініне тәубе айтпау жөнсіз. Ендігі жерде осы жасампаздық жолымызға кедергісін келтіруі, келбетімізге көлеңкесін түсіруі мүмкін дейтіндей жайдың бәрін ескере жүруіміз керек. Соның бірі – сан түрлі себептерге байланысты Азиядағы бірқатар елдерге таңылып үлгерген жағымсыз стереотиптер. Өкінішке орай, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда да, елдегі қоғамдық тұрақтылықты қам­тамасыз етуде де онша жар­қырап көріне қоймаған мем­лекеттердің біразының атауына «стан» жұрнағының жабысып жүргендігі рас. Өзгелерге баға беріп қай­тейік, бірақ Пәкістанның да,­ Ауғанстанның да,­ Өзбекстанның да, Түркі­мен­станның да, Тәжікстанның да, қол жеткізген бірқатар табыс­тарына қарамастан, тұтастай алғанда, әлемдік өлшемдер тұрғысынан қарағанда артта қалған мемлекеттер шоғыры саналатыны рас. Талайлардың Қазақстанды да сол қатарға қоса салуға бейім тұратыны да рас. Әрине, біздің елдеріміздің қордаланған мәселелерінің тірелер түйіні атауында «стан» жұрнағы жүргенінен деу күлкілі жай, олай деу тіпті құлаққа кірмейді, олай айтатындар табылса, ондайларды кешегі Қырғызстан­ның бүгін Қыр­ғыз Рес­публикасы ата­нуынан не өзгере қалды деген жалғыз уәжбен-ақ жал­п еткізуге болады. Дегенмен, ел туралы сырт көз пікірдің елдіктің сипатына атымен әсері жоқ деудің де жөні келмейді. Яғни, Назарбаев ел атауынан «станды» алып тастау жайында ойланып көруді ұсынғанда мемлекеттің әлемдегі жағымды имиджін жақсарта беруді алдымен мақсат тұтып отыр.   Ел – ұлы ұғым Бір айдай бұрын «Бірінші бағана» деген айдар ашқанбыз. Жаңа айдардың алғашқы мақаласын Сұлтанмахмұт сөзінен шығарып, «Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп атағанбыз. «Ел – халық сөзінің де, мемле­кет сөзінің де, ұлт сөзінің де баламасы. «Адамзат тарихында өшпес із қалдырып кеткен, Еуразия құр­лығындағы халықтардың тағдырына орасан әсер еткен» (Н.Назарбаев), заманында көк­тің жүзін тітіреткен көк түріктері ел болуды халық ретінде қалыптасудың, мемлекет ретінде мығымданудың, ұлт күйінде ұйысудың биік белесі деп білген. Осының бәрін біржолата бекіту үшін сол заманның өзінде басқа қонған бақыттың баяндылығын білдіретін философиялық категория – Мәңгілік Ел ұғымын ойлап тапқан. Соны тасқа қашап тұрып, «МИНГУ ЕЛ» деп жазып кеткен. Ежелгі түркілерден тараған барша халыққа бірдей түсінікті сөздер. Мұсылмандыққа бет бұрған ағайындар тұрмақ, тарихтың талайымен басқа діндерді ұстанатын сахалар, тувалар, марийлер де ет жүректі елжірететін Ел сөзінен екі елі ажырамай, өз елдерін Саха Эл, Эл Тыва, Марий Эл атаумен келеді. Солардың ішінде марийлер Марий Эл атауын ресми алып та үлгерді. Демек, Ел – ұлы ұғым», деп жазғанбыз. Ел болу – ұлы мұратымыз. Қазақ Елі атануға ұмтылысымыз – сол мұраттың жолындағы ұтырлы ісіміз. Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда ел сөзін ата-бабаларымыз көктасқа қашап жазған дегенде Күлтегін жазуын еске алған болатын. Елбасының бұл қадамы – сол асыл амантты ақтау. Осы мақаланы қолға аларда «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» «ел» сөзіне қатысты тұсты қарағанбыз. Ол тұс 5-томның 205-220 беттерін түгел алып жатыр. Халық, жұрт, қауым десеңіз де, адамдар, көпшіл десеңіз де, өскен орта, туған жер, ауыл-аймақ, ел-жұрт десеңіз де, адамның шыққан тегі, негізі десеңіз де, Отан, мемлекет десеңіз де, дос-жар, жақтас, ұрандас десеңіз де – бәрі де Ел деген ұлы ұғымның аясына сыяды. Ұшан қиыр жұртты айтсақ, «байтақ ел» дейміз, алға ұстар адамды айтсақ, «ел ағасы», «ел анасы» дейміз, жақсы-жайсаңды «ел аузын­да жүр» дейміз, жолбасшылық жасайтын жігітті «ел бастады» дейміз, береке-бірлігі кеткен жерді «ел болудан қалды» дейміз, жұрт тынышын алғанды «елге бүлік салды» дейміз, бірлікті, тұтастықты сақтағанды «ел ұйытқысы болды» дейміз, әйтеуір, «ел» сөзіне қатыстының бәрі ірі келіп, кесек туралады. «Ел» сөзі тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған, өзімізбен етене орыстың тіліне де жақын. Фин-угор тілдік тобындағы марийлердің өз елін Марий Эл атауын Мәскеудің қолдауы да соның бір белгісі. Ресейдің тарих ғылымында, түркологиясында «Эль» ұғымы (Великий Тюркский Эль) Түрік қағанаты заманынан бері барлық түркілердің қоғамдық-саяси құрылымын, рухани әлемін сипаттайтын ұғымға айналған. Сол үлгімен мемлекеттің жаңа атауының орысша нұсқасын «Казах Эль» түрінде алуға болар еді деп ойлаймыз. Ағылшыншасы тиісінше «Kazakh El» болар, бәлкім.   Жылдардың жиынтық жемісі Атыраудағы Елбасы сөзін айтқанда осы ұсыныс сол жерде жасалғандай көретіндердің, солай сөйлейтіндердің кездесетіні таң қалдырады. Біле білсек, Қазақ Елі атауы – Нұрсұлтан Назарбаевтың жылдар бойғы перзенттік те, президенттік те ой-толғаныстарының, адамдық арман-аңсарының жиынтық жемісі. Мен Елбасы еңбектерінің белгілі ғалым, қайраткер Махмұт Қасымбековтің жетекшілігімен қазақ тілінде дайындалып жатқан көптомдығының арнау­лы редакторлығына бекітілген, сол томдардағы ұзын саны бес мыңдай бетке жуық мәтінді мұқият қараған, салыстырған, аударылған тұстарын тексерген, түзеген адам ретінде бұл ұғымның сондағы сөздерде талай рет қолданылғанына кепілдік ете аламын. Оның сыртында Президент 2008 жылғы 6 шілдеде Астананың қақ ортасындағы бас алаңға егемен еліміздің ең басты ескерткішін – Тәуелсіздік монументін орнатқызып, оған «Қазақ елі» деген ат берген еді. Осы арқылы өзінің өміршең идеясына қажетті қоғамдық пікірді дайын­дай бастаған еді. Оған да алты жылдай уақыт кетті. Бұл ойды жүзеге асыруға, нақты шешім қабылдауға да тағы біраз уақыт кетеді. Онсыз болмайды. Бәрі ескеріледі. Бәрі екшеледі. «Плюстер» мен «минустер» сараланады. «Минустерді» де алға тартатындар табылады. Бірік­кен Ұлттар Ұйымынан бастап бар­лық әлемдік құрылымдардағы атауы­мызды өзгертуден тартып, ондаған заңнамаға, жүздеген құ­жат­тарға өзгеріс енгізу, мың­да­ған маңдайшаларды, мөрлерді, миллиондаған бланкілерді қайта жаса­ту­ға, қайта бастыруға, қайта орнатуға жұмсалатын қыруар қаржыны шотқа салатын күндер де келеді. Қанымызға, жанымызға, ойымызға, бойымызға сіңіп кеткен, көз үйренген, құлақ дағ­ды­ланған, өзіміз «Туған жерім менің, Қазақстаным!» деп шырқайтын ардақ­ты атаудан бірте-бірте алыстау да психо­логиялық тұрғыдан оңайға түспейді. Бірте-бірте дегенде де күн тәртібіне қойылған бұл мәселе бойынша шешім ел тарихындағы ерекше белес болатын ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін қабылданғанын қалайды халық. Оған дейін ел сипатын ерекшелейтін, осы атаудан табиғи туындауға тиісті тағы біраз мәселелердің қаралғаны жөн деп білеміз. Соның бірі – елдің аумақтық-әкімшілік бөлінісінің атауларында төлтумалылықтың керектігі. Біз бұл арада қазіргі Қазақстанда ол атаулардың біразы көрші елмен сөзбе-сөз сәйкес келетінін, мұның өзі, бұйыртса, болашақта Қазақ Елі деп аталатын мемлекеттің ұлттық даралығын көмескілендіріп тұратынын айтпақпыз. Мысалы, Ресейде де облыс­тар, Қазақстанда да облыстар, Ресейде де аудандар,­ Қазақстанда да аудандар. Әсіресе, ол атаулар орысшасында тіпті сөзбе-сөз қайталанады. Осыны шешуге әбден-ақ болатындай көрінеді. Мысалы, біздегі облыстың «аймақ» сияқты төл сөзбен аталуы ойластырылса. Ал ауданның орысшасын «район» дей салмай, қазақша нұсқадағы «аудан» түрін алуға болар еді. Сонда орысша жазғанның, сөйлегеннің өзінде «Карагандинский аймак» деудің, «Талгарский аудан» деудің түк әбестігі жоқ. Бара-бара бәріміз айтып та, жазып та үйреніп кетеміз. Өзбек ағайындар, мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ «облысты» «уәлаят» деп ауыстыра қойған болатын. Тіл туралы сөз қозғаған соң, Прези­денттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген сөзін тағы еске салайық. Қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтермейінше елдің аты да, заты да Қазақ Елі бола алмақ емес. Сондықтан, Елбасымыздың осы ойын қай кезде нақты жүзеге асыра алатынымыз өзімізге, тек өзімізге, тек қана өзімізге қатысты деп ашық айтуға тиістіміз. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді Елбасымызға қайта-қайта қайталату – ұлттық намысымызға сын. Тағы ескерер жай мынау: мемлекеттің ресми атауы өзгере қалғанда бұған дейін елімізді бір ғасыр бойы қате атап келгендей қуыстанудың тіпті де жөні жоқ. Мұның бәрі біздің тарихымыз. «Өткенге то­пырақ шашсаң, болашақ саған тас ата­ды» деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын баға­ла­маған жұрттың бағы жанып, жоғы түген­делмейді», дегенді Елбасымыз дәл сол «Қазақ елі» монументін ашарда айтқан еді. Жаңа ел атауына қатысты «минус­тер» қанша көп болғанымен, олардың бәрін безбеннің басына салғанда бір ғана «плюстің» таразына төмен тартып кететіні талассыз. Ол – біздің елдігіміздің еңселенуі, мемлекеттің даралық сипатының екшелуі, қазақ жұртының осы мемлекеттегі ұлттық ұйысудың ұйытқысы екендігін ерекшелеуі, ішкі тұрақтылықты нығайта отырып, елдің барлық азаматтарының бірлігін күшейте түсуі, сөйтіп Тәуелсіздігімізді тұғырландыра түсуі. Қазақ елі – біздің жеріміздің тарихи атауы, оны қалпына келтіру арқылы біз халқымыздың, мемлекетіміздің қайнар бастауларына қайта ораламыз дейтін зиялы қауым пікірі өте орынды. «Қазақстан» атауы жиырмасыншы ғасырдың басында, негізінен одақтық Қазақ ССР-нің бейресми атауы ретінде орныққаны белгілі. Егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында енді ғана, жаңа-жаңа қаз баса бастаған жас мемлекеттің атын «Қазақ Республикасы» деп бекітудің сәті түспегені де белгілі. 1991 жылғы 17 желтоқсанда, Тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңінде Алматыдағы бас алаңда сөйлеген тұңғыш сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Асықсақ та аптықпайық» деп еді. Біз бір асудан кейін бір асуды асықпай да, аптықпай да алып келе жатқан елміз. Ел атауының Қазақ Елі болып өзгертілуінің мүмкіндігі жөніндегі ойдың ортаға тасталуының өзі сондай асуларымыздың тағы бірі, бірегейі. Басын ашып айтайық: Президент бұл жөнінде кесіп-пішіп пікір білдірген де жоқ, бұған байланысты нақты тапсырма берген де жоқ, бәрі де елмен ақылдаса отырып шешілетінін ескертіп қана өтті. Біздің бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – тәуелсіздіктің тағдыры үшін аса маңызды мемлекеттік мәселе бойынша қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал жасауға ұмтылу ғана. Ел атауын елдің өзі шешеді. Заты өзгерген елдің аты да өзгергені жөн. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.