«Бәйтерек» жаңа әлеуметтік жобаны ұсынады. Енді әрбір қазақстандық қаржылық жағдайын жақсарта алады. Толығырақ – сілтемеде...». «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның логотипі мен басқа да нышандарын пайдаланған осындай ақпарат соңғы 1-2 айдың ішінде әлеуметтік желілерде қаптап кетті.
Қазақстандықтарға жаңа мемлекеттік цифрлы жоба арқылы табыс табуды ұсынатын бұл жарнама-жазбалардың жалған екенін холдинг ресми түрде мәлімдеді. Әлеуметтік желілердегі холдингтің атынан жарияланған мұндай ақпараттарды теріске шығарған «Бәйтерек» АҚ баспасөз қызметі мұның барлығы алаяқтардың арандатуы екенін айтып, «Соңғы уақытта логотип және басқа да символиканы пайдалана отырып, холдингтің атынан жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Мұның барлығы жалған ақпарат және холдинг олардың авторы емес. Барлық сенімді ақпарат холдингтің Instagram, Facebook, YouTube, Twitter және Telegram-дағы ресми парақшаларында орналастырылады. Сақ болыңыз, алаяқтардың ақпараттарына алданып қалмаңыздар!» деп мәлімдеме жасады.
Алайда «Бәйтерек» символикасы әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде «жылтыңдап жүр». Тіпті соңғы «жарнамаларына» Мемлекет басшысының суретін салып, дизайнын жаңалап та қойған.
Осыдан кейін біз «Бәйтерек» ұлттық холдингтің баспасөз қызметіне хабарласып, әсіресе Facebook-те жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күн санап көбейіп бара жатқан «фейк» жарнамаға қатысты қандай шара қолданғандары жөнінде сұраған едік. Холдинг бұл сұрағымызға: «Шынында да, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде холдингтің атынан жалған ақпарат беру, оның ішінде «Бәйтерек» тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік жобаны ұсынады» деген сияқты тақырыптарда жарияланымдар көбейіп кетті. Тағы да қайталап айтамыз, бұл ресурстар – алаяқтық әрекеттер. «Мемлекеттік цифрлық платформа» және «Бәйтерек Инвест платформасы» порталдарына және әлеуметтік желілерде осы платформаларды жарнамалайтын посттарға холдингтің ешқандай қатысы жоқ» деп жауап берді.
«Бәйтерек» баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жарияланымдарды теріске шығаратын тиісті түсіндірмелерді олар әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына орналастырып, корпоративтік сайтқа келіп түсетін сұрақтарға да толық жауап берген. «Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің көмегімен Telegram-дағы танымал StopFake.kz фактчек арнасында және бірқатар республикалық БАҚ-та аталған ақпараттың жалған екенін жаздық. Осындай «фишинг» сілтемелер анықталған кезде, Холдингтің ақпараттық қауіпсіздікке жауап беретін комплаенс қызметі «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ға жұмыс тәртібімен осы жалған ресурстарды бұғаттау туралы сұраныс жібереді. Ал олардың ел аумағында жіберілген ресурстарды бұғаттайтын мүмкіндігі бар» делінген ресми жауапта. Холдинг қаскүнемдердің мұндай «фишинг» ресурстарды шетелдік «хостингтерде» өте көп жасайтынын да айтып отыр. «Ішкі істер министрлігі де, МТҚ да, Қазақстанның өзге де құқық қорғау органдары әлемдік желіде бұл ресурстарды жасауға тыйым сала алмайды. Осылайша Facebook және тағы басқалардың жарнама берушілерді алдын ала тексерулеріне сүйенуге тура келеді. Ал олар пайдаланушылардың шағымдарына қарай осы ресурстарды жарияланғаннан кейін бұғаттап, жарнамалауды тоқтата алады», дейді «Бәйтеректің» баспасөз қызметі.
Сонда бұл «Бәйтеректің» артында кімдер тұр? Мұндай «фейк» ақпараттардың қақпанына кімдер көп ілігеді? «Толығыраққа» өткенде қандай мәліметтерге тап боласыз? Цифрлы жобамен ақша табу – алаяқтықтың жаңа түріне айналған ба? Конституцияға сәйкес Қазақстан Президенті – мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы. Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес лауазымды тұлға билікті білдіреді. Ал әлгі «Бәйтеректің» артында тұрған алаяқтардың Мемлекет басшысының бейнесін қолдануы «жүрекжұтқандық» емей немене? Бұл билікті ойыншыққа айналдыру емес пе?
«Сіз қиялдаған барлық нәрсе – шынайы», «Қарапайым халық үшін», «Батылдық танытсаңыз, барлық арман орындалады», «Арманың асқақ болсын»... Әлгі «Бәйтеректің» жоғарыда айтқан жазбасының сілтемесіне бір рет «кіріп» көрсеңіз болды, әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға түрлі жарнама беттерінен осындай «ұрандары» менмұндалап тұрған «жазба» жылтыңдап шыға береді. Ал сілтеме арқылы өтсеңіз бір кездері тиын санап, кедейліктің қамытын киіп отырған жалғызбасты ананың төрт айдың ішінде «өз өзіне сенімді» әрі ауқатты әйелдердің қатарына қалай қосылғаны туралы «қиындыққа толы тағдырымен» танысып шығасыз. Сенімділік үшін әлгі әйел қараша үйде баласын көтеріп тұрған кедей кезі мен қымбат көлікте отырған бақытты сәтінің фотосын да салып қойған. Ұлы екеуінің өмірі соңғы уақытта түбегейлі өзгергенін айтып, біраз «сезімге ойнайтын» «бақытты да бай келіншек» сөзінің соңында бұл олжаға қалай тез әрі оңай қолжеткізуге болатыны жайлы толық нұсқаулықты да жариялайды. Яғни Dar Capital платформасының жұмыс принципін егжей-тегжей түсіндіріп береді. Бір айта кетерлігі, бір түннің ішінде 500 доллар табысының 1300 долларға дейін көбейгенін айтып, «тамсанатын» өзге автордың 2-3 минуттық бейнежазбасында бұл цифрлы платформаның «мемлекеттік» екенін, оның «Қазақстан Республикасының Парламенті, Ұлттық банктің қолдауымен» жүзеге асырылып жатқанын көруге болады. Ал нұсқаулық бойынша платформаға тіркелуші ең алдымен жеке мәліметтері мен шотын тіркеуден өткізуі қажет. Осы тұстан-ақ бұл «жарнаманың» жалғандығы мен жарға жығатынын бірден түсінуге болады. Өздерін «әлеуметтік жоба» деп атайтын Dar Capital платформасының сайты «Бұл ұсыныстың қарапайым халық үшін пайдасы қандай?» деген сұраққа жауаптарын да жариялап қойған. Ол – біріншіден, «аз ғана тәуекелмен үлкен пайда табу», екіншіден – «ең тиімді активтердің бірі», үшіншіден – «қаражатты Қазақстан банкінің кез келген картасынан жылдам алу мүмкіндігі».
Интернет алаяқтықтығына қатысты қылмыстардың күн сайын түрленіп, өзгеріп отыратынын ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов апталық брифинг барысында да айтқан болатын. ІІМ-нің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде 11 мыңнан астам интернет алаяқтық жасалған. Департамент өкілі халық арасында алаяқтықтың түрлі тәсілдері туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жүргеніне қарамастан арам ниеттілердің азаймай тұрғанын айтады.
Мәселен, елімізде жыл бойы «Хай-тэк» операциясы бірнеше рет өткізіледі. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет алаяқтықтығына қатысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған жедел іс-шара кезінде интернет пайдаланушыларды алдауға қатысты көп факті анықталып жатады. Соның ішінде өзгелердің дербес деректерін пайдалана отырып, микроқаржы ұйымдарында онлайн несие рәсімдеу, жалған хабарландырулар орналастырып, белгілі бір қызмет түрін ұсыну арқылы ақша табу өте жиі тіркеледі екен. «Хай-тэк» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде республика аумағында барлығы биыл 200-ден астам құқық бұзушылық анықталса, оның басым бөлігі, яғни 190 факті интернет алаяқтыққа қатысты.
«Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі интернет алаяқтары мен қаржы пирамидаларының құрбандары тез байып кетуді аңсайтындар екенін көрсетіп отыр. Адамдардың көбі салымдардың жоғары кірісіне үйіп-төгіп уәде беретін агрессивті жарнамаға қарсы тұра алмай қалады. Бұған қарапайым халықтың соқыр сенімін қаржылық сауатсыздығын қосыңыз. Өздерін жоғары табысты инвестициялар саласындағы табысты компаниялар ретінде көрсету – интернеттегі алаяқтық пен қаржы пирамидаларының кең таралған түрі міне, осы. Бұл компаниялар «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «инновациялық жоба» сияқты танымал және тартымды атауларды өте ұтқыр пайдаланады. Сонымен қатар олар өте тиімді жобаларға, қор биржаларына немесе тиімді өндіріске ақша салуды ұсынады. Өкініштісі, қазіргі таңда интернетті жаулап алған мұндай нұсқа өте көп. Бірін бұғаттап, көзін жойып жатсаң, ертесі басқа бір түрі шыға келеді», деген Санжар Әділов жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын да еске салып өтті.
Рас, қазір ақпараттың көптігінен сараптауға уақытымыз жоқ. Байыбына бармай жатып, оңай әрі тез баюға ұмтыламыз. Ал түбіне терең бойласаң, бәрі басқаша...Тұнып тұрған алаяқтық пен алдап-арбау. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» демекші, тегін ақшаны ешкім басыңнан төмен төге салмайтынын қашан түйсінер екенбіз осы...