Павлодарда еліміздегі «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» облыстық филиалының бастамасымен 14-15 қазан күндері «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған рухани-мәдени шараға Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты алыс және жақын шетелдерде тұратын 40-тан астам қандас отандас қатысты.
Әрине, шетте жүрген қазақтың әу дейтін сағынышты үнін естуге, індеттің кезінде үйден шықпай ән-күй тыңдаудан қалған көпшілік бұл мәдени шараға асыға жетті.
Қайта осындай сәттерде өзіміздің ұлттық музыкалық аспаптардың үнін естіп, бір демалып қалатынымыз тағы анық. Шеттегі қазақтың үнінен даланың үні мен рухын сезіп, бір серпіліп қалғандаймыз. Еліміздің әр өңірінен ұлттық өнерді насихаттап жүрген елге оралған қандастар да шақырылды.
Шараның басталуында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы, облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрмановалар құттықтауларын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл – «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» шеңберінде ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дамыту, шетелдегі дарынды жастарды анықтау және оларды елімізге тарту мүмкіндіктеріне орай өткізілуде, – дейді Айзада Құрманова.
Ал халқымыздың қолданбалы қолөнері номинациясының жеңімпаздары Анар Жұрағат, Толғанай Жолақова, ресейлік Артықбай Смағұлов, өзбекстандық Әлібек Нышанбаевтар өздері жасаған түрлі бұйым, заттарымен көрмеге қатысты. Өзбекстандық Жарасқан Мерзамуратов, Моңғолиядан келген Данагүл Исахул, Шамшырақ Хаутайлар мүшәйра жеңімпаздары атанса, Орынбордан келген Әйгерім Нұрланқызы терменің әрбір сөзін көрерменге көнеден жеткізіп, төгілтіп бір ой сала білді.
– Біз бұл шақыруды қуана қабыл алдық. Әнімізді, жыр-термемізді атамекендегі қазаққа, елге жеткізгенше асықтық. Келген күні ұлы Абай атамыздың ескерткішіне тағзым еттік. Бізді Естай атындағы мәдениет сарайындағы салтанатты ашылу рәсімі қатты толқытты, – дейді Ә.Нұрланқызы.
Әйгеріммен бірге елге оралған қандастардың ұл-қыздары Базарбай Азамат, Сейітқұл Бақтияр, Сәтжан Класханұлы да жыр-термелерін нақышына келтіріп тамаша орындай білді. Қытайдан келген Мәкеш Ерлан, Сайлаубек Қуатберген, моңғолиялық Смайыл Шұға, мәскеулік Темірлан Тоқтарбайұлының айтқан әндері де әуелеп зор сағынышымен есімізде қалды.
Түркиялық Гүлбуса Шендуран «Вокал» номинациясы бойынша фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол Анкарадағы мемлекеттік консерваторияның опера сыныбында оқиды. Өткеннің музыкалық қазынасын, дәстүрлі жолын жалғастырған әншілер, күйшілер, термешілер музыкалық аспаптарының үн-әуендерімен жеткізіп, салт-дәстүр сабақтастығының мұрасы мәңгілік екенін паш етті. Бұл күні шетелдегі қандастар арасында жиі айтылатын жыр-термелер, ән-күйлер көбірек орындалды. Тыңдап отырып, көне, ескі әуендер көшіне қалай ілесіп кеткеніңді аңғармай да қаласың.
Әр тарапта, шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың ән, күй, терме, қолөнер арқылы жеткізген елге, жерге деген сағынышы – атамекендегі қазақтың бірлігі мен патриотизмімен қосылып, бір тілек үстінде екенін де байқайсыз.
Жалпы, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» облыстық филиалының басшысы, «Отандастар қорының» қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Зауыттың айтуынша, біздің облыс орталығында алғаш рет өткізілген бұл халықаралық фестиваль – елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі мәдени шара. Фестиваль Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тікелей қолдауымен, «Отандастар» қоры мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» ұйымдастыруымен өтіп келеді. Біздің өңірде өткен шараға облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсеткен. Қорытынды шара барысында «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-При иегерлері мен жүлдегерлеріне үш аталым бойынша арнайы медальдар, дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
– Ал басты мақсат – шетелдегі дарынды қазақ жастарының қолөнерді, сөз өнерін, термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберліктері арқылы олардың отансүйгіштік, рухани, ұлттық нақышта жасалған бұйымдарын, кәдесыйларын, өлеңдер мен орындаушылық шеберлігін атамекенге жеткізу. Ең бастысы, шетелдердегі қандастардың елге оралуына, қазақ жастарын еліміздің университеттері мен өнер колледждерінде кәсіби білім алуына мүмкіндік беріп, жол ашу, – дейді Б.Зауыт.
Яғни шетелдегі дарынды қазақ жастарына рухани және материалдық тұрғыдан қолдау көрсету. Сонымен қатар қандастарымыздың алыс шетелдерде тұрса да, біртұтастығы мен отансүйгіштігін кеңінен насихаттау көзделгенін ұқтық.
Фестивальда термешілер мен дәстүрлі ән орындаушылар, жазба ақындар мен халықтың қолданбалы қолөнер бұйымдарының шеберлері арасында өтіп, үздік туындылары көрермендерге көрсетілді. Түрлі бұйым мен кәдесыйларға толы көрмеде қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан сан алуан полотнолар ілінді. Көрмеден көшпенді қазақтың тұтынған заттарын, киген киімдерін көресіз.
Жарқ-жұрқ еткен өрнектері бар көне шәугім сувенирін көрмеден сатып алып, қолөнершінің шеберлігіне қайран қалып, шеттегі қазақ өнері аман болсын деп күнде қарап жүрміз.