20 қазанда әлем таныған жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы Элдар Айтматов Egemen Qazaqstan газетінің журналисі Дүйсенәлі Әлімақынға берген сұхбаты жарық көрді. Сұхбат арасында жаузшыға Нобель сыйлығы берілгелі жатқан тұста шешім өзгеріп, сыйлық Горбачевтың еншісінде кеткені жайлы айтылады.
– Ашығын айтсам, мен өмірімде әкемнің бірдеңеге қатты кейіп, ашуға басып немесе кек сақтағанын көрген де, естіген де емеспін. Тіпті ол кісінің біреудің артынан ғайбат айтуы былай тұрсын, біреу туралы ыңғайсыз сөз айтылып жатса да назар аударған емес, ондай ұсақ-түйек істерге көңіл бөлмейтін. Оның ішкі дүниесі терең, мақсаты айқын болғанын жақсы білемін. «Ана сыйлықты алмай қалдым, мына іс мынадай болды» деп бірдеңеге қапаланғанын көрген жоқпын. Тіпті ондай сөздер ол кісінің аузынан шыққан да емес. Менің білуімше, әкем жеке басының немесе қызығушылығына байланысты істерге емес, кейде жаһандық ірі мәселелер төңірегінде бас қатырған болуы керек. Ал сіз сұрап отырған сұрақтың жауабы былай, әкем Нобель сыйлығын алмай қалдым деп ешқашан мұңайған жоқ. Тіпті, бұл сыйлық туралы өзара сөйлескеніміз есімде қалмапты, – деді Элдар Айтматов.