• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Энергия көздерін жаңғыртуға білім ордасы да кірісті

335 рет
көрсетілді

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универ­си­тетінің  ғалымдары мен ма­гис­транттары жақында жұрт­шы­лыққа жел генераторынан,  фотоэлектрлі күн батереясынан және  күн  коллекторынан тұратын  баламалы қуат көздері кешенін  көрсетті. Қоста­най өңіріндегі  жоғары оқу орындарының арасында  бұл кешен бірегейлігімен ерекшеленіп отыр. Өйткені,  желден,  күн сәулесінен электр энергиясын  өндіретін  бұл кешен студенттер мен магистранттарға  сабақ  үшін  құрылған макет емес, ол  қазірдің өзінде электр энергиясын  өндіріп тұр. Қазір қалдықтардан шар­шаған, Жер-Ананың қойнындағы  бар құтты тауысуға айналған әлем «жасыл экономикаға»  бет бұра бастады. Оның негізі энергияны баламалы қуат  көздерінен өндіру болып табылады. Қостанай мемлекеттік университетінің ғалымдарымен,  оқытушылары  осы бағытта жұмыс істеуге белсеніп отыр.  Ғылыми зертханада баламалы қуат көздері үшін қажетті жабдықтар алынған.  Жел,  күн  қондырғыларынан өндірілген электр энергиясымен  университеттің № 3  корпусын қамтамасыз етеді. Оқу корпусының шатырына орналастырылған  күн коллекторына жалғанған екі құбыр ғимараттың ішіне жіберіліп,  ол корпустағы буфетке жеткізілген. Осы құбырдың  арқасында  ондағы су жылып  тұр. Асханадағы  ыдыс жууға пайдаланатын  су тегін жылытылуда. Ал  оқу корпусының артына  орнатылған жел генераторы өндірген 5 квт  электр энергиясы білім ордасы ғимаратының алдындағы гүлзарды  түнде жарықпен қамтамасыз  етеді. TEMPUS халықаралық жобасы шеңберінде жасалған бұл кешен Электр энергетикасы және  физика кафедрасының оқытушылары мен магистранттарының зерттеу еңбегі. Кафедра  меңгерушісі Игорь Кошкиннің айтуынша, 13 магистрант жаңғыртылған  қуат көздерін пайдалану арқылы даму және экологиялық  инжиниринг тақырыбын  одан  әрі  зерттеуде. Олардың  үздіктері өз жобаларын  Астанада өтетін болашақтың энергиясына арналған ЭКСПО-2017 әлемдік  көрмесіне  қоюды да армандайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар