Олимпиада алауын жағу рәсімі көрерменсіз өтті. Оған тек ресми тұлғалар – ел президенті Катерина Сакелларопулу, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах, Грекия Олимпиада комитетінің басшысы Спирос Капралос және тағы басқалары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алауды жағу рәсімі YouTube арнасынан көрсетілді.
Олимпиада алауының шырағын бірінші болып тау шаңғышысы Иоаннис Антониу көтереді.
Алау Ежелгі Олимпия стадионынан қазіргі заманғы Олимпиада ойындарының негізін қалаушы, француз бароны Пьер де Кубертен ескерткішіне дейін апарылады.
Түнге қарай оны Афинаның Акрополіне апарып, 19 қазанда Қытай делегациясына табыстайды. Грекияда алау эстафетасы COVID-19 вирусына байланысты өткізілмеді.
Айта кетсек, Қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 2022 жылғы 4-20 ақпан күндері аралығында өтеді.