Қазір екінің бірі «Болашақта адамдар газет оқи ма? Жоқ әлде бүкілдей басылым электронды жүйеге көше ме?» деген сұраққа жауап таппай дағдарады. Кейде алға ұмтылу үшін кешегі тарихқа да көз салғанымыз жөн секілді. Осыдан VІ-VІІ ғасыр бұрын ашылып, әлі күнге дейін жұмыс істеп, оқырманын қанағаттандырып келе жатқан газеттердің де бар екенін білген соң, қағазға басылған дүниенің өз оқырманы бола беретініне көзіміз жетті.
«Қарым-қатынас пен ұмытылмас тарих»
Әлемдегі ең алғашқы газет 1605 жылы Қасиетті Рим империясында неміс тілінде шығыпты. Газет аты «Қарым-қатынас пен ұмытылмас тарих» деп аталады. Баспагері Иоганн Каролус. Бұл газет ресми түрде әлемдегі ең көне газеттің бірі деген атқа ие. Бұл басылым халықтың қолжетімділігін, белгілі бір уақыт аралығында (күнделікті, апта сайын, ай сайын) шығуды және ақпарат ағымындағы әртүрлі тақырыптарды (саясат, оқиғалар, ойын-сауық, спорт және басқалар) қамтуды негіз етті. Газетке қойылатын талаптарды толық орындамағанына қарамастан, бұл газетті Дүниежүзілік газеттер қауымдастығы алғашқы газет деп санайды. Одан кейін 1609 жылы осы елде «Ависия қатынасы» атты газет шығады, Лукас Шулте дейтін баспагердің атсалысуымен бұл газет те неміс тілінде ақпарат тарата бастайды.
«Италия мен Германияның ағымдағы оқиғалары»
Ең алғашқы голланд газеті 1618 жылдың маусымында оқырманмен жүздесіпті. Басылым аты – «Италия мен Германияның ағымдағы оқиғалары». Бұл газет апта сайын шығып тұрды. Газетті кім шығарғанын деректерден таба алмадық, архивтер тек сол тұстағы баспагер Каспар ван Хилтен осы газетті шығарған баспагер болуы мүмкін дейді. Осы елдегі көлемді газет болған соң, функцияға емес, формаға негізделген басылымның рөлін атқаруға құлшыныс танытты. Тіпті аталған газет біз оқып жүрген қазіргі газеттермен ұқсас форматта шығатын бірінші басылым болып саналады. 1672 жылға дейін үздіксіз шыққан басылым кейін келе «De Telegraaf» дейтін газетпен қосылып, қазірге дейін Нидерландта ақпарат таратып, оқырманның үдесінен шығуда.
«Жаңа хабарлар»
Испания патшалығына қарасты Нидерландта 1618 жылы голланд тілінде шыққан «Жаңа хабарлар» деген газет те әлемдегі алғашқы газеттердің қатарына кіреді. Бұл басылымды баспагер Абраһам Верхоувен оқырманға ұсынып отырған. Бұл газетте жарияланған жаңалықтардың басым бөлігі Батыс және Орталық Еуропаның тұрмыс-тіршілігі еді, сонымен бірге өзге де көптеген жалпы жаңалықтарды қамтыды, көбінесе сатиралық бағандар, уағыздар, әндер туралы мазмұн шығарды, ал төл шығармалардан өлеңдер жиі жарияланып тұрды.
«La Gazette»
1631 жылы мамырда Парижде жарияланған «La Gazette» француз тіліндегі алғашқы апталық газет еді. Сонымен бірге бұл газет журналдың да рөлін атқара алды. «La Gazette» саяси жаңалықтарға баса назар аударды. Теофраст Ренодо дейтін адам осы газеттің негізін қалаушысы. 1762 жылға келгенде басылым «Корольдік үкіметтің ресми органы» деген атауына ие болды. Газет ақпарат құралдарының жаңаруына байланысты 1915 жылға дейін ғана жұмыс істей алады. Бәсекелес басылымдардың көбеюі аталған газеттің жабылуына себепкер болды.
«Қарапайым пост - Tijdender»
«Ordinary Post Tijdender» газеті әлі де шығып келе жатқан ең көне басылымның бірі. 1645 жылы патшайым Кристина мен Канцлер Аксель Оксенстьерна бірлесіп шығарған швед газеті қазір тек онлайн режімінде өндірісте. Газет сонау1821 жылы «Inrikes Tidningar» газетімен қосылғаннан кейін қазір «Post-och Inrikes Tidningar» деген атпен жарық көріп келе жатыр. Қалай десек те 380 жылдық тарихы бар газет баспа саласы үшін аса қымбат мұра болмақ.
«Еуропа апталығы»
«Еуропа апталығы» газеті 1656 жылы Голландия Республикасында шыққан. Баспагерлері Авраам Кастелейн мен Маргарета ван Банккен. 1664 жылы осы елдің үкіметі газеттің форматына өзгеріс енгізіп, атауы «De Oprechte Haerlemse Courant» болып өзгертілді.
Бұл газеттің жарыққа шығуы ағылшын газеттеріне жол ашты. Газет 1942 жылы «Haarlems Dagblad» басылымымен біріктірілді де, әлі күнге дейін осы атпен шығып келеді.
«Оксфорд»
1665 жылы жетінші қарашада оқырманмен жүздескен «The Oxford Gazette» ағылшын тілінде басылған әлемдегі ең алғашқы газет болып саналады. 1666 жылы ақпанда бұл басылым «The London Gazette» деп аталды. Бұл газет сол тұста жалпы жаңалықтардан гөрі заң саласындағы хабарламаларды жариялағанды жөн көргендіктен, басқа да көптеген басылымдар газеттің бұл ұстанымына қарсы шыққан.
«Белфаст жаңалықтары»
Алғаш рет 1737 жылы Белфастта шыққан бұл газет ағылшын тіліндегі ең көне күнделікті газет болып саналады. Сонымен бірге Солтүстік Ирландиядағы жетекші күнделікті газеттердің бірі де осы басылым екені шындық. Басылымның сол кезде шыққан нұсқалары ағылшын архивтерінде сақталған.