Теңге бағамының өзгеруі бюджеттің табысы мен шығынына, ішкі жалпы өнім мен инфляцияға жалпы жағымсыз әсерін тигізбейді. Керісінше, бюджетке түсетін пайданы еселемек. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мәліметтері, міне, осылай дейді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі теңге бағамының өзгеруін ескере отырып, ішкі жалпы өнімнің номиналды көлемі қосымша 6,5 пайыздық тармаққа ұлғаяды және ІЖӨ-нің номиналды өсуі 2014 жылы 119,4 пайызды құрайды, деп мәлімдеді.
Ішкі жалпы өнімнің, көлемі 2014 жылы бұрын болжамдалған 38,6 трлн. теңгемен салыстырғанда 41,1 трлн. теңгені құрайды. Экспорттан түсетін теңгемен есептегендегі пайданың 8,8 пайыздық тармаққа ұлғаюы ішкі жалпы өнімнің номиналды өсуіне ықпал ететін болады. Сонымен бірге, импорттың қымбаттауы есебінен ішкі жалпы өнімнің номиналды көлемі 2,3 пайыздық тармаққа төмендейді.
Сонымен қатар, министрлік мәліметтері теңге бағамының өзгеруі жүргізіліп жатқан индустрияландыру саясатын ескере отырып, қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі тиіс деген пайымға келіп отыр. Теңге бағамының өзгеруі нәтижесінде, сондай-ақ, отандық тауар өндірушілер өнімдерінің өсуі және неғұрлым қымбат импорттық тауарлардың азаюы күтілуде. Бұл Қазақстанның сауда теңгерімін ұстап тұрады және еліміздің сыртқы саудадағы позициясын жақсартады дейді мамандар.
Мұнайға экспорттық кедендік баждың түсімі бойынша (125,7 млрд. теңге), «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы (3,7 млрд. теңге) бойынша, әскери полигондарды пайдаланғаны үшін жалдау ақысы (0,8 млрд. теңге) бойынша бағамдық айырма есебінен бағалауға байланысты 2014 жылы республикалық бюджеттің кірісі 130,2 млрд. теңгеге ұлғаяды.
Республикалық бюджет шығыстары бағамдық айырма есебінен 85,2 млрд. теңгеге ұлғаяды. Осылайша, бюджет шығыстарының өсуі бюджет кірістерінің өсуі есебінен нивелирленетін болады.
Бағалау бойынша теңгенің 20 пайызға түзетілуі инфляцияны 3,3 пайыздық тармаққа ұлғайтады. Инфляция деңгейінің 2013 жылғы 4,8 пайыз деңгейін есепке ала отырып, инфляцияның 6-8 пайыз дәлізде қалатыны күтіледі. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің айтуынша, сондай-ақ, коммуналдық қызметтер тарифтерінің қосымша өсуі көзделмейді. Инфляцияға ақылы қызметтердің салымы бұрын бекітілген 1,2 пайыз деңгейінде қалады.
Бұл ретте, биылғы жылы инфляцияның орташа деңгейін 2 пайызға өсіру арқылы зейнетақыны 9 пайызға, әлеуметтік жәрдемақыларды 7 пайызға арттыру көзделеді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»