Демократтары демократияға қарсы ел
Біраздан бері Таиландта тыныштық болмай тұр. Оның астанасы Бангкоктағы қарсылық акциялары халықаралық телеарналардың экранынан түспейді. Сол шайқас шарықтау шегіне жеткендей көрінеді де, енді біржақты болар дейсің, бірақ аяқталар түрі жоқ.
Бүгінге дейін әлем жұртшылығында бұл ел туралы адамдарының жүзінен күлкі кетпейтін жайдары ел деген пікір қалыптасқан. Әлем жұртшылығы дегенде, бұл ел – туризм орталығы, оған баратындар көп, бізден де барып жатады. Оның халқының сыпайылығы, әдептілігі, мінсіз қызмет көрсетуі жайлы айтылатын әңгіме де, аңыз да көп.
Сол елде біраздан бері саяси күрес белең алып отыр. Тіпті соңғы он жылдың әлетінде онда ауысқан үкіметтің саны да біразға жетеді. Бүгінгі жағдайды ұғу үшін оған аз-кем тоқталып өту де қажет. Сол күрестің бел ортасында қытайтекті қайраткер Таксин Чинават жүреді.
Ол 2001 жылы жалпы парламент сайлауының нәтижесінде елдің премьер-министрі болып сайланды. Біршама реформаларды жүзеге асырды. Елдің солтүстік аймағын мекендейтін кедей шаруалардың жағдайын көтеруді, биліктің монархиялық жүйесін шектеуді ойластырды. Бұл қарсы күштерге ұнамады. Оның ақыры 2006 жылы әскери төңкеріске соқтырды. Чинават елден аласталды.
Содан кейін-ақ елде үкімет тұрақтамады. Тіпті әскерилердің отырғызған адамдарының өзі кетуге мәжбүр болды. Кім келсе де, бірде «сары жейделілер», бірде «қызыл жейделілер» қарсылық шерулеріне шығып, үкіметке жұмыс істетпей, ақыры оның кетіп тынуы дәстүрге айналды. Осы жерде сол «жейделілерге» тоқтала кеткен жөн. Әдетте, Чинаватқа қарсы күресті Демократиялық партия бастаса, оның жақтастары шеруге сары көйлек киіп шығатын. Ал Чинаватты қолдайтын Диктатураға қарсы демократия үшін біріккен майдан, оның ішінде «Таиланд үшін» партиясының өкілдері қызыл көйлек киіп шығатындықтан, оларды сол көйлек түстерімен атайтын болған.
Мұны да тайлықтарға тән десек жөн. Теледидар экранынан бірде қызыл нөпір, бірде сары нөпір халықты көрсең, оқиға Таиландта болып жатқанын айтпай танисың. Сонымен бірге, «сары жейделілердің» елдің оңтүстік өңірі мен ел астанасы Бангкоктың тұрмыс жағдайы жоғарылау тұрғындары өкілдері екенін, ал «қызыл жейделілер» елдің солтүстік аймағындағы негізінен кембағалдау шаруалар мүддесін қорғайтындар екенін де айтқан жөн. Араларында айтарлықтай келіспеушілік бар. Тіпті, кейде оларды әлеуметтік мәселелер емес, сол аймақтық сипат бір-біріне қарсы қоятындай да көрінеді. Осыдан үш жыл бұрын қарсы жақтар ымыраға келгендей болып, парламент сайлауын өткізген. Сірә соның шешіміне тоқтамақтай болған еді. Онда «Пхые Тхаи» («Таиланд үшін») партиясы жеңді де, заң бойынша парламентте оның жетекшісі Йинглак Чинават (Таксин Чинаваттың туған қарындасы) премьер-министр болып сайланды. Уәжге тоқтаса, енді осы үкіметті мойындауға тиіс еді. Бірақ жеңілген «сары жейделілер» сөздерінде тұрмады. Қарсылық акциясына шықты. Басты тағатын айыбы – сыртта жүрген ағаңның айтқанынан шықпайсың дейді. Ақылға сыя қоймайтындай талап.
Бүгінгі қарсыласуда иман жүзді, шығыстың көркем келбетті қайраткер әйелі премьер-министр Йинглак Чинаваттың қадамдарын құптағандайсың. Оппозицияны келіссөзге шақырды. Олар көнбейді. Айтатындары – отставкаға кет, дейді. Кете алмаймын, халықтың қалауымен келгенмін, оның алдында борышымды өтеуім керек, оның үстіне король де (бұл ел – монархия) жібермей отыр, дейді премьер-министр. Уәж. Демократтар көнбейді. Жаңадан сайлау өткізейік, халық қалауын айтсын, дейді Чинават. Оппозиция тағы көнбейді. Бәрібір ол парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуге мәжбүр болды. Сол сайлауды өткізбеуге демократтар барын салды. Соның салдарынан 2 ақпанда өткен сайлауда 500 учаскенің 28-інде сайлау өтпей, депутат сайланбады. Ең сорақысы – демократтар демократияның басты негізі – сайлауға жұрттың тең құқықтылығын шектеп, халықтың кейбір тобын, атап айтқанда, табысы жоқтарды дауыс беру құқынан айыруды талап етіп отыр. Өйткені, кембағал қауым қарсыластарын қолдайды.
Әрине, мұндай оппозициядан көп нәрсені күтпейсің.
Кекшіл болмаған жақсы дегенмен
Олимпия ойындарына қатысты қазір әңгіме көп. Ол, тіпті, кейде саясатты да шарпып кетеді. Соның бірі – бұл ойындар Ресей мен Грузия арасындағы қарым-қатынастағы тоңды жібітті деген әңгіме. Оның жұрт назарын аударғаны анық.
Сол ойындарға байланысты Ресей басшылығы журналистермен көп кездеседі. Сондай кездесу кезінде грузин журналисі РФ президенті Владимир Путинге «өзінің грузиндік әріптесімен кездесу жоспарында бар ма?» деген сұрақ қойғанда, ол ағытыла жөнелген. Сірә, мұндай сұрақтың қойылуын екі жақ та күні бұрын ойластырған болса керек. «Егер ол қаласа, неге болмасын», деді бірден Ресей президенті.
Путин біраз көсілді: «Олимпия ойындары Грузиямен қарым-қатынасты түзетуге көмектеседі. Мен оған барынша қуанамын және грузин спортшыларына табыс тілеймін», деп бір қайырды. Оның сөзіне қарағанда, бұл ойындар Ресейдің жақын көршісімен ара қатынасын реттеуге алғышарт бола алады. Екі ел ғасырлар бойы жақын қарым-қатынаста болған.
Әрине, Грузия біраз нәрседе Ресейге кіріптар. Әсіресе, экономикасы. Бұл елмен байланыс керек. Оған амалсыз барады. Соңғы кезде сол байланысты орнықтыру жолдары іздестіріліп жатуы да заңдылық, уақыт талабы. Екі ел арасындағы байланыс жайында Владимир Путинге сұрақ қойылуы, оған жауаптың жұрт назарын аударуы да соның бір көрінісі.
Грузия басшылығының оған қалай қарайтынын да күні бұрын болжауға болар еді. Премьер-министр Ираклий Гарибашвили Путинмен кездесуге дайын екендігін айтуға асықса, президент Георгий Маргвелашвили ұсынысты талдап көреміз, жан-жақты ойластырамыз, деумен шектелді. Бұлар байланысты орнықтыруға мәжбүр. Бірақ бұдан шынайы достық орнай қалады деу де қиын. Тіпті, айқара құшақ ашылғанмен, кесілген еттің орны, бітпейтін жара әрқашан ашитын болады.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».