Бүгін, Астанада Есіл аудандық сотында 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген 758 млн.теңгені жымқырды деп айыпталған Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Ол сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап қылғаны және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, сот процесі барысында Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы екі бап бойынша өзіне тағылған кінәні мойындамады.
«Қылмыстық Кодекстің 176-бабы 3-бөлігінің «б», «г» тармақтары бойынша сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап еткені, сондай-ақ, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін Анар Мешiмбаеваны кiнәлi деп тауып, оны 7 жылға жалпы режимдегi колонияда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жекеменшiк мүлкiн тәркiлеу және мемлекеттiк қызметке орналасуға 5 жылға дейiн тыйым салу қарастырылсын», - деп шешім шығарды Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Ақмарал Исаева.
А.Мешімбаеваға қатысты қозғалған қылмыстық іс 2010 жылдың қаңтар айында басталған еді. Сол кезде ол Қазақстаннан кетіп, ізін суытты. Арада төрт жыл өткенде Мәскеуде құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсіп, елге жеткізілді.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.
Фото: Newskaz.ru.