• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Сыртқы саясат мәселелері қаралды

225 рет
көрсетілді

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің алқа отырысы болып өтті. Жиынға аталған министрлік басшылығы, Қазақстан Пре­зи­дентінің көмекшісі Ержан Қазы­ханов, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің мүшесі Бір­ғаным Әйтімова, Президент Әкімшілігінің,  Премьер-Министр Кеңсесінің және басқа да бірқатар мемлекеттік органдардың өкіл­дері қатысты. Сыртқы саясат ведомство­сы басшылығының алқа оты­ры­сын­дағы күн тәртібінің негізгі бөлігі ел Президентінің «Қазақстан жо­лы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қына Жолдауын іске асыру шараларын талқылауға арналды. Сыртқы істер министрі өз сө­зінде атап өткендей, бұл Жол­даудың маңыздылығы Мем­лекет басшысының ел халқын өсіп-өркендеген, жемісті Қазақ елін құруға бірігіп атсалысуға шақыруы мен «Стратегия-2050» мақсаттарына қол жеткізу үшін дамыған демократиялық қоғамда өмір сүргісі келетін әр азаматтың жеке қатысуы мен белсенді ұста­нымының қажеттілігінде жатыр. Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларына қол жеткізу үшін қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыру сыртқы саясат ведомствосының ең маңызды басымдығы болып табылады. Осы орайда, Е.Ыдырысов жақында Президент тарапынан бекітілген және «2050» Стратегиясының не­гізгі қағидалары аясында құрылған Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа Сыртқы саясат тұжырымдамасының ерекше маңыздылығын атап өтті. Министр Сыртқы саясат тұ­жырым­дамасында дәстүрлі ұста­нымдармен қатар, басқа да жаңа сыртқы саяси қызметтің басым бағыттары айқындалды, деп атап өтті. «Егер осыған дейін мемлекет мүддесін қорғауға айтарлықтай басымдық берілсе, бүгінде қоғамның қажеттіліктерін, соның ішінде, жалпы азаматтардың және жеке әрбір қазақстандықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қарай бет бұрылуда», деп ол. Еліміздің сыртқы саяси бағытына тоқтала келе, Сыртқы істер министрі Қазақстан саясаты алдағы уақытта да теңдестірілген, бірізді және прагматикалық қағидаларға негізделетінін атап өтті. «Біз Қазақстанның жаһандық және аймақтық мәселелерді шешуге қатысуын, сыртқы саясаттың стратегиялық ресурсы ретінде көп деңгейлі дипломатияны дамытуын еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудің негізгі факторы деп білеміз», деді Е.Ыдырысов. Сонымен қатар, алқа отырысы барысында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшелігіне Қа­зақстан кандидатурасын ұсы­ну жоспарын жүзеге асыру мәсе­лелері қарастырылды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың өзекті мәселелеріне халықаралық қоғамдастық назарын аударуға және оларды шешуге, сонымен қоса, халық­аралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді реттеуге өз үлесімізді қо­суға мүмкіндік беретіні айтылды. Сондай-ақ, алқа жиынына қаты­сушылар ЭКСПО-2017 халық­­аралық көрмесіне дайын­дық жайы, еуразиялық және орта­лық­азиялық интеграция мәселелері, Ауғанстандағы және Сириядағы жағдайды тұрақтандыру, Украи­надағы саяси дағдарысты реттеу мен халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді талқыға салды. Сәулебек БІРЖАН.