Елімізде азық-түлік қоры жеткілікті, сондықтан да теңге бағамының өзгеруіне байланысты ешқандай да баға көтерілуі мүмкін емес. Шындығын айтсам, оның бірде бір алғышартын байқамай отырмын.
Бұрнағы күні болған теңге бағамына жасалған түзету әлемдік жағдайларға байланысты болып отырғаны баршамызға жақсы белгілі. Өз басым бұдан дүрбелең болар ешбір себепті таппай отырмын. Менің ұғымымда валюта бағамын түзету еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру үшін жасалады. Мұндай күрделі әрекет мемлекеттің қуатын арттыра түсу мақсатында істеледі. Демек біз, игі жолды бұра тартпай, Үкіметтің бұл шарасын қолдауымыз керек.
Мұнымен бірге, Қазақстан халқын бізде азық-түлік қоры жеткілікті екенін, сондықтан да ешқандай баға көтерілуі мүмкін емес екенін айтып сендіргім келеді. Себебі, біз азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігін өзімізде өндіреміз. Сондай-ақ, теңге бағамының өзгеруі жеке өндірісті бәсекелестік ортада дамытуға ықпал ететінін баса айтқан жөн. Бұл шара өз кезегінде елдің агроөнеркәсіп саласына оң әсерін беретін болады.
Бізді не күтіп тұр деген мәселеге тоқталатын болсам, Қазақстан жолында ешқандай белгісіздік жоқ. Шүкір, бәрі айқын, бәрі анық көрініп тұр. Ең алдымен теңге бағамының осы өзгерісінің нәтижесінде бюджет жүйесіне мол қаржы ресурстары құйылады. Соның арқасында біздің тауар өндірушілеріміз қолдауға ие болады.
Экономикалық тұрғыда алып қарағанда біздер бірінші кезекте өндірісімізді қамтамасыз етеміз. Ал бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Ақша қаражатының құйылуы жаңа бағдарламаларға жол ашады. Сондықтан еліміздің әрбір азаматын елдік шараға түсіністікпен қарауға шақырамын.
Әзімхан САТЫБАЛДИН,
«ҚазАгроИнновация» АҚ басқарма
төрағасының орынбасары.