• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Қазан, 2021

Спорт жаңалықтарына шолу

193 рет
көрсетілді

Буллитте басым түсті

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» кезекті сырт алаңдағы ойындар сериясын жеңіспен бастады. Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубымен кез­дес­кен жерлестеріміз буллит сериясында үстемдік танытты.

Мәскеу облысындағы «Мытищи Аре­нада» («Куньлунь» өз айдынындағы ойындарын Ресей жерінде өткізіп жатыр) ұйым­дастырылған бәсекенің негізгі уақыты 1:1 есе­бімен тең аяқталды. Матчтың бірінші кезе­ңінде хоккейшілер бір-бірінің қақпасына гол соға алмады. Дегенмен үзілістен кейін Юрий Михайлис шәкірттері мұзайдында белсен­ді қимылдады. Нәтижесінде, ойынның 21-ми­нутында Олле Альсиннен тамаша пас алған Никита Михайлис қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды.

Үшінші кезеңде «Куньлунь» хоккей­шілері барын салды. 58 минут бойы Ортио қорғаған қақпадан саңлау таба алмаған қытайлықтар матчың аяқталуына екі минут қалғанда таразы басын теңестіріп кетті. Шай­ба авторы – Тайлер Вонг. Осылайша негізгі уақыт тең аяқталған соң, кездесу овер­таймға ұласты. Бірақ бұл кезеңде де же­ңімпаз анықталған жоқ. Ал буллит серия­сында «Барыс» ойыншылары дәлдік танытты. Қорытынды есеп – 2:1, «Барыстың» пайдасына. Жерлестеріміз бұл жеңісінен кейін «Шы­ғыс» конференциясындағы турнир кес­тесінде екі саты жоғарылап, 7-орынға тұрақ­тады.

 

 

Жеті күндегі екінші жеңісі

 «Астана» велоклубының қазақстандық көшбасшысы Алексей Луценко бір ап­таның ішінде екінші мәрте Италия тас жолдарында өткен бір күндік вело­жарыстың жеңімпазы атанды.

Өткен аптада «Коппа Агостони» додасында үздік шыққан қазақстандық велошабандоз бұл жолы Италияның солтүстік-шығысында тек ақ қиыршық тас жолдар бойымен өткен дебюттік «Серениссима Гравел» бір күндік жарысында топ жарды.

Алексей Луценко 132 шақырым қашық­тықты 3 сағат 24 минут 14 секундта жүріп, тұң­ғыш рет ұйымдастырылған жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды иеленген италиялық Рик­кардо Минали мен аустралиялық Натан Хаас жерлесімізден 42 секундқа қалып қойды. Сонымен қатар «Астананың» тағы екі өкілі – Давиде Мартинелли (4-орын) мен Самуэле Баттистелла (9-орын) үздік он­дықтың қатарынан көрінді.

 

 

Финалда сүрінді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен BNP Paribas Open WTA 1000 турнирінің жұп­тық бәсекесінде ресейлік Веро­ника Кудерметовамен бірге өнер көр­се­тіп, бас жүлдеге қол созым жер қал­ғанда сүрінді.

 

Қазақстандық-ресейлік жұп финалда бельгиялық Элизе Мертенс пен тай­вандық Се Су-Веймен кездесті. 1 сағат 34 ми­нут­қа созылған ойында Рыбакина мен Ку­дер­метова қарсыластарынан 6:7(1:7), 3:6 есебімен жеңіліп, екінші орынға табан тіреді. BNP Paribas Open финалына шыққаны үшін Елена мен Вероника 650 рейтингтік ұпай мен 220 мың АҚШ долларын қанжығаларына байлады. Айта кетерлігі, бұл Рыбакина мен Кудерметованың бірге ойнаған екінші турнирі. Бұған дейін олар тамыз айында Монреалда (Канада) өткен жарыстың жартылай финалына дейін жеткен еді.

 

Дайындаған Әли БИТӨРЕ