Алматының тұмса табиғаты кез келген туристі баурап алуға қауқарлы. Ол үшін туризмнің тынысын ашып, арнасын кеңейту қажет. Бұл ретте қызмет көрсету сапасын заманауи стандарттар деңгейіне көтеріп, ақпараттық насихат жұмыстарын бір жүйеге келтірудің маңызы зор. Қуантарлығы, жеке инвесторлар өлкенің туристік инфрақұрылымын дамытуға миллиардтап қаржы құюға дайын.
Жеке инвесторлар бұл бағытта 24,5 млрд теңге құюға даяр екенін жеткізді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Іле-Алатау ұлттық паркіндегі инвесторлармен кездесуінде белгілі болды. Кездесу орны кездейсоқ емес, өйткені дәл осы ұлттық парктен экологиялық туризмді дамыту тәсілдерін қайта қалыптастыру жобасы басталған болатын.
Сапар барысында министр ұлттық парктерде экотуризмді дамыту басым бағыттардың бірі екенін, ал Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Kazakh Tourism базасында Алматы тау кластерінің біріктірілген жобалық кеңсесі барлық мүдделі тараптың жұмысына синергетикалық әсер бергенін атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдардың Kazakh Tourism компаниясының белсенді қатысуымен үйлесімді жұмысының нәтижесінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы өңірінің ұлттық парктеріне экотуризм бойынша өз жобаларын табысты іске асыратын стратегиялық инвесторларды тартты. Олардың бірі – Іле-Алатаудағы «Аюсай» визит-орталығы, ол іс жүзінде ақпараттық пункт ретінде ғана емес, білім беру, мәдени және корпоративтік іс-шараларды өткізу орны ретінде де жұмыс істей алатынын көрсетті», деді Ақтоты Райымқұлова.
Еске салсақ, жыл басында жеке инвесторлар Іле-Алатауында визит-орталығын ашып, мұнда «Тамыр» жабайы табиғаттағы өмір сүру мектебі жұмыс істей бастаған болатын. Кездесуде кәсіпкерлер тұрақты туризмге баса назар аудара отырып, «Алтын Емел», «Шарын» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде жұмсақ және экологиялық таза инфрақұрылымдарды жүзеге асыру жобаларын таныстырды.
«Біз ұлттық парктерге инвестиция сала отырып, ең алдымен экологияны сақтауға және туризм есебінен ауыл халқының өмір сүру деңгейін дамытуға мүдделіміз. Бұл күн тәртібі аса маңызды деп санаймыз. Сондықтан Алматы облысының әкімдігіне, Kazakh Tourism жобалық кеңсесіне және Экология министрлігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқымыз келеді», дейді «Шарын» және «Алтын Емел» ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамыту жобасының жетекшісі Жәнібек Әлкеев.
Айта кетсек, Kazakh Tourism базасында Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі біріккен жобалық кеңсеге Алматы қаласы мен облыс әкімдіктерінің, сондай-ақ өңірдегі төрт ұлттық парктің өкілдері кіреді.