Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік Кеңесінің Төрағасы Абдалла бен Мұхаммад бен Ибрахим Әл Аш-Шейхпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты мен Консультативтік Кеңес арасындағы екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті мол екенін атап өтті.
Сондай-ақ Палата Спикері Сауд Арабиясы Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін, ал екі ел халқын ортақ дін мен рухани құндылықтар байланыстыратынын айтты. Сенат Төрағасы жан-жақты дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынас дәл осы құндылықтарға табан тірейтініне назар аударды.
«Соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы байланыс ерекше екпінмен дамып келеді. Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдельазиз әл-Сауд арасындағы достық қарым-қатынастың нәтижесі. Екі елдің байланысын одан әрі дамытып, нығайту мәселесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үнемі басты назарында. Мемлекет басшылары белгілеп берген осындай жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты Қазақстан Парламенті мен Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік Кеңесі тарапынан лайықты жалғастыру маңызды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сұхбаттасу барысында тараптар екі мемлекеттің өкілді органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін танытты.
«Бұл ретте Қазақстан Пралменті мен Корольдіктің Консультативтік Кеңесінде құрылған елдеріміз арасындағы достық топтарының маңызы зор. Біз Сауд Арабиясының экономиканы әртараптандыру және жаңғырту бағдарламасын зерделеуге мүдделіміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар кездесу кезінде келесі жылы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық барысы да кеңінен сөз болды.
Сенат Спикері Сауд Арабиясының Қазақстанда өтетін дәстүрлі дінаралық форумды үнемі қолдап келе жатқанын тілге тиек етті. Осыған орай сұхбаттасушылар Съезд аясында да екі елдің ынтымақтастығын арттыруға ниетті екендерін білдірді.
«Съезге дін лидерлерімен қатар белгілі саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары да қатысады. Корольдік өкілдері Жұмыс топтары мен Съезд Хатшылығының отырыстарына тұрақты түрде қатысып, форумның мазмұнды өтуіне және қорытынды құжатты дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Осыған орай саудиялық тарапқа Форум жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Келесі жылы өтетін VII Съезд барысында да қолдау көрсетесіздер деп үміттенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесуде коронавирус пандемиясымен күрес мәселесі де назардан тыс қалмады. Сенат Спикері Қазақстанның осы бағытта қабылдаған шараларына, оның ішінде QazVac отандық вакцина әзірлеу ісіне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның QazVac-ты өзге елдерге экспорттауға дайын екенін де жеткізді.
Палата Төрағасы еліміздің өңірде және әлемде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын айтты. Пандемия бүгінде бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президентінің БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік құру туралы бастамасының маңызы зор екеніне көңіл бөлді.
Бұдан басқа екі ел арасында туризм саласы бойынша да ынтымақтастықты күшейтуге зор мүмкіндіктер бар екені айтылды. Сенат Төрағасы еліміздің туристік әлеуетіне кеңірек тоқталып, Түркістан қаласында және Каспий жағалауында салынып жатқан салалық кластерлерге, сондай-ақ, осы бағыттағы басқа да бастамаларға назар аударды.
Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта Қазақстан-Саудия қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға және кеңейтуге белсенді түрде ықпал етуге, сол жолда ынтымақтасуға дайын екендерін жеткізді.