• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 20 Қазан, 2021

ҚазҰУ: Алты айда ауқымды іс атқарылды

316 рет
көрсетілді

Жаһандану үдерісі күшіне мініп келе жатқан кезеңде жастардың кө­ңілін ала-құла, елжандылықтан ада, шетелшіл болуға ықпал ете­тін жағдаяттардың бар екеніне көзді жұма беруге болмайды. Осы тұрғыдан келгенде байырғы білім ордасы – Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университеті стратегиялық тұрғыдан жаң­ғырып жатыр.

Көпшілік қазір ҚазҰУ-да инфра­­құрылымдық модер­ни­за­ция­­лау жұмыстары қарқынды жүр­­­гізіліп жатқанынан, 2025 жыл­ға дейін кампусты жаңғырту жос­па­ры қабылданғанынан хабар­дар. Ұлт­тық университет көз алды­мыз­­­да өзгеріп келеді.

Ал жастар саясаты ең нәзік сая­сат екенін айтар болсақ, бұ­рын шетелге шыққанда сту­ден­т­­теріне жасалған жағ­дай­ды, оқы­тушылары мен уни­вер­ситет­тер­інің беделін көріп, қы­зы­ғып, тіпті ішіміз әлем-жәлем болып қайтатын кездеріміз болған. Ас­ха­налары мен ас мәзір­лерінің өзі мейрамханадай әсер қал­ды­ратын. Осының бәрі өзі­міз­ге келді. Тек білім ал, мықты ма­ман болуға ұмтыл. Бүгінгінің сту­д­енттері қа­лай айтсаңыз да – ба­қытты.

ҚазҰУ қалашығы – қала ішін­де­гі жастардың қаласы екенін ес­керсек, мұнда жүріп жатқан жөн­деу жұмыстарының ауқымы орасан, тек көруге көз керек. Қыс­қа­сы, университеттің оқу корпустары мен жатақханалардағы жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көзбен көру мақсатында БАҚ өкілдері үшін арнайы ұйым­дас­ты­рыл­ған пресс-турға қосылдық.

Журналистер қауымын университет ректоры Жансейіт Түй­ме­баев өзі бастап жүріп, уни­вер­ситеттегі оң өзгерістермен қатар, қордаланған мәселелерді бүге-шігесіне дейін баяндап, соңынан екі сағатқа жуық журналистердің сұ­рақтарына жауап беріп, кез кел­ген мәселеге ашықтығын көр­сетті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті – ТМД ел­де­рі кеңістігінен әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қа­та­ры­н­а кіретін екі білім ор­да­сы­ның бірі. Біріншісі – Ресей­де­гі М.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) болса, екіншісі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Оған қоса университет Орталық Азиядағы жоғары ба­ға­ға қол жеткізген, QS Stars Rating System халықаралық рей­тин­гісінде «Бес жұлдыз» бел­гісіне ие болған жал­ғыз жо­ға­ры оқу орны. Осы үдеден шығу үшін универси­тет кадр­лық, интеллектуалдық әле­уе­тін дамытуға мүдделі бол­ған­­дықтан, Уэйн Детройт (АҚШ) уни­верситетінде жұмыс істейтін ма­тематик Уәлібай Өмірбай мен Кем­бриджде жұмыс істеген ней­ро­­биолог Базылбек Дәулетовті уни­­вер­ситетте дәріс оқуға шақы­рып отыр.

Биылғы қазан және қараша ай­ларында Еуропа, АҚШ, Ресей, Түркия университеттерінің 35 профессоры шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасымен университетте дәріс береді. Оқыту­шы­лар­ды материалдық ынталанды­ру мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Мәселен, биыл жалақы екі рет өсті. Енді оқытушының ең тө­мен­гі жалақысы – 285 мың, аға оқы­ту­шыға – 312 мың, доцентке – 389 мың, профессорға 500 мың теңге төленеді.

Бүгінгі университеттердің бе­де­­лін төмендегідей бағамдауға бо­­ла­ды. Университетте 25,9 мың сту­­денттің – 80 пайызы грантпен, 20 пайызы ақылы білім алады. Оның ішінде бакалавриатта – 21 294, магистратура мен докторантурада – 4 642. Биыл шама­мен 7,7 мың студент оқуға қа­был­­данған. Бакалавриаттағылар өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе­ге кө­бейіп, магистратурадағы грант иегерлері 1,2 есеге өскен. Жал­пы, мемлекеттік грант иеле­рінің шамамен 7 пайызы ҚазҰУ-ды қалады десек болады. Егер былтыр «Алтын белгі» иегер­лерінің саны 508 болса, биыл – 1 058. Олардың ішінде халық­аралық, республикалық пән олимпиадаларының жеңім­паз­да­ры да бар және Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің түлектері үш есеге көбейген. Бір ғана оқу жы­лы­н­да дарынды жастарды тарту көр­сеткіші 2,2 есеге артқан.

Осы арада айта кету керек, қазір ҚазҰУ-да әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатыр. 2025 жылы ше­тел­дік студенттердің үлесін 25 па­йызға жеткізу міндеті қойылып, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және басқа елдерде университет филиалдары ашылмақ.

Дегенмен басты мәселе білім сапасын көтеру болғандықтан, оқу бағдарламалары жаңарып, келешегі бар 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасы іске қосылған. Бұл – неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, ро­бот­тық жүйелер, жаратылыс­та­ну мен инженерлік бағыттағы та­­биғи және технологиялық тәуе­­келдер. Әлеуметтік-гума­ни­тар­лық бағытта – мемле­кеттік бас­қару және қоғамдық қауіп­сіз­дік, цифрлық экономика, шы­ғар­ма­шы­лық индустриялар, медиа­ком­муникация, ақылды қала эко­но­микасы.

Жаһанды жайлаған індет ви­русолог мамандарды даярлау мәселесінен аттап өтпейтіні аян. ҚазҰУ отандық вакцинаны жасаған Биологиялық қа­уіп­сіздік проблемаларының ғы­лы­ми-зерттеу институтымен бір­ле­сіп, «Вирусология» оқу бағ­­дарламасын іске қосты. Білім мен тәжірибені ұштастыру мақ­­са­­тын­да 3 мыңнан астам ұйым мен кәсіпорын арасында ынты­мақ­­тастық орнаған.

Бірінші кезекте ҚазҰУ – бі­лім, ғылым және инновациялар­ды үйлестіретін классикалық көп­салалы университет. Осы орай­да еліміздің ғылыми-тех­ни­калық дамуының маңызды басымдықтары бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды. Бұл тақырыпқа тағы да ораламыз.

–Университетте инно­ва­ция­лық жобалар іске асырылып, аз сериялы өнімдер шығаруда 10-нан астам ғылымды қажет­сі­­­нетін өндірістер құрыл­ды. Ға­­лымдарымыз COVID-19 ін­де­­­тін ауыздықтауға айтар­лық­тай мүдделілік танытып отыр. Сондай-ақ шипалы өсім­дік­терімізбен дәрілік пре­па­рат­тар­дың аз тонналық өндірі­сі мен дезин­фекциялық жуу құралдарын шығару бір ізге түсе бастады. Жалпы, мұндай 100-ден астам жоба бар. Аталған жобалар си­пат­талған екі томдық кітап шы­ғардық, – дейді Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­те­тінің басқарма төра­ға­сы – ректоры Ж.Түймебаев.

Уақыт талабына сай болуға ұмтылған университеттің басты мұраты студенттерге жағдай жа­с­ай отырып, оқытушылардың жала­қысы мен тұрмысын жақ­сарту болғандықтан, қар­жы­лық тұрақтылықты арттыру мақ­са­тында кіріс бөлігін ұл­ғай­тып, шығыс бөлігін оңтай­лан­дыру іс-шаралары жүріп жатыр. Нә­ти­же­сіз шығындар анықталып, азайтылды. Бұл үдеріс жалғаса береді.

Инфрақұрылым объектілерін пайдалануда да бейінді емес биз­нес-процестердің аутсорсингі жос­парланып отыр. Тұтас ал­ған­да, білім беру – ғылыми қыз­мет­тердің сапасын арттыруға және қызметкерлерді одан әрі ын­та­лан­ды­руға ықпал етеді.

– Бірінші кезекте университет интеллигенциясының рөлін аттыру керек. Білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын жасауға ба­ғыт алдық. Біртіндеп бар мәсе­ле­ні шешеміз. Компьютерлік техниканы жаңарту үшін 800 компьютер сатып алынып, факультеттерге берілді. Университет кешені 54 жылжымайтын мүлік нысанын қамтиды. Оның ішінде: 18 оқу-зертханалық корпус және 5,4 мың орындық 17 студенттік жатақхана бар. Қауіпсіздік үшін барлық оқу корпустары мен жатақханаларда электрондық өткізу жүйелері ен­гіз­ілді. Заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылды. Интернет қолжетімді. Кампус аумағында толыққанды білім беру мен бос уақытты өткізуге арналған тұтас кешен жұмыс істейді: жаттығу залы, спорт алаңдары және сек­циялары бар спорт кешені, меди­циналық және әлеуметтік-тұр­мыс­тық қызметтердің кең спектрі қамтылған «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы. Сон­дай-ақ жеке кинотеатр бар.

Жеті оқу ғимаратында ағым­да­ғы жөндеу жұмыстары жүр­гізілді, үш оқу ғимаратында күрделі жөн­деу жұмыстары аяқталып ке­­леді, 14 жатақхана жөнделді, сту­денттерге қазіргі заманға сай жағдай жасалған, барлық жөн­деу жұмыстарын сырттан мер­ді­герлер тартпай, университет қыз­меткерлері орындады, – дейді рек­тор.

Кампус аумағы да абаттанып келеді. Биыл университет ұжы­мы 1 мыңға жуық қырым қарағайы мен сиверс алма ағашын және басқа да жеміс көшеттерін отыр­ғызып, Елбасы аллеясын, Ғалымдар бағын, Ағаштар аллея­сын ашты.

– Алайда жатақханалардың ескір­генін атап өткен жөн. Көп­ші­­лігінде пайдалануға беріл­ген­нен бері күрделі жөндеу жүр­гізілмеген. Коммуникация жүйе­сі апаттық жағдайда. 15 мың­ға жуық студент жатақханаға мұқ­таж. Соңғы студенттік жатақ­хана 1991 жылы салынып, қолда­ныс­қа берілген. Екіншіден, оқу ғимараттары да тозған. Ауди­то­риялар, оқу жиһаздары мен тех­никалық құрал-жабдықтар ес­кір­ген. Инженерлік желілер мен ком­муникацияның жағдайы сын көтермейді. Жаңа ғимараттар мен аудиториялар қажет. Сондықтан Кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Онда жатақханалар мен оқу корпустарын қайта жаңарту және салу жұмыстары қарастырылған. Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе отырып, жатақханалар салу үшін инвестор тартуға әрекет етіп жатырмыз, – деді Ж.Түймебаев.