Астана қаласы бүкіл әлемге танымал Густав Русси атындағы француз онкология институтымен әріптестік қарым-қатынасын ұлғайтуда. Мұның дәлелі ретінде кеше елорда әкімдігінде шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетов пен аталған институттың бас директоры Александр Еггермонт стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум Астана қаласындағы онкологиялық қызметті әрі қарай дамыту үшін халықаралық диагностика және емдеу стандарттарын енгізу, сонымен бірге, онкологиялық патологияларды алдын алу мен емдеудің заманауи әдістерін пайдалана отырып, елорда мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған. Бұдан өзге тараптар ауруды диагностикалау мен емдеу саласындағы инновациялық технологияларымен тәжірибе алмасу сынды өзге де салада бірқатар игі жұмыстар жасауға келісті.
Густав Русси атындағы онкология институты құрамында 11 жоғары технологиялық ғылыми зертханалар, екі мыңнан астам жоғары білікті мамандар жұмыс істесе, жыл сайын екі жүз мыңға дейін кеңестер беріліп, бір жылда шамамен 12900 стационарлық науқастарға қызмет көрсетіледі екен. Бүгінгі таңда игілікті істердің нәтижесінде Францияда обыр кеселіне шалдыққандардың 70 пайызы науқастарынан сауыққан.
2009 жылы Астана қаласын дамыту бағдарламасы бойынша онкология орталығының заманауи жабдықтармен жабдықталған морфологиялық диагностика блогы бар әр ауысымда 380 келіп-кетушілерге арналған емханасы, жаңа 245 орынды емдеу ғимараты қолданысқа берілген. Онкология диспансері орта есеппен 6,5 мың қала тұрғындарына, оның ішінде медициналық ұйымды таңдау бойынша өзге де өңір тұрғындарына көмек көрсетеді.
Жыл сайын әлемде 10 млн. дерт тіркеліп, оның 6,2 миллионы онкология ауруынан қайтыс болады екен. Ал Қазақстанда жылына обырдың 30 мың жаңа түрі анықталса, онкологиямен ауыратын 140 мың науқас есепте тұрады. Оның 60 пайызы химия терапиядан өтуге мұқтаждар санатында. Еліміздегі обыр сырқатына шалдыққандар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––––
Суретті түсірген Сұлтан Сейітов.