• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Алматыдағы сақ қорғандары жойылып кетуі мүмкін

549 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы «Алтын адам» табылған әйгілі Есік қорғандары жер бетінен мүлдем жойылып кетуі ықтимал. Бұл туралы «Жетінші арна»  хабарлады. Сақ қорғандары жатқан тарихи мекенге ерекше қорғауға жататын мәртебе берілгенімен, соның 90 пайызға жуық аймағы жеке тұлғаларға сатылып кеткен. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, көктем шыға қорғанның бір бөлігі сүріліп, онда құрылыс жұмыстары басталатын көрінеді. «Есік қорғандары төңірегіне мектеп салудың қажеті жоқ. Мен осы мәселеге қатысты наразылығымды жергілікті әкімшілікке айттым», - дейді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Гүлмира Мұхтарова. Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновтің айтуынша, Есік қаласында жер телімі тапшылығынан қорған жанынан мектеп салу жоспарланған. Ал қорық қызметкерлері жергілікті биліктің бұл шешімімен келіспей отыр. Осыдан бір жыл бұрын республикалық бұқаралық ақпарат құралы өкіліне берген жауабында Өңірлік тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының директоры Есет Дәуренбаев былай деген еді: «Есік қорғандары дүниежүзілік ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енгізілуі мүмкін. Сонымен бірге, Жамбыл ауданындағы Тамғалы-Тас петроглифтері мен Сарқанд ауданындағы Қойлық қалашығы,Талғар ауданындағы Талхис қалашығы және Балқаш ауданындағы Қарамерген қалашықтары тізімге енгізіледі. Қазір осыған қатысты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. 2014 жылы мәдени мұраларға арналған ЮНЕСКО -ның тізімін Есік қорғандары толтырар деп үміттенеміз». Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «Жетінші арна». Фото: Zhetysu.gov.kz.